Үсік жүреді: синоптиктер дабылды ескерту жариялады
Қазақстанның үш облысында күн суытуына байланысты дабылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"1-3 қыркүйек аралығында түнде Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде топырақ бетінде 1-3°С үсік жүреді", - делінген "Қазгидромет" РМК хабарламасында.
Еске сала кетсек, кеше Нұр-Сұлтан қаласында қатты жел тұрды. Табиғаттың тосын мінезінен ағаштар құлап, көліктерге зиян келді. 30 тамызда елордада желдің күші секундына 20 метрге жеткен.
Бұған дейін синоптиктер күздің алғашқы айындағы ауа райына болжам жасаған еді. Қыркүйек айының басында арктикалық ауа массасы әсерінен елдің солтүстік-батысы мен орталығында ауа райы жауын-шашынды болады. Батыс пен орталықта 22 градусқа дейін жылы болады деп болжанып отыр. Ал оңтүстік пен шығыста жаңбыр көп жауады. Ауа температурасы төмендейді.