Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкер деп кімді айтып жүрміз?

Кәсіпкер деп кімді айтып жүрміз?

         Таң атысымен салқын ауамен терең тыныстап жұмысқа қарай жүріп келемін. Ойымнан «Қандай кәсіп бастасам, ол үшін алдымен қандай әрекет жасауым керек?» деген сұрақ бір шығар емес. Қалың ойға шомып кеткен болуым керек, жанымнан өте шыққан көлікті де байқамай қалыппын. Әлгі көлік өтіңкіреп барып тоқтай қалды. Бойымды тоқ ұрғандай дереу ес жиып алдым да, көлікке беттедім. Танысым екен.         – Отыр, базарға жетіп қал, – дейді ол. Менің де күткенім осы ғой. Дереу алдына жайғастым да, амандық-саулық сұраса кеттік. Өзі мені «писатель» деп айтып қоятыны бар. Бәлкім, ойында қоғамның өзекті мәселесі мен бизнес қатар жүретін болар.
         – Осы қала ішінде құмырсқадай қаптаған мына көліктердің қозғалыс ережесі мен бір-біріне деген сыйластығын неге жазбайсыңдар, – деп тың тақырып тастағандай болды. Менің ойым әлгі кәсіпкерлік жайында.
         – Оныңыз жөн, – деп қысқа қайырдым мен. Көлік ішінде сәл үнсіздік орнаған соң, әңгімені басқа жаққа бұра кеттім.
         – Кәсіпкер деп кімді айтып жүрміз осы? – дедім сонан соң. Сәл ойланып қалды да:
         – Өнім өндіріп, оны халыққа қолайлы бағамен ұсынатын, сол арқылы ақша табатын адамды кәсіпкер демей ме, – деді ол. Осы жауапты күткендей сәл езу тарттым да:
         – Сонда мына базарда тұрып шай мен май, киім мен тамақ, дәрі мен сусын сатып тұрғандарды кім деп айтамыз? – дедім мен.
         – Ой, олар коммерсанттар ғой. Қазіргінің тілімен айтсақ алыпсатарлар.   – Бұлардың да кәсіпкер деген куәлігі бар ғой.
         – Иә, олар да тиын табамын деген ниетпен мұздыаяқ болып жүр ғой. Бірақ өз басым бұларды кәсіпкер деп айта алмаймын, – деді.
         Әңгіме бұзау емізер. Әлгі танысым әңгімесін жалғаса да, жұмысын тиянақты орындап жатыр. Мені жұмысқа жеткізем дегенше Жақсықылыш пен Сексеуілге жүретін жеңіл көліктерге бір-бір қорап дәмді нан салып жіберді. Жанұялық кәсіпке ден қойған ағамыздың күнделікті жұмысы солай. Отанасы үйден нан пісіреді, ал ағамыз оны қолайлы бағамен дүкендерге таңертесімен таратып шығады. Тапсырыс болған соң күндегі жұмыс сол. Бәлкім кәсіпкер дегеніміз осындай жандар шығар.
         Хош... Мен соңғы күндері өзімді мазалап жүрген сұрағыма әлі де толыққанды жауап таба алмай жүрмін. Негізі кәсіпкердің кім екенін білгеннен маған айтарлықтай келіпкетер пайда жоқ. Тек қазіргі жұрт қоғамда сәнге айналған «кәсіпкер» деген атаудың кімдерге қарата айтылатынын біле жүрсе дейміз.
         Жалпы, қай істі жасай білсең, береке сонда. Сауда саласында жүріп ұшпаққа шығып жатқандар қаншама? Өзі өнім өндіріп, өркен жайғандар ше? Қайсысын алсақ та, қоғам көшінен қалысар емес. Сонда біз халыққа қызмет көрсеткеннің бәрін кәсіпкер дей береміз бе? Түсіне білгенге кәсіп те ақылмен жұмыс істейтін өзекті әрі жауапты сала. Жеке кәсіпкерлікке азаматтардың өз атынан мүліктік жауапкершілікке негізделе отырып жүзеге асыратын дербес бастамалық қызметі.
         Жеке кәсіпкер әдетте кәсіпорынды өзінің меншікті капиталымен қаржыландырады, барлық тәуекелді өзінің мойнына алады және осы қызметке байланысты өзінің міндеттемелері бойынша барлық мүлкімен жауап береді» деген сипаттама беріледі. Демек, кәсіпкер өзін-өзі жұмыспен қамтушы және өзгені де. Кәсіпкерлік деген ұғым – үлкен жұмыс.
         Кәсіпкерге тектен-текке бір теңге де келмейді. Әдіс, айламен келген қаржыда береке болмайтыны тағы да түсінікті. Кәсіпкерлік тиіпқашпалық пен сылдыр сөздің қолы емес. Ондай бизнесмендердің көбi орта жолға жетпей қалғанын көріп жүрміз. Алайда біздің бүгінгі көріп жүрген кәciп жасаушылардың мықтылары дүкен ашып, алдындағы заттың бағасын есептегіш құрылғыға салып, шытырлатып ақша санаудан әріге бармай тұр. Бір сөзбен айтқанда, алыпсатарлардан үлкен кәсіпкер жасап алдық. Мұндай жұмыстың түр-түрі жетіп артылуда. Былай айтқанда, күректеп ақша тапқандардың барлығы біз үшін кәсіпкер болды. Сондықтан болар, жастың да, жасамыстың да кәсіпкер болуға ұмтылатыны. Ал өзі өнім өндіріп, маңдай терімен нан тауып жүргендер ше? Олардың абырой беделі тасада қалғаны ма сонда?
         «Бизнес әлемінде табыстың тек екі ғана түрі бар: ақша мен тәжірибе. Бірінші кезекте тәжірибе жинаңыз, ал ақша кейінірек келеді» деген сөзі бар ITT Corporation-ның бұрынғы жетекшісі Гарольд Гениннің. Меніңше, бір затты арзан жерінен алып келіп, оның үстіне қалаған бағаны қойып өзгеге сатып, пайдаға кенелуге айтарлықтай тәжірибенің керегі жоқ сияқты. Тек тынымсыз еңбек болса болғаны. Ал шынайы бизнес ол уақыт өткен сайын толысқан тәжірибе арқылы келмек. Қазақстанға белгілі Марғұлан Сейсембай есімді кәсіпкердің мына бір сөзін мысалға келтірейік. «Менен бүкіл байлығымды тартып алса да, қиналмаймын. Себебі кез келген уақытта, кез келген жерде қалай ақша табу керектігін білемін», – дейді ол. Яғни құр қағазға ақша деп құнықпай, ең басты байлығы ақыл мен іскерлік бағыттағы тәжірибесі екенін алға тартады. Біз бизнесменнің осы сөзіне қарап, кәсіпкерлік саласына үлкен ақыл мен тәжірибе керектігін анық аңғарамыз.          Бір өнімді өндіріп уақыт өткен сайын оның сапасы мен пішінін жетілдіре түсу арқылы табысты еселеуге болады. Сол секілді менің түсінігімдегі кәсіпкер – өнім өндіруші және оның ауқымын кеңейтуші заңды тұлға. Саудагер мен кәсіпкердің айырмашылығы жер мен көктей. Ал ел дамуын еселейтін негізінен саудагер емес, кәсіпкер екенін естен шығармау керек.
Алтынбек Бисенов
13 тамыз 2019 ж. 2 634 0