Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » “Томирис” фильмінің жоғалып кеткен продюсері қызына соңғы хатын жолдаған

“Томирис” фильмінің жоғалып кеткен продюсері қызына соңғы хатын жолдаған

Алматыда жоғалып кеткен «Томирис» фильмінің продюсеріне қатысты жаңа мәліметтер шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Алматыда «Томирис» фильмінің продюсері Анна Чакиртова белгісіз жағдайда жоғалып кетті. Ол екінші шілде күні кешкі тоғыздар шамасында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Телефоны мен құнды заттарын өзімен бірге  алмаған.  Жары Марат та не деп жорамалдарын  білмейді. Себебі, Аннаның  өмірден баз кешіп кетердей көре алмас қасы да, батқан қарызы да болмаған.
“Сағат сегіздер шамасында Достық пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы дәріханаға барған. Қызым кейінірек ол жердегі бейнебақылаудың жазбасын алды. Түрлі дәрі-дәрмек сатып алған. Жұмыс көп, ұйқысы аз болғандықтан үнемі басы ауыратын”,-дейді Аннаның күйеуі Марат Нығманов
Дәріханадағы жазбаға қарағанда Анна сол күні  үстіне қара көйлек киген, ал көзіне көзілдірік таққан. Шашы түюлі.
“Томирис” фильмінің продюсері Анна Чакиртованың жоғалуы әріптестерінің төбелеріне жай түсіргендей болды. Кейбірі, тіптен жұмыстарын тастап, Аннаны іздейтін еріктілердің қатарына қосылған. Толғанай Талғат, ерікті:
“Подьезге қарап тұрған камера жоқ болғандықтан бізге қиын болып тұр. Ол кісі оң жаққа кетті ме, сол жаққа кетті ме, соны біліп тұрған жоқпыз . Кеше он отыздар шамасында белгісіз нөмірден Аннаның әпкесінің телефонына қоңырау шалынған. Тұтқаның ар жағынан сыбырлап шыққан дауыс естіліп, байланыс үзілген. Бірақ, балалары ол аналары Анна ма, әлде басқа біреу ме әзірге түсіне алмай тұр. Жақындарынан түскен арыздан кейін, ішкі істер департаменті іздеу шараларына кірісті”,- дейді ерікті Толғанай Талғат.
“Арнайы тергеу тобы құрылып, іздестіру ісі жандандырды. Қазіргі таңда бұл тергеу тобының құрамына криминалдық полиция басқармасының да қызметкерлері кірген болатын. Бастапқыда барлық болжамдар есепке алынып отыр. Ол қандай себептермен, неліктен жоғалуы мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеудеміз”,- дейді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бір хабар бола ма деген үмітпен еріктілер әр аулаға Аннаның суретін іліп, қаланың қуыс-қалтарыстарын тізе бікпей сүзіп жатыр. Ал, қызы Камилаға «Мен сені сүйем» деп анасы жолдаған соңғы хабарламасының төркіні әлі жұмбақ болып тұр.
Stan.kz
05 шілде 2018 ж. 1 829 0