Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

Зорлыққа қарсы халықаралық күн
БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан 2007 жылғы 27 маусымда (БҰҰ A/RES/61/271 қарары) белгіленді. 2007 жылдан бастап жыл сайын 2 қазанда күш қолданбау философиясының негізін қалаушы Махатма Гандидің туған күнінде атап өтіледі.
Осы халықаралық күннің мақсаты, Бас Ассамблеяның қарарында айтылғанындай, бейбітшілік, төзімділік, түсіністік және күш қолданбау мәдениетін бекітуге қол жеткізу. Қарар барша адамды осы күнді тойлауға шақырады.
Халықаралық әлеуметтік педагог күні
2009 жылдың мамыр айында Копенгагенде әлеуметтік педагогтардың XVII Халықаралық конференциясы болып өтті. Бұл шараға 44 елдің өкілдері қатысты. Конференция барысында барлық әлеуметтік педагогтардың халықаралық мерекесін бекіту шешімі қабылданды.
1982 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр құрылды. Оркестр ғасырлар бойы баға жетпес мәдени мұра боп келе жатқан қазақ ұлттық музыкалық аспаптарының бай қорымен танысу мүмкіндігін береді.
«Отырар сазы» оркестрінде домбыра мен қобыздан тыс жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ сияқты соқпалы аспаптардың дауысынан сусындауға болады.
1991 жылы Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров КСРО ғарышкер-ұшқышы Александр Волков, Австрия Республикасының азаматы Франц Фибек үшеуі «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Сонымен қатар осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағынан республиканың Ұлттық аэроғарыштық агенттігін құру туралы жария етті.
1992 жылы ТМД-да жаңа үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны - Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты ашылды (КИМЭП). 2009 жылы Қазақстан ашық дауыс беру жолымен 2 жыл мерзімге Стандарттау жөніндегі халықаралық кеңеске сайланды.
Қазақстанның кандидатурасы ИСО Кеңесіне АҚШ, Жапония, Израиль, Австрия, Польша, Оңтүстік Африка Республикасы және тағы басқа елдердің аттарынан ұсынылды. «ИСО Кеңесінің жұмысына атсалысу біздің елімізге және орталықазиялық өңірдің барлық еліне халықаралық стандарттау саласындағы стратегияларды талдауға және қалыптастыруға, жаһандық мәселелерді шешуге қатысты өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік береді». Ұйым 700-ден астам халықаралық ұйыммен ынтымақтастықта және әлемнің 162 елінің басын қосып отыр. Ал ИСО Кеңесіне 18 ел кіреді.
2013 жылы Алматыда Қазақстан киноакадемиясының ресми түрде ашылуы өтті.
2013 жылы Астанада «D'arts» саңырау актерлардың тұңғыш кәсіби театры ашылды. Бүгінгі таңда труппа мүкіс және нашар еститін сегіз актердан құралған.
2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқаруындағы Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының республикалық әскери мектеп-интернаттары ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді. Ал бұл мектептердің тәрбиеленушілері ұландықтар деп аталатын болады.
2015 жылы Флоренцияда өткен 44-ші IGIP халықаралық конференциясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Г.Мутановқа IGIP Senior Member жоғары марапаты табысталды. IGIP Senior Member – инженериялық білім мен педагогика саласында берілетін ең жоғарғы атақ.
2015 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында ресми салтанат барысында жаңа өнім - параксилолдың бірінші партиясы алынды.
2016 жылы Мексика Құрама Штаттарының Депутаттар конгресінде (Мексика Парламентінің төменгі палатасы) Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінің бастамасымен «Мексика-Қазақстан» парламенттік достық тобының ресми құрылу салтанаты болды.
2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында тұңғыш рет «Туған жер» жобасы бойынша туристік экспедиция ұйымдастырылды. Экспедицияның алғашқы бағыты танымал әнші, ақын, композитор, Ақмола өңірінің мақтанышы Біржан сал Қожағұлұлының өмірін зерттеуге арналды. Балалар Біржан сал атындағы музыка мектебіне, Біржан сал атындағы аудандық Мәдениет үйіне және Біржан салдың басына барып, ұлы ақынның өмірінен көптеген қызықты ақпарат алды.
2018 жылы Қазақстанның регбиден әйелдер арасындағы командасы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия турының екінші айналымында күміс медаль жеңіп алды. Негізгі матчта регби ойыншылары Жапониядан 12:17 есебімен ұтылды. Финал алдында біздің команда Қытайды 29: 5, Гонконгты - 26:14 және Тайландты - 17: 0 есебімен артқа тастады.
https://www.inform.kz/kz/2-kazan-kazakparat-kuntizbesi_a3570860
02 қазан 2019 ж. 478 0