Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шетелден келген балалар Қазақстан бойынша саяхатқа аттанды

Шетелден келген балалар Қазақстан бойынша саяхатқа аттанды

Бұл сапар осы жылғы екінші саяхат және осы жолы да 200 бала Қазақстанның көрікті және тарихи орындарын аралау мүмкіндігіне ие болады. Жобаның екінші маусымының өзіндік ерекшелігі бар. Себебі бұл жолы саяхатқа Қазақстаннан жырақ тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары барады. Бұл «Отандастар Қоры» КеАҚ-мен серіктестік негізінде мүмкін болды. Бұдан бөлек, екінші туристік пойыз жолаушыларының қатарында 2019 жылдың 17 мамыр мен 15 маусым аралығында ұйымдастырылған шығармашылық байқау жеңімпаздары да бар.
Саяхаттың алғашқы күні балаларға арналып Назарбаев Университетінде экскурсия ұйымдастырылды, сонымен қатар, олар ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында серуендеп, «Нұр-Әлем» мұражайын аралады. Балалардың көбі үшін бұл елордаға алғаш келулері, олар жас қаланың сұлулығына тамсанып, тарихи отандарының географиясы мен көрікті орындарын аралауды тағатсыздана күтетіндерін атап өтті. 
«Мен Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келіп тұрмын. Мен мұнда осынша биік және жаңа ғимараттар болатынын және басқа елдерден келген жаңа достар табатынымды күтпедім ЭКСПО аумағында өткен экскурсия кезінде мен қазақтың ежелгі дәстүрлерімен таныстым, олардың көбі маған таныс болды, бірақ кейбіреулері жайлы мен алғаш рет осында естідім», - деп алған әсерімен бөлісті, Қырғызстаннан Қазақстанның астанасына алғаш рет келген Эльдар Гапаров.
Нұрсұлтан Чигажановтың жасы 15-те, ол Ресейден келді. 
«Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын, бұл жобаға шығарма байқауында жеңіске жетіп қатысып жатырмын. Елордада маған Назарбаев Университеті мен ЭКСПО көрмесі ұнады. Мен елдің жақсы көгалдандырылғандығына таң қалдым, ал түнгі Нұр-Сұлтан қаласы ерекше әдемі. Қазақстан менің тарихи отаным, мұнда менің ата-бабаларым өмір сүрген. Мен Ресейде туып өстім, бірақ қазақ тілін білемін және болашақта Қазақстанға оралуды жоспарлаймын. Бұл сапар кезінде мен ата-бабаларымның өмір сүрген жерлерін көріп, тарихпен жақынырақ танысқым келеді», - дейді ол. 
Әлеуметтік жобалар қорының директоры Ербол Кеңгербаев шетелден келген қонақ балаларды қарсы алып, оларға қызықты саяхат тіледі: 
«Бүгін Қазақстаннан және шетелден жиналған балалар бірігіп, бір команда болады. Бізге Беларусь, Ресей және Қырғызстан сияқты елдерден барлығы 25 бала келді. Бұл саяхаттың әр баланың өмірінде ұмытылмас бір естелік болып қалатынына сенемін, және оларда Қазақстанды аралау мүмкіндігі пайда болғанына қуаныштымын», - деді Ербол Кеңгербаев. 
Жолға шықпас бұрын жобаның қалыптасқан дәстүрі бойынша балалар Нұр-Сұлтан қаласының темір жол вокзалында флешмоб ұйымдастырды. Алдағы тоғыз күн бойы балалар тарихи ескерткіштерді, ойын-сауықтық орталықтарды және үлкен мегополистердің заманауи биік ғимараттарын тамашалап, естен кетпес демалыс өткізеді. Қалаларда саяхаттаумен қатар балаларды сапар барысында қызықты бағдарлама күтеді: зияткерлік ойындар, спорттық жарыстар, ағылшын тілі курстары, шығармашылық, музыкалық және би үйірмелері.

Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні «Туған елге саяхат» Балалар туристік пойыз» жобасының бірінші маусымы басталған болатын. Барлығы 2019 жылдың жазында 3 сапар ұйымдастырылады – соңғысы 1 тамызға жоспарланған. Жоба балалардың жан-жақты дамуына, қоршаған әлемге қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. 
Пойыз бағдарына Нұр-Сұлтан, Байқоңыр, Тараз, Алматы және Балхаш қалалары кіреді.
03 шілде 2019 ж. 845 0