Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекшин: Ұйқысы қанбаған баланың сабақтағы жұмыс қабілеті 30% төмендейді

Бекшин: Ұйқысы қанбаған баланың сабақтағы жұмыс қабілеті 30% төмендейді

Оқушының денсаулық жағдайы, оқу бағдарламасын меңгеруі дұрыс ұйымдастырылған күн режиміне байланысты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен оқушылардың оқу жылына дайындығы туралы баспасөз конференциясында айтылды. 

Баспасөз конференциясына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин қатысты. 
Мектепке дайындық қарсаңында ата-аналардың міндеттерінің бірі - мектеп формасын, аяқ киім және оқушылар сөмкесін дұрыс таңдау. Осы орайда жүн, мақта, жібек сияқты табиғи талшықтардан жасалған және бала денесінің дем алуы, аллергиялық реакцияларды тудырмау үшін ең жақсы гигиеналық қасиеттерге ие вискоздарды таңдау ұсынылады. 
"Балаларды оқу жылына дайындау - өзекті мәселе. Ата-аналар қандай мектеп формасын таңдау керектігі туралы алаңдайды. Мектеп формасын дұрыс таңдаған кезде оқушы өзін жақсы сезінеді. Мектеп формасы қимыл-қозғалыс жасауға кедергі жасамайтындай ыңғайлы болуы керек", - дейді Жандарбек Бекшин. 
ҚР Бас медициналық санитариялық дәрігері оқушы киетін аяқ киім туралы да айтты. 
"Сонымен қатар, ауыстырып киетін аяқ киімі болуы керек. Ең ыңғайлысы - табиғи былғарыдан жасалған аяқ киім. Аяқ киімнің табаны икемді болуы керек. Жоғары сынып оқушылары өкшелі аяқ киім кигені дұрыс. Өкшесіз аяқ киім жалпақ табан болуға және омыртқааралық жарықтың қалыптасуына себепші болады. Аяқ киім де аяқты қатты қыспауы керек", - дейді ол.
Сондай-ақ, оқушылардың денсаулық жағдайына ұйқының ұзақтығы мен сапасы, тамақтану және қозғалыс белсенділігі әсер етеді. 
"2-2,5 сағатқа ұйқысы қанбаған баланың сабақ оқу қабілеті 30% төмендейді. Баланың көп қозғалып, таза ауада серуендеуіне ерекше көңіл бөлген жөн", - дейді Жандарбек Бекшин.
https://baq.kz
01 тамыз 2019 ж. 1 165 0