Құндақтаулы сәбидің құны қанша?
Қазір сәбиді де сатып алуға болатынын естіп жүрген боларсыз. Қызылшақаның құнын нарыққа бейімдеп қояды екен. Тіпті көк тиындық құны жоқ деген көкек аналар нәрестесін қоқысқа тастап кетіп жүр. «Құр тастап кеткенше, жай-күйімді реттейін» дейді ме, әйтеуір мұндай іске қаржыдан қысылғаннан аяқ басады. Қош. Сәбиді саудаға салғандар тыйылмай тұр. Түйткілдің тіні қашан тарқайды?
ОҚИҒАЛАР ЕСЕҢГІРЕТІП ТҰР
«Әлди-әлди баладан, тауып алған даладан. Далада бала жата ма, түсіп қапты шанадан». Әзіл аралас әлдиге қосылған осы бір тіркес – соңғы жылдары шынға айнала бастағандай ма, қалай?
Қырық апта құрсағында жатып, мынау жалғанды көрсем деп тыпыршыған шақалағын далаға да, қалаға да, тіпті қоқыс жәшігіне тастап кету оқиғалары көбейді. Анасы өз қолымен өлтірген өлі шарананы да, шырылдай жылаған шақалақты да, бір өкініштісі, перзентханадан емес, дәретханадан алып шығатын болдық. Көкірегің қарс айырылады. Шарасыз ана мен жауапсыз әкеге лағнет айтқанмен, мұндай қатыгездік азаяр емес.
Бірде «Баланың қара нарықтағы бағасы – 500 мың теңге. Бұл ақшаны бөліп төлеуге де болады. Басына іс түскенде жас аналарға пана болар дағдарыс орталықтары мен перзентханалар бала базарына айналған» деген сарындағы мәтінмен бейнебаян көрсетілді. Кәнігі ақпарат құралдарының бірінен. Зерттей келе былтырғы жылдары орын алған оқиға екеніне көзіміз жетті. Сол кезде оның рас-өтірігі туралы мамандар «БАҚ-та айтылған бұл мәліметтердің барлығы шындыққа жанаспайды. Себебі жыл басталғалы бері еліміз бойынша бала саудасына қатысты 3 дерек тіркелді. Қазіргі таңда бұл үш оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, мән-жайды толық ашып айта алмаймын. Бірақ бір нәрсе анық, ол – тіркелген істер бойынша бірде-бір дағдарыс орталығы немесе перзентхана қызметкері күдікке ілініп отырған жоқ. Сәби сату мен сатып алуға қатыстылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы болғысы келгендер» деп жауап беріп еді. Департамент өкілі бала саудасымен айналысамын деп басы бәлеге қалған медицина қызметкерлеріне қатысты оқиғалар осыдан 7 жыл бұрын тіркелгенін айтты.
«Көбіне жас қыз-келіншектер қалаусыз баласын саудалайды. Ал тірі тауарды «сатып алушылардың» дені – ана болу бақытынан айырылғандар» дейді олар. Ол қандай жағдай болсын, дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлелденсе, екі жақ та жазасыз қалмайтынын ескертеді. Мамандар айтқан әлгі 7 жыл бұрынғы оқиға Алматы қаласында әшкереленген. Ол кезде расымен жаңа туған шақалақтарды саудаға салғандар – «ақ халатты азбал жандар» болған.
Өткенге көз тастап көрейік. Алматы қаласындағы көпбейінді клиникалық ауруханасының қызметкерлері, оның ішінде акушер-гинеколог пен медбикесі бар дүние есігін жаңа ашқан сәбилерді бес жыл бойы саудалап келген. Құқық қорғау органдары естіген елді елең еткізген осы бала сату «бизнесіне» қатысы бар қылмыстық топтың белгілі бір схема бойынша «сәтті сауда» жасап келгенін анықтаған. Аурухана қызметкерлері жаңа туған нәрестелерді 10 мың АҚШ долларынан бастап, 150 мың теңгеге дейін «сатылымға шығарған». Сондай-ақ олар тірі тауарларының болашақ ата-аналарын табу, жас босанған анамен келісу секілді делдалдық қызметтер де атқарған екен.
Бес жыл ішінде 28 шақалақты сатып, қара нарықтағы бала сату «бизнесімен» қалталарын қалыңдатып келген барлығы 30-дан астам адам 2016 жылы заң алдында жауап берді. Дегенмен бұл сәби саудасына қатысты елдегі ал¬ғашқы да соңғы дерек емес.
Мәселен, былтыр Шымкентте көпбалалы ана бір миллион теңгеге өз баласын сатпақ болған. Осы әрекеті үшін ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Төрт баланың анасы сәбиінен перзетханада-ақ бас тартқысы келген. Кейін баласын сатқысы келетінін таныстарына айтқан. Мұны естіген полиция қызметкерлері бала сүйе алмай жүрген отбасы кейпінде әйелдің үйіне барғанда баланы «тауар» ретінде көрсеткен. Қылмыс үстінде ұсталған жалғызбасты ана ақша жетпегеннен кейін осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтқан. Сондай-ақ, Шымкентте тағы бір көпбалалы отбасының бала сатпақ болғаны анықталды. Бұл әрекеті үшін олар сегіз жыл шартты жазаға тартылған.
Биылдың өзінде Алматыда перзентханадан шыға сала сәбиін саудаға салған ерлі-зайыптылар баласын сатқан қаражатқа несиелерін жаппақ болған. Бұл туралы Алматы полициясы хабарлаған болатын.
Отбасындағы үшінші баласын 2 миллион теңгеге саудалап жатқан кезде қолға түскендер қылмысын осылай ақтамақ болған. Бірақ жас отбасының өз баспаналары бар, әлеуметтік жағдайы нашар отбасына жатпайтын көрінеді.
Бұл бала сату дерегіне қатысты Алматыда тіркелген биылғы жылғы бірінші жағдай. Өткен жылы жаңа туған сәбиді саудалауға қатысты бір ғана қалада бес бірдей қылмыстық іс тіркеліп, ашылған. Таяуда ғана Таразда екі бірдей медицина қызметкері жаңа туған шақалақты 1,5 миллион теңгеге сатып жатқан жерінен қолға түсті. Екі акушер қазір қамауда.
Үш күндік баласын сатпақ болған әке қамауда. Ал баланың анасы қаладан шықпау жайлы қолхатпен үйіне жіберілген. Енді ерлі-зайыптылар осы үшін 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Сатқанға да, сатып алғанға да - жаза
Жаңа туған нәрестелерді сату ауыр қылмысқа жатады. Сол себепті бұл сорақылыққа қатысы бар барлық адам жазаланады. Ішкі істер органдары осындай фактілерді анықтау мақсатында БАҚ, әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Егер дерек расталса, міндетті түрде қылмыстық іс қозғалады.
2019 жылы адам саудасымен айналысқандар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізілген. Мәселен, Кодекстің 135-бабы бойынша қаралатын істер ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, кәмелетке толмағандарды саудаға салып, пайда көздегендерді он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.
«Талдау, сараптау жұмыстары «қара базарда» жаңа туған нәрестелердің құны миллионнан басталып, 3-4 миллион теңгеге дейін «бағаланатынын» көрсетіп отыр. Әдетте, әлі жарық дүниеге келмеген сәбиін анасы интернеттегі түрлі сайттар, әлеуметтік желілер арқылы сатып, ақша тапқысы келеді. Бала асырап алудың сан талаптарын орындап, уақытын жоғалтқысы келмейтін «сатып алушылар» да көбіне осы тәсіл арқылы «болашақ баласын» іздейді», дейді мамандар.
Жалпы, елде өткен 2020 жылы адам саудасына қатысты 44 дерек анықталса, 15 қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 135-бабы, яғни бала сату бойынша қозғалған. Бала сатудың «көлеңкелі бизнеске», бүгінгі қоғамның ащы шындығына айналғанын жасыра алмаймыз.
Жасыратыны жоқ. Көбіне қатқыл әрі ауыр тигенмен айқын нәрсе көңіліңді көншітпейді. Елдегі сәби саудасының тоқтаусыз тұрғанына ана болу бақытынан айырылғандар мен тағдыры тәлкекке түсіп, басына түскен қиындығынан құрсағына біткен шаранасын сатып құтылғысы келетіндер кінәлі. Ата-ана атану бақытынан айырылғандар сәбилі болудың заңды жолы – бала асырап алудың жөн-жоралғысынан өткеннен гөрі, оңтайлысын іздейді. Қылмыстың азаймауына да осы жағдай түрткі.
Қазір әлеуметтік желіде жұрт ашықтан-ашық «бала асырап аламын, рақметім болады» деп жазса, енді бірі «300 мың теңге беремін» деп жаңа туған сәбиге нақты баға қойған. «Жазыңдар, бере саламын» дейтін тасбауыр әйелдер мен делдалдар да кездеседі.
Қазақстанда сәбиді саудалағандарға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Бұл бала сату ауыр және аса ауыр қылмыстардың түріне жатады. Ең ауыр жаза 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қарастырылған», – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің аға жедел уәкілі Нұрбол Ашақұлов.
Департамент өкілінің айтуынша, көбіне бұл қылмыс түрі жасырын істеледі. Көрген, не естіген адамдардың, куәгерлердің ақпараттандыруы арқылы жедел іздестіру шараларымен анықталады. Айтуынша, соңғы 5 жылда бала сатудың 44 дерегі анықталып, 44 тұлға жазаланған. Биыл 9 қылмыстық іс тіркелген.
Қай жерде болмасын, көбі «Елде бала асырап алу оңай емес» деген сылтауды алға тартады. Иә, бала асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу керек. Бұл – заң талабы. Оның үстіне кезекке тұру және біраз уақытқа созылатын бюрократиялық кедергілерден өту қажет. Қамқоршы органдар онсыз да туа салып, тағдырдан теперіш көрген сәбиді кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны тағы түсінікті.
Аналар бас тартуға неге дайын?
Бірде әлеуметтік желіде біршама хабарландыруға көзіміз түсті. Онда «үшінші баламды көтеріп ем, асырай алмаймын. Күйеуім жоқ. Балалар үйіне өткізгеннен, далаға тастағаннан бір мейірімді жан асырап алса деймін. Екі балама нан болуы үшін қаржылай көмек болса» депті. Астына түсіп, пікірлерді оқыдым. Байқалғаны, жартысынан көбі ана бақытын сезінбегендер. «Мен алайыншы», «Бала асырай алмай жүрміз, маған беріңізші», «ЭКО-дан жол болмады, мен алайын, қаражатпен көмектесемін» деген сарында түрлі адам, түрлі пікір қалдырыпты. Сауда өтсе керек, ертеңі бұл жазба желіден өшірілді. Тағы бірде Инстаграм әлеуметтік желісінен «өмірлік мәні бар» парақшада сәби саудалау «тақтасы» ілініпті. Бұ жолы бала сатар ана емес, көмек қолын созған құрбысы. «Құрбым әлі жас. Жүкті болып қалған. Жігіті тастап кетіп еді. Асырап алатын адам қажет. Баланы босанамын дегенше қаржылай қолдау көрсетсе, туа сала қолыңызға табыстайды» делінген жазбада. Онда да сол, «мен аламын», «мен бағамын». Әйтеуір жамырай кетіп, құдды затқа таласқандай бірін-бірі жұлып барады. Оның да соңы не болғаны белгісіз. Жазба парақшадан өшірілді. Аналар неліктен әлеуметтік желілер арқылы бауыр еті баласынан бас тартуға дайын? Осындай айуандыққа баруға оларды не итермелейді? Қазақстанда құндақтаулы сәбидің құны қанша тұрады? Сауал көп. Жауаптың өзі күдік тудырады.
Білетініміз, осындай қылмысқа баратындар, негізінен, асырап алушылардың көптігін және олардың тезірек балалы болғысы келетіндігін пайдаланады. Қазір жыл сайын бала асырап алуға, қамқоршы және патронат болуға ниетті отбасылардың саны артып отыр. Олар құжат тапсыруға келген кезде бала жоқтығын, рәсімдердің күрделілігін, кезектің көптігін айтып, «күту керек» деп шығарып салады. Осылайша, алдарына келген отбасының бала асырап алу үшін бәріне де дайын екенін анықтап, мәселені шешудің басқа жолын ұсынады. Сол жерде делдалдар да пайда бола кетеді. Ең өкініштісі, кейбір азаматтар мұндай қадамның қылмыс екенін біле тұра, соған көнеді. Бүгінде елде бала асырап алу үшін кезекке тұрғандардың саны 8 мыңнан асып жығылады екен.
Кімге пайда, кімге опа?
Шет елде мұндай оқиға күн санап тіркеледі. Тіпті қылмыстылық көп мекендерде сәби саудасын шемішкедей шағады. Дегенмен біз шет ел емеспіз ғой. Өз бақытыңызды біреудің қайғысынан құра алмайсыз. Иә, қылмыстың бұл сорақы түрі балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр. Өйткені болашағы бұлыңғыр, алдағы мақсаты белгісіз күмәнді адамдарға бірде-бір баланың тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Олардың ойында не тұрғанын ешкім білмейді. Мүмкін, сәбиді адам ағзасын сату үшін, құлдыққа салу үшін, педофилдікке пайдалану үшін асырап алып жатқан болар. Біз сол себепті де БҰҰ-ның балалар саудасының жолын кесу бағдарламалары аясында үнемі осы мәселелерді жіті назарда ұстап, талқылаудан түскен емес. Қолға дүскен деректер бойынша, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділігінің арқасында соңғы 15 жылда елде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 5 есеге азайған. 2006 жылы 19800 бала мемлекеттің қамқорлығында болса, бұл сан 2020 жылы 3700-ге дейін азайған. Қазіргі таңда Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бала сүю бақытынан айырылған болса, сәби сүйе алмағандықтан 20 пайыз отбасының некесі бұзылады екен.
Дүниежүзінде қару-жарақ пен есірткіден кейін адам саудасының көлеңкелі бизнеске айналғаны рас. «Walk Free» халықаралық тәуелсіз құқық қорғау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша 40 млн-нан астам адам құлдық қамытын киген. Жақында БҰҰ «тірі тауарды» саудалайтын трансұлттық қылмыстық топтардың жылдық орташа табысы 150 млрд долларды құрайтынын хабарлады. Қынжылтатыны, елімізде де адам саудасына қатысты қылмыс бір жылда екі есеге артқан. Қазақстан «қара тізімде» және 165 мемлекеттің арасында 83-орында тұр.
Бала сату бизнесі қашан тоқтайды?
Құзырлы мекеме жариялаған мәліметтер бойынша, саудаға түскендердің көпшілігі 18-25 және 30 жастан асқан ер мен әйелдер. Олар көбіне еңбек және сексуалдық қанауға ұшыраған. Сыртқы істер министрлігі адам саудасымен ел азаматтары да, шетелдіктер де айналысқанын мәлімдеді. Бұған қоса Қазақстан тұрғындарының негізінен Ресейде, Бахрейнде, Бразилияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Корея мен Түркияда мәжбүрлі еңбекке тартылатыны белгілі болды. Ал, елімізде Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның көрші елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның ауылды жерлерінен келгендер қанауға ұшырайды. Өңірдегі ахуалды айтайық.
Алдыңғы жылдары Қызылорда облысында адам саудасына қатысты 6 дерек тіркелген. Оның қатарында 5 жеңгетайлық және 1 бас бостандығынан заңсыз айыру бойынша қылмыстық іс бар. Мәжбүрлі еңбек пен 14 жасқа толмаған балалардың еңбегін пайдалану деректері анықталмаған.
«Евразия» телеарнасында жаңалықтан берілген «Балалар 500 мың теңгеден сатылып жатыр» деген сұқбат бойынша тексеру жұмыстары жүргізілген. Аталған ақпарат жалған болып шықты.
Ішкі істер министрлігі «қара базарда» жаңа туған нәрестелердің құны миллионнан басталып, 3-4 миллионға дейін бағаланатынын және елімізде былтыр 15 іс Қылмыстық кодекстің 135-бабы, яғни бала сату бойынша қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Анонимді кейіпкер
Иә, бұлай дейтініміз сәби саудасына барғысы келген жан аты-жөнін жасырып еді. Кім де болса дүйім жұртқа хабарлауға намысы не батылы жетпес. Айтпағымыз бұл емес, Айгүл (жасырын есім) 28 жаста. Өзіміздің аймақтан. Оқиғасын естіп, біраз уақытқа дейін өзіме келе алмадым. Ол 20 жасында жүкті болып қалады. Студенттік шақтың қызығымен, үйінен жыраққа шыққан қыз осылайша жас жігітке алданады. Бірнеше аптадан соң жүкті екенін біліп өмірден түңіледі. Үйдегі қатал әке, беймаза ана мұны ауылға жолатпасы анық. Бірер күн жеке клиникалардың алдын торуылдап, баланы алдырып тастауға оқталады. Солай жүріп уақыты да өтеді. Қаражат жинап, енді түсік жасатуға барғанда дәрігерлерден «баланың срогы үлкен, алдыру қауіпті» дейді. Амалы таусылған бойжеткен баланы босануға бел буады. Дегенмен оны қалай асырайды, қайда тұрады, не істерін білмейді. Солай 9 ай құрсағында көтерген сәбиі дүние есігін ашады. Дегенмен мейірлене алмаған ол сәбиді өзгеге бергісі келеді, тіпті балаға мұқтаждарға сатуға бел буады. Әлеуметтік желілерден хабарландыруларды көріп, бір әйелмен сөйлеседі. Солай екі жақ мұндай әңгімені көрісіп, талқыламақшы болады. Алайда Айгүл сол түні түс көреді. Түсінде ұлы үлкен азамат болыпты. Анасының қолынан сүйіп, ақ мамыққа жайғастырып жатыр екен. Ұйқыдан тұра сала жас ана «Мүмкін осы балам мені асырар, қиындық болса да тастамаймын» деп шешеді. Солай құндақтаулы құлынын бауырына басып, мейірімін төге бастайды. Қазір Ержаны 7 жаста. Мектепке барады. Алғыр.
«Неге екенін білмеймін, бала болған шығармын. Қалай сатпақшы болдым деген ой әлі күнге дейін мені мазалайды. Түлен түртті ма, кім білсін. Қазір шүкір етемін. Балам – өмірімнің мәні. Оны ешқашан тастамаймын», – дейді анонимді ана.
Түйін
Қырық апта құрсағында көтеріп, жүрек тұсында тоғыз ай бойы сезініп келген сәбиін ана қалай саудаға салады? Сол баяғы «тұрмыстың төмендігін», «күнкөрістің қиындығын» алға тартып ақталатындар әлі бар. Ең сорақысы – бала сатып баюды кәнігі кәсіпке айналдырып алған қаскөйлердің қылығы. Жаза қатаңдатылғанымен, заңнан аяқ тартып жатқандары аса байқалмайды. Аяқ тартса, сәби сатқандардың саны да азаяр еді. Жарайды делік. Сәби саудаға түсті, анасы «байыды». Десе де баласын сатып байымақ болған ананың, өзгеден аналық бақытты сатып алмақ болған «ананың» ар алдындағы жазасы қандай?
Айнұр ӘЛИ
kyzylorda-news.kz