24 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі
inform.kz АТАУЛЫ КҮНДЕР
Біріккен Ұлттар Ұйымы күні
БҰҰ Жарғысының 1945 жылдың 24 қазанында күшіне енуіне орай, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылғы 31 қазандағы № A/RES/168 қарарымен бекітілген.
Мейрамның басты мақсаты – әлемдік қоғамдастықты Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары және жетістіктерімен таныстыру, сондай-ақ БҰҰ-ның түрлі елдердегі қызметін қолдауды жандандыру. Бүкіләлемдік полиомиелитке қарсы күрес күні
Ондаған жыл бұрын «Ротари Интернэшнл» халықаралық үкіметтік емес ұйымының бастамасымен құрылған. Бұл дата кездейсоқ таңдалған жоқ: ол полиомиелитет - балалар ми жұлынының сал ауруына қарсы алғашқа екпені жасап шығарған америкалық эпидемиолог және вирусолог Джонас Солктың туған күніне орайластырылған.
Дүниежүзілік даму туралы ақпарат күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 1972 жылы 19 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы күніне арнап, құрған.
Дүниежүзілік даму туралы ақпарат күнінің мақсаты – қоғамның назарын даму мәселелеріне, сондай-ақ, аталмыш мәселелерді шешу үшін әртүрлі елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелеріне көңілін аудару.
Қарусыздану аптасы
1978 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының қарусыздану жөніндегі арнайы сессиясының және Дүниежүзілік бейбітшілік кеңесінің шешіміне сәйкес жыл сайын 24-30 қазан аралығында аталып өтеді.
Байқоңыр ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні
1960 жылы осы күні М. Янгел құрастырған жаңа континенталды баллистикалық Р-16 зымыранын сынау кезінде апат болды. Жанармай құйылған зымырандағы электрлік сынақтар жүргізу кезінде 2-ші сатыдағы қозғалтқыштар рұқсат етілмеген күйде іске қосылды. Өрт және жанармай компоненттерінің буымен улану салдарынан 76 әскери қызметші мен өнеркәсіп өкілдері қаза тапты.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1931 жылы Риддерде «Жұмысшы» газетінің алғашқы нөмірі мемлекеттік тілде жарық көрді. 1939 жылы Шығыс Қазақстан облысының негізі қаланғаннан кейін бұл газет өңірлік мәртебеге ие болды. Кеңес одағы кезінде бұл басылым «Коммунизм туы» деп аталды. Бүгінде бұл 20 мың таралыммен шығатын «Дидар» газеті деп аталады.
2000 жылы Павлодарда Сұлтанмахмұт Торайғыровқа ескерткіш ашылды.
2009 жылы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде Абылай хан атындағы экспозиция кешені ашылды. Тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға Бурабайдағы Абылай хан мұражайының бір қабырғасына безендірілді. Абылай хан алаңындағы айтулы кешен тақырыптық жазулардан, «Әскери кеңес» сәулет композициясынан, ақпараттық стендіден тұрады. Игілікті істің ұйтқысы болған ҚР Президентінің Іс басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы. Кешен кең көлемді, танымдық, идеологиялық және отансүйгіштік рухтағы тәрбиелік жұмыстарды атқаруды көздейді. Сонымен қатар жас буынды Қазақстанның бай тарихынан, мәдениетінен хабардар етіп, өңірде туристік кластерді кеңінен өрістетуге бағытталған.
2011 жылы Қазақстанда ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ювеналды сот ісі енгізілді. Бүгінгі таңда біздің тәжірибемізді халықаралық ұйымдар мен ТМД елдерінің өкілдері белсенді түрде зерттейді.
2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстанның Қызыл кітабынан 500 теңгелік «proof» сапасындағы күмістен жасалған және 50 теңгелік «proof» сапасындағы алтын мен күмістен жасалған «Банкноттағы портрет» сериясынан «Шоқан» монеталарын айналымға шығарды.
2018 жылы Алматыда «Қазақстан руханияты мен мәдени ескерткіштерінің энциклопедиясы» жарыққа шықты . Бұл рухани және білім саласын дамытуды, еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен тиімді пайдалануды, Қазақстан халқының рухани дамуын қамтамасыз ететін алғашқы энциклопедия.