25 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі
1928 жылы Қызылордада «Ленинская смена» атты жастар газетінің (қазіргі «Экспресс-К» республикалық газеті) алғашқы саны жарық көрді. 1937 жылы Алматыда қалалық хайуанаттар бағы ашылды.
Бүгінгі күні хайуанаттар бағында 3 мыңнан астам жануар мен құстардың 500 түрі бар. Ол қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын және көз тартатын орындарының біріне айналды.
1947 жылы Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.
2005 жылы Шымкент археологтары Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданында көне жазба ескерткіштерінің бөлшектерін тапты.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жәдігерлер біздің дәуіріміздегі І-VI ғасырлардан жетіп отыр. Сол дәуірде Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде қыш тақталарға жазу тәсілі кеңінен тараған. «Мирас» университетінің археологиялық отряды күйдірілген қыш тақтасын Арыс өзені алқабында орналасқан Қылымжар деген жердегі көне қоныстан тапты. Табылған қыш тақтада төрт қатар етіп жазылған 15 таңба анық көрінеді.
2012 жылы Мемлекет басшысының шешімдері мен маңызды оқиғалар туралы жедел ақпараттандыру мақсатында AkordaPress сайтында Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты (twitter.com/AkordaPress) ашылды, онда Нұрсұлтан Назарбваевтың қатысуымен өтетін шаралардың аңдатпасы жарияланады.
Мемлекет басшысының ресми сайты және Президенттің баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты Мемлекет басшысы және Президент Әкімшілігі қызметі туралы ақпараттардың тең дәрежедегі және бірден-бір ресми көздері.
2012 жылы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына сәйкес Алматы қаласының аумағы өзгертілді. Оның құрамына Алматы облысына қарасты 11 920,93 гектар жердің, соның ішінде 8 360,52 гектары Қарасай ауданына және 3 560,41 гектары Талғар ауданына тиесілі бір бөлігі енгізілді.
2015 жылы жас геологтар Әнел Тынысбек, Қаламқас Жағыпарова және Аружан Нұрұлла Сан-Паулода (Бразилия) өткен Жер ғылымы бойынша (International Earth Science Olympiad - IESO) халықаралық олимпиадада жүлделі орындар алды. Оған 20 елдің мыңнан астам жас геологтары қатысты.
2015 жылы ҚР Ұлттық архивінде қазақ мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына арналған «Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» архивтік құжаттар көрмесінің ашылуы өтті.
https://www.inform.kz/kz/25-kyrkuyek-kazakparat-kuntizbesi_a3567640