30 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі
Мемлекет басшысының 2012 жылдың 20 қазанындағы №164 Жарлығымен әділет органдары қызметкерлерінің күнін атап өту белгіленген болатын. Дүниежүзілік аударма күні (Аудармашылар күні)
1991 жылы Халықаралық федерация (FIT) 30 қыркүйекті Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.
1919 жылы Кирревкомның мәжілісінде әскери-революциялық комитеттің мүшесі А.Б. Байтұрсыновтың әділет басқармасын құру қажеттілігі туралы баяндамасы тыңдалып, Кирревком әскери-революциялық комитет жанындағы әділет басқармасын құру туралы қаулы қабылданды. Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің жарлығымен әділет бөлімі құрылды. 1920 жылы «Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналының алғашқы саны жарық көрді. Әр жылдары журнал әртүрлі атаулармен шыға бастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін журнал «Мысль» деп аталды.
Басылым беттерінде шолулар, мақалалар, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру туралы очерктер, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа жолдаулары және т.б. жарияланып тұрды. Сыбайлас жемқорлыққа, қылмысқа, нашақорлыққа қарсы бағытталған материалдар үнемі жарияланып отырған. Әсіресе экономика және құқық саласындағы ғалымдардың мақалалары ерекше орын алады. Қазақ тілі, мәдениеті, тарихы, дәстүрлері мәселелеріне көп көңіл бөлінді.
1992 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастар үшін Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады. 1996 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.
2011 жылы Ақтауда қала күніне орай Ынтымақ орталық алаңында Құрманғазыға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Атқа отырған күйшінің мүсіні таза қоладан жасалған. Тұғырымен қоса есептегенде, ескерткіштің жалпы биіктігі 11,7 метрді құрайды. Ескерткіштің авторы - танымал мүсінші Көшер Байғазиев. 2011 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Польша және Германия теміржол ведомстволарының өкілдері Чунцин қаласында (Оңтүстік-Батыс Қытай) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжаттың мақсаты – Чунцин-Синьцзян-Еуропа теміржолында тұрақты қозғалыс ашу және жаңа еуразиялық құрлықтық «көпірдің» бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты жандандыру.Теміржол Чунциннен басталып (Оңтүстік-Батыс Қытай), Алашанькоу стансасында (ҚХР СҰАА) Қазақстанның теміржол магистралімен жалғанады. Содан кейін Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша аумақтары арқылы Германиядағы Дуйсбургпен қосылады.
2013 жылы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі мен Испанияның «EFE» халықаралық ақпарат агенттігінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«ЕҒЕ» - Associated Press, United Press International, Thomson Reuters және Agence France-Presse сияқты агенттіктермен қатар халықаралық ақпарат агенттіктерінің «үлкен бестігіне» кіретін испан тіліндегі әлемдегі жетекші ақпараттық-жаңалықтар агенттігі.
Агенттіктің өз жаһандық тілшілер желісі бар, онда оқиғаларды әлемнің 120 елінен тәулік бойы жариялауға мүмкіндік беретін 3000-нан астам мамандар жұмыс істейді.
2014 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ватикан мұрағатынан табылған туындылардың фотокөрмесі ашылды. Ватикан мұрағатынан Қазақстан тарихына қатысты баға жетпес деректер табылды. Құнды жәдігерлерді Италия елінің Рим қаласына барған ғылыми зерттеу тобы анықтады.
Зерттеу жұмыстары Ватикан мемлекетінің мұрағаттары мен кітапханаларында жүргізілген. Екінші зерттеу тобының құрамында Колумбия университетінің тарих ғылымдарының профессоры Рафис Абазов пен «Қазақстан тарихы мен әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының оқытушысы Кармине Барбаро болды.
Тарихшы профессор Рафис Абазовтың айтуынша, зерттеу барысында Ватиканның құпия мұрағатынан қазіргі Қазақстан территориясы бедерленген 6 бірегей карта мен 13-15 ғасырларда Рим папасының түрік қағанына жазған хаты табылған.
Карта 1684 жылы жасалған.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының Көрме залында Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан исламның ұлы ғалымдары еңбектерінің кітап көрмесі ашылды. Бұл шара «Алматы - ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында өтті. Көрмеде 12-18 ғасырлардағы Құранның ежелгі қолжазбалары, XVI ғасырдағы Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтері», Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Джами, Физули сынды шығыс авторларының ислам діні мен поэзиясына арналған қолжазбалары қойылған. Қолжазбалар мен кітаптар шағатай, араб және парсы тілдерінде ұсынылды.
2015 жылы Google-дің белгілі видеоплатформа нұсқасы - YouTube-тің қазақстандық нұсқасы іске қосылды. Ол қазақстандық интернет пайдаланушыларға youtube.kz доменінде араласуға, видеомен бөлісуге мүмкіндік береді.
2016 жылы KazSTSat жобасы Гвадалахара қаласында (Мексика) өткен Халықаралық астронавтика конгресінде (ХАК-2016) үздік деп танылды. «Шағын ғарыш аппараттары» сессиясының барлық қатысушыларын KazSTSat Earth жерді қашықтықтан зондтау серігі, жобалау, құрастыру және сынау процестері қатты қызықтырды. Сондай-ақ, толық жобаланған, құрастырылған және қазақстандық инженерлер сынақтан өткізген көпфункциялы борттық компьютер, эксперименттік оптикалық камера және күн сенсоры сынды технологиялық пайдалы жүктемелер үлкен әсер қалдырды.
https://www.inform.kz/kz/30-kyrkuyek-kazakparat-kuntizbesi_a3569679