Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістан облысында тағы төтенше жағдай жарияланды

Түркістан облысында тағы төтенше жағдай жарияланды

baq.kz Түркістан облысында нөсер жауын салдарынан өзендер арнасынан асып кетті.. Осы жағдайға байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылды.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралады. Мұнда толассыз жауған нөсер жауынның әсерінен Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтерілді. Соңғы ақпарат бойынша, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйлердің ауласына су кірді. Барлығы қауіпсіз аумаққа көшірілген. 27 үйдің құлау қаупі бар.
Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздерінің үшін қауіпті. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр, - деді Өмірзақ Естайұлы Төлеби ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде.
Бүгін түнде мұнда Қазығұрт, Сайрам және Ордабасы аудандарынан көмек жетті. Олар халықты эвакуациялап, қажетті заттар мен ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.
Нөсер жауыннан үйлері бүлінген азаматтардың шығыны арнайы сараптау комиссиясының шешімімен анықталады. Жарамсыз болған үйлер мен жөндеуді қажет ететін баспаналарды қайта қалпына келтіру жағы қарастырылуда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай жөніндегі штаб отырысында мәлімдеді. 
Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың салдарын өз күшімізбен жоямыз. Оған тәжірибеміз жеткілікті. Сел салдарымен күресте Мақтаарал тәжірибесін пайдаланамыз. Су шайған аумақтар секторға бөлінген. Оларға көмекке келген аудандардың басшылары жауапты. Жұмылып төтенше жағдайды еңсеруге барлық мүмкіншілік бар, – деді Өмірзақ Шөкеев штаб отырысында.
Айта кетейік, Түркістан облысының таулы аудандарында нөсерлі жауын салдарынан бірнеше ауданды су шайды. Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында жалпы 522 үй ауласы, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды. Су тасқыны зардабын жоюа 612 маман мен 84 техника 47 мотопомп жұмылдырылды.
14 мамыр 2020 ж. 809 0