Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдыр табыстырғандар (болған оқиға ізімен)

Тағдыр табыстырғандар (болған оқиға ізімен)

Осыдан біраз бұрын әжем екеуміз Алматы қаласына барған болатынбыз. Жол ұзақ, пойыз ішінде уақыт өтпейді. Үйдегідей ой алаңдатар жұмыс та, ұялы телефонды ақтаратын байланыс жүйесі де жоқ. Бар қызығы – жанымыздағы жолаушымен әңгіме-дүкен құрып, тамақ пен шай ішу ғана. Сәлден соң Қызылордадан біздің жанымызда жас келіншек орналасты. Бірден-ақ әжеммен амандық-саулық сұрасып, тез араласып кеттік. Әңгімеден әңгіме туындап кеш батқан уақытта рудың да жайы қозғалды. «Бізде ру жоқ» демесі бар ма, сонда әлгі келіншектің. Таңдана қараған әжем екеумізге жымия қарап, осы әңгімені сол кезде баяндап берген болатын.

Алланың бұйырған уақытында дүние есігін ашып, бұйырған тағдырын көретін жай ғана пендеміз ғой. Кімнің басынан нелер өтпейді бұл жалғанда. Бірде «өкінішті» деп басымызда сан-саққа ұрсақ, бірде қуаныштан төбеміз көкке екі елі жетпей қалады. Шерзот пен Алмас дүниеге келгенде олардың отбасылары да осылай қуанған. Шерзот ерлі-зайыптылардың көптен күткен көз қуанышы, отбасының тұңғыш немересі болса, Алмас жас, жалғызбасты ананың кішкентайы еді. Тағдырдың тылсымын қараңызшы. Олар бір күнде, бір уақытта дүниеге келген еді. Тіпті аналары да перзентхананың бір палатасына жатқызылған болатын.
Ол уақыт – Кеңес үкіметінің билік құрған уақыты. Дегенмен ақ халатты абзал жандардың жүрегінде мейірім, жанашырлық мол. Жас аналардың барлық жағдайын жасап, қалыпқа келуі үшін нәрестелерді бөлек бөлмеге жатқызатын. Уақытылы жеңіл ас беріп, кей кездері жағдайына қарап 1 аптаға дейін перзентханада ұстайтын.
Шерзоттың анасы Злиха жасы 30-ға таянып босанғандықтан, ұзақ бақылауда еді. Ал Алмастай батырды туған Арай – жетім өскен келіншек. Туғаны да, туысқаны да жоқ келіншек те бес күн шамасында бақылауда болды. Екеуі өзара сөйлесіп, танысып, әпке-сіңлідей араласып кетті. Бірнеше күн таныстық оларды біраз жақындастырған. Осындай бір күні Алмастың анасы қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Сол түні нәрестесін дәрігерлер бақылауға алған келіншекті Шерзоттың анасы түнде сыртқа шығып кеткенде соңғы рет көрген болатын.
Нәрестесін бауырына алғанына бес күн болғанда, сол түні перзентхананың ас үйінен үлкен өрт шығып, ол барлық қаланы дүр сілкіндірген еді. Злиха балалар жатқан бөлмеге жете алмаған. Өрттің түтіні өзегін өртеген келіншекке тек сыртқа бағыт алуын сұрап бәрі жанұшырды. Сәбилерді арнайы құтқарушылар тобы аман алып қалды. Ал осы өрттен зардап шеккендердің, дүниеден өткендердің арасында Арай да болған.
Жастай өмірі қиылған ананың артында жылап Алмасы қалды. Бәрі орнына келген соң, яғни арада екі апта уақыт өткенде нәрестесін арнайы мамандар жетімдер үйіне өткізеді. Ал Шерзот анасымен бірге үйіне қайта оралды. Дегенмен ана мен бала денсаулығы бірнеше айға дейін бақылауда ұсталды.
Уақыт шіркін, зымырап өте шықты. Тағдыры байланған екі бала тәй-тәй басып, алғашқы қадамын жасады. Кейін сүндетке де отырды. Иә, Алмастың Шерзоттай дүркіретіп той жасайтын, еркелетіп барын беретін ата-анасы болмады. Оның орнын апайлары қанша жерден басуға тырысқанымен, жетімектің жасы сол уақыттың өзінде де өзегіне келетіндей күй кешетін.
Бұл уақытта осы күйді Шерзоттың әкесі Шавкат кешіп жүрген. Оған бәрінен де бататыны достары мен туыстарының «балаң кімге ұқсаған, өзіңе мүлдем ұқсамайды ғой, асырап алған сияқтысың» дегендей әзілі аралас сөздері еді. Әсіресе туыстарының «өздерің ұзақ күттіңдер ғой, Шерзоттан кейін бала да жоқ. Оның өзі де өзіңе ұқсамайды. Дәрігерге көрсетсеңдер қайтеді...» деген сөзі қатты ойландыратын. «Шерзот – туған балам» деп оларға нық жауап бергенімен, күн сайын іштей көңіліндегі күдігі де ұлғая берді. Бірде ашу үстінде осының бәрін Злихаға айтқаны бар. Қатты қапаланып, жолдасынан мұндай ауыр сөзді күтпеген ол ДНК сараптамасын жасатуға өзі-ақ бел буған. Сонда ғана Шерзоттың өз баласы емес екеніне көзі жетеді.
Ендігі не істемек керек? Әйелінен көрейін десе, өзі бастап сараптама жасатты. Оның нәтижесі теріс шыққанына онан әрі таңғалып, қапаланды. Ештеңеден хабары жоқ, алаңсыз ойнаған баласын тағы да көре алмайды. Содан өз туған сәбиін іздеуге кірісті. Ондағы алғашқы қадамы сол баяғы перзентханадан басталған.
Араға көп салмай-ақ жетімдер үйінде «Алмастың туған ата-анасы табылды» деген қуанышты жаңалық әп-сәтте тарап та кетті. Сәби кезде өрттің салдарынан алмасып кеткен балақайдың шын есімі Шерзот, ұлты өзбек болып шыға келді. Шавкат пен Злиха екі баланы да асырап, бауырына басты. Дегенмен оларға бар шындықты есейіп, ақыл тоқтатқан шағында айтқан болатын.
Олар болған жәйтті түсіністікпен қабылдады. Керісінше, бөліп-жармай бар ықыластарымен қабылдағандары үшін алғыстарын білдірді. Бірақ қазақы тәрбие бойына сіңген Алмас (Шавкат) уақыт өте келе қазақ қызын келіншек етіп, балаларына да қазақша ат қойып тәрбиеледі.
Міне, біздің жанымыздағы жолаушы келіншек осы Алмас ағайдың, яғни нағыз Шавкаттың қызы екен. Таза қазақша сөйлес де, қаны өзге ұлт болғандықтан «бізде ру жоқ» деп бізді таңқалдырған екен. Иә, тағдыр табыстырған екі жан бүгінде немерелерінің қызығына тоймай отырған аға буын өкілдері.
Түннің бір уақытында әңгімесін аяқтаған келіншек бүгінде балалары мен келіндерін, әулетін бір шаңырақ астына ұйыстырып отырған жандардың туған күнде бас қосып жатқанын айтып, қоңырау шалуға купеден шығып кетті.
Г.САҚТАПОВА
14 мамыр 2024 ж. 1 496 0