Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім министрі көпбалалы аналар квота алу үшін не істеу керектігін түсіндірді

Білім министрі көпбалалы аналар квота алу үшін не істеу керектігін түсіндірді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов көпбалалы аналарға квотамен грант беру бастамасын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде білім беру гранттары таратылғанда мүгедектерге, я болмаса, жетім балаларға квота беріледі. Тура сондай квота көпбалалы аналарға да бөлінетін болады.
"Мысалы, көпбалалы ана оқуға түсемін, грант аламын десе, құжаттарын тапсырады. Сол адамдарға арналған квота болады. Квотаның ішінде олар орынды жеңілдікпен алады. Бірақ оны алу үшін де ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру керек. Ол – бір. Екіншіден, шекті балды жинау керек. Сонда ғана квотаға тапсыруға болады. Дегенмен, квотаға тапсырған адамдар да өзара бәсекеге түсіп, грант үшін таласады", - деді Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әзірше ондай квотаға үлкен сұраныс жоқ. Бұл дегеніміз, оқуға түсемін дейтін көпбалалы аналар аз. Осыған байланысты әзірше квотаның көлемін 1 процент деңгейінде (барлық мемлекеттік тапсырыстың есебінен – Sputnik Қазақстан) бекіту қарастырылып отыр.
"Енді, бүгінде бұл квотаға үлкен сұраныс жоқ. Бірақ көпбалалы аналармен кездескенде осындай ұсыныстар түскен. Жалпы, қазір көпбалалы аналарды жұмысқа тартуымыз керек, оларға білім беруіміз керек деп айтып жатырмыз ғой. Сондықтан осы тұрғыда көпбалалы аналар оқимыз десе, біз ондай мүмкіндік беруге дайынбыз", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Айта кетейік, мәжілісте "Педагог мәртебесі туралы" заңды таныстырғанда білім министрі халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған квотаның бөлінетінін айтқан. Ондай жеңілдікке көпбалалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, "Алтын алқа" мен "Күміс алқамен" марапатталған аналар ие болады.
Қазіргі кезде білім гранттарын таратқанда мүгедектерге, жетім балаларға, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға және өзге елден келген қандастарымызға квота беріледі. Биыл көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға да қосымша 5 000 грант бөлінген болатын.
01 қазан 2019 ж. 709 0