Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Жасындай жарқ еткен ғұмыр". Бекзат Саттарханов туралы фильм көрерменге жол тартты

"Жасындай жарқ еткен ғұмыр". Бекзат Саттарханов туралы фильм көрерменге жол тартты

Күні кеше еліміздің кинотеатрларында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы биографиялық фильм көрерменге жол тартты. Алматы қаласында өткен тұсаукесер рәсіміне спортшының ата-анасы мен бапкерлері, құрамадағы әріптестері келді.
  Анықтама: Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістанда дүниеге келген. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Бекзат 18 жасында жастар арасындағы Азия біріншілігінің және 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Бір жылдан соң спортшы Орталық Азия чемпионатында күміс медаль алып, кейін Азия және Орталық Азия елдерінің жеңімпазы атанды. 2000 жылы Гран При Кубогының чемпионы болса, дәл сол жылы Сидней Олимпиадасында алтын медальға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді. Былғары қолғап шебері 2000 жылы 31 желтоқсанда жаңа жылға 15 минут қалғанда Шымкент қаласы маңындағы Темірлан бекетінде жол апатынан қаза тапты.

Фильм "Хабар" АҚ қолдауымен түсірілген. Кинотуындының режиссері – Мұрат Бидосов, ал басты рөлді Самат Әзімқұлов сомдады. Туындыда Бекзаттың Түркістанда өткізген балалық шағы, боксқа жасаған алғашқы қадамы және жеңіс тұғырына шыққан сәті бейнеленген. Мұрат Бидосовтың айтуынша, фильмді барынша шынайы етіп түсіруге тырысқан. Бекзаттың өмір жолын қайта көрсету үшін оның әке-шешесі, бапкерлері мен құрамадағы әріптестерінің естеліктерін пайдаланған.
  "Араға 19 жыл салып біздің Бекзат туралы фильм ел назарына ұсынылды. Бәріңізді осы бір қуанышты сәтпен құттықтағым келеді. Шыны керек, маған қиын болды. Бұл фильм халықтың ұлы туралы. Көп дерек менің кітабымнан алынған. Фильм болашақ ұрпақтың жүрегінен орын тауып, жақсы жолды таңдауына сеп болады деген үміттемін", - деді Бекзаттың анасы Сырлыгүл Саттарханова.
Фильмнің түсірілу жұмыстары Алматы, Стамбұл және Бекзаттың туған жері Түркістанда өткен. Олимпиада чемпионының рөлін сомдаған Самат Әзімқұлов та спорттан алыс емес. 1999-2009 жылдар аралығында кикбоксингпен айналысқан. 2009 жылы Украинадағы жарыстардың бірінде көзінен ауыр соққы алып, дәрігерлер спортты жалғастыруына тыйым салған. Спорт шебері" атанған. Ал фильм барысында кәсіби боксшылармен бірге жаттығып, дайындалған.
  Кинотуындының кеңесшісі Сидней Олимпиадасының чемпионы, Бекзаттың өмірдегі әріптесі Ермахан Ыбрайымов болды.
  "Финалға бір күн қалғанда қызық жағдай болды. 1 қараша. Есігімді біреу қақты. Ашсам Бекзат тұр. Одан "Финалға аз қалды, неге жатып демалмайсың?" деп сұрадым. Ол болса: "Өзімді сенімді сезіну үшін сіздің жейдеңізді кисем деп едім. Сіз көк бұрыштан шығады екенсіз. Қызыл жейдеңіз бос болады. Мен болсам қызыл бұрыштан шығамын" дейді. Сөйтсем ол чемпионның жейдесінде жұдырықтасамын деп ырымдаған екен. Ол тек өзіне ғана емес, маған да күш-қуат берді. Маған сенді. Финалға шыққанда жейдені жіппен байлап қойғаны бар. Өте ырымшыл еді", - деп еске алады Ермахан Ыбрайымов.
Фильмге Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарылқасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай және Бақдәулет Шаймахан секілді актерлер түсті. Кино бүгінде еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастады. Ал сериал ретіндегі нұсқасын көрермендер 2019 жылдың 16 желтоқсаны – Тәуелсіздік күні "Хабар" телеарнасы мен "Хабар" агенттігіне қарасты арналардан көре алады.
04 қазан 2019 ж. 1 163 0