Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиция құлдықта болдым деген қыздың оқиғасына қатысты түсініктеме берді

Полиция құлдықта болдым деген қыздың оқиғасына қатысты түсініктеме берді

Полицейлер қыз көрсеткен мекенжайда притон табылмағанын мәлімдеді.
Полицейлер "Саяхат" автовокзалы аумағында көлік астына түскен алматылық қыздың арызы бойынша рейд жүргізді. Қыздың айтуынша, оны белгісіз біреулер күшпен ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
6 мамырда желіде көліктен секіріп түсіп, сутенерлерден қашқан қыз жайлы видео жарияланды. Шындығында, қыздың адвокаты Айман Омарова айтқандай, қыз притоннан он күн бұрын қашып шыққан. Осы уақыт ішінде үйдің подвалдарында түнепті, сол күні "Саяхат" аумағында қызды притон қожайынының ұлы көріп қалған болуы керек, одан қашамын деп кездейсоқ көліктің астына түскен.
Алматы ІІД атап өткендей, қазіргі таңда тергеу басқармасы, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы істің нақты мән-жайын және келтірілген мәліметтердің рас-өтірігін анықтау бойынша кешенді шұғыл және тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Зардап шегуші "куәгерлерді қорғау" бағдарламасы бойынша күзетке алынды. 
Сонымен қатар зардап шегуші 2009 жылдан бері Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасында жезөкшелікпен айналысатын тұлға ретінде есепте тұрғаны анықталды. 
"Биылғы жылдың 11 мамыры күні сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезеңінде ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшылығы мүдделі қоғамдық ұйымдардың өкілдері және құқық қорғаушылармен бірге арызданушы өзін күштеп ұстады деп көрсеткен мекенжайда рейд жүргізді. Ақпарат расталған жоқ, көршілердің айтуынша, бұл мекенжайда кішкентай балалары бар отбасы тұрады", — деп жазылған Алматы ІІД хабарламасында.
Сондай-ақ полиция шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, дәлелсіз пікір білдіруден аулақ болуға шақырды.  

sputniknews.kz
21 мамыр 2018 ж. 1 314 0