Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматыда жолаушылар автобусы көпірден құлады: Жүргізушілер не болғанын айтып берді

Алматыда жолаушылар автобусы көпірден құлады: Жүргізушілер не болғанын айтып берді

Алматыда автобус көпірден құлады. Үш жүргізуші "Сайран" вокзалына бүкіл адамды түсіріп, автотұраққа жол тартқан екен. Айналма көпірге келгенде алдындағы су шашатын коммуналдық көліктен айналып өтпек болғанда, апатқа ұшыраған. Салдарынан автобустың сау тамтығы қалмаған. Жүргізушілер оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Іші 50 адамға лық толы автобус күні кеше сағат алты жарымдар шамасында Түркістан облысы, Кентау қаласынан шыққан. Таңғы алтыларда Алматыдағы «Сайран» автовокзалына бүкіл жолаушыларды түсіріпті. Сөйтіп, бір-бірін ауыстыратын үш бірдей жүргізуші демалу үшін автотұраққа жол тарттық, дейді. Райымбек және Сайын көшелерінің қиылысындағы көпірге келгенде аяқасты астыға сырғып түскенін айтады, 
Төрт метрлік көпірден тура тұмсығымен жерге тірелген автобустың түгі қалмаған. Жақын маңдағы тұрғын үйдің жұрты да қатты дүрсілден шошып ояныпты. Әйтеуір жүргізушілер жапатармағай қоғамдық көліктің жүк салғышынан ауыр-ауыр жәшіктерді шығарып жатқанын көрген. Ішінде жолаушылар болмағанына қуандық, дейді.
Тура көпірдің астында тәулік бойы істейтін жанармай бекеті орналасқан. Ондағылар бәрін көрген екен. Әуелі су шашатын коммуналдық көлік жүрген. Артынан автобус қатты жылдамдықпен айналып өтпек болыпты. Бірақ жүргізушілер біздің жүгенсіздігімізден емес, жолдағы суға тайып, құзға аударылдық, деп сендіруде. 
«16 адам түсіріп келе жатқанбыз. Жолды шаю үшін су шашқан екен. Сонымен, қызып келе жатқан баллон тоқтай алмай, сырғып, аударылып кетті. Қатты жылдамдықпен келе жатпаған едік», - дейді жүргізуші Қанат Ташболат. 
Ішіндегі үш жүргізушінің рөлде отырғаны жарақат алыпты. Алайда медициналық көмектен соң оқиға орнына келген. Дәрігерлер өміріне еш қауіп жоқ екенін айтады. 
«Оң қолының білек буынының байламы созылуы диагнозы. Ол кісіні толық тексердік. Рентген жасадық. Амбулаторлық емдеу нәтижесінде үйіне қайтарылды», - дейді травматолог дәрігері Жасұлан Арғынбаев.
Сөйтсе, бұл автобус елді заңсыз тасымалдайтынға ұқсайды. Еш жерде тіркеуде емес. Бүкіл вокзал қызметкерлері қазір осындай қоғамдық көліктермен соңғы екі жылдан бері күресіп келеді екен. 
«Шығатын жері заңсыз. Базарлардан, белгісіз орындардан шығады. Жүргізушілерді ешкім тексермейді. Заңсыз жүріп жатыр. Себебі салықтан, билеттен қашады», - дейді «Үшқоңыр» автовокзалының директоры Батыржан Еңдібаев.
Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алматының су жаңа әкімі Сағынтаевтың өзі полиция департаментіне істі мықтап қадағалауын тапсырып отыр.
Еске сала кетсек, Алматыда жолаушылар автобусының көпірден құлап кеткенін хабарлаған едік.
https://stan.kz
02 шілде 2019 ж. 458 0