Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жол үстіндегі әңгіме

Жол үстіндегі әңгіме

Темір жолдың торабы сан мың тағдырларды табыстырды. Иық тірескен жолаушылар нөпірі бұрын тек пойызбен ғана жүретін. Мұнан білім қуған студентті де, затын сатқан саудагерді де, іссапарлатқан қызметкерді де кездестіруге болады. Қызылордадан Алматыға жүргелі тұрмын. Студент кезім болатын. Асығып вокзалға келіп, пойыз келер уақытты санаудамын. Көп күттірмей пойыз да келіп тоқтады. Вагондарды санай жүріп, өзім билет алған вагонды іздеймін.
Пойыз іші толы адам. Бұл кез халықтың жаймашуақ күн кешіп жатқан кезі болатын. Қаптаған қалың жүргіншінің арасынан ауыр сөмкемен сығылыса өткен мен өз орнымды әзер тауып, жайлылық осы болар деп жайғаса кеттім. Орныма жайғасып, ұялы телефонымды ала бергенім сол еді, ту сыртымнан:
– Ал қызым, мына орын сенікі ме?– деген ер адамның дауысы естілді.
– Сәлеметсіз бе?! Иә, менің орным еді, – не болды, аға?– дедім жымиып.
– Жоқ-а, ештеңе, жайғаса бер, қарындасым. Мен Түркістанға дейін барамын. Мына орында келемін,– деп маған қарсы орынды нұсқады.
– А-а-а-а, көрші екенбіз ғой.
Өзін Дәурен деп таныстырған ағаның жүзі шырайлы, өзі салмақты, байсалды сөйлеп отырған жанның жақсы адам екендігін аңғардым. Әні-міне дегенше пойыз да жылжи бастады. Терезеден шығарып салып тұрған жақындарыма қол бұлғап қоштастым да, жүктерімді реттеп мен де жайғастым. Әлгі көрші ағай да, мен де ұялы телефоннан бар қызықты тапқандай беріліп қарап отырмыз. Біз плацкарт деп аталатын вагондамыз. Бізге қарсы бетте ерлі-зайыптылар отырды. Қастарында кішкентай қыздары бар. Әлгі жас келіншек әлсін-әлсін жолдасын біресе суға, біресе баласының кіш еткізген жөргегін тастап келуге жұмсап келеді. Айтқанын әп-сәтте қыла қоймаған күйеуіне зілді дауыспен зекіп те алып отыр. Мұны бәріміз ыңғайсыз көрсек те, түк дей алмадық. Бір кезде ағам:
– Қызым, телефоннан не қарап отырсың? – деп сұрады.
– Инстаграм желісінен әр түрлі қызық видеолар ғой, аға.
– М-м-м, жақсы екен. Біле білсең, қызым, бұл телефон деген өте ғажап құрылғы. Тіпті кейде қарап отырып қайран қаламын. Мұнда адам өзіне не керектің бәрін таба алады. Жақсы да, жаман да бар. Егер көңіліңді бөле алсаң, мен саған бір жақсы әңгіме айтып берейін, – деді.
Мен өзімнің телефонға тәуелді болған осы қылығыма сәл қымсынып қалдым да, телефонымды өшіріп, жастықтың шетіне қойып, ағама қарсы қарап отырдым. Менің ыңғайланғаныма қарап, ағам да көзілдірігін шешіп стол үстіне қойды да, әңгімесін бастап кетті.
Қазір жастарға ақыл айтсаң жақпайсың. Мен кішкентайымнан ата-әжемнің бауырында өстім. Әке-шешем қалада тұратын. Ал біз ауылда тұрдық. Атам бес уақыт намазы үзілмеген, аузынан бір ауыз лас сөз шықпайтын адам еді. Оның осынысына қарап бәрі ерекше құрмет тұтатын. Әжем марқұм да ер адамын жоғары қастерлей білетін. Оның қабағынан-ақ бар нәрсені ұғып отыратын.
Бірде әжем қатты ауырып қалды. Тіпті орнынан тұруы мұң болды. Ол кезде атам егін басында еді. Кешке келер уақыты таянғанда әжем сүйретіліп орнынан тұрып тамағын жасап, үйін жинай бастады. Мен ол кезде ойын баласымын әжемді қанша аясам да, тірлігім олақ болатын. Сонда да болса қасында бәйек болып жүрмін. Ауру алқымдаған әжемнің өне бойы қалш-қалш етіп тұр. Сонда да уһілеп жүріп, атам келер шаққа дейін бәрін қамдап қойды. Сонда әжеме:
– Әже, неге сонша тамақ дайындап, суын қайнатып әлек болып жатырсыз. Сіз қатты ауырып тұрсыз ғой. Атам келген соң өзі де жасап алатын еді ғой, – дедім ғой. Сонда әжем маған қарап жымиып:
– Балам, қазақ әйелі ешқашан ер адамды қазан-ошаққа жолатпаған. Ол – түздің адамы. Мен ауырдым екен деп оны жұмсап қойып жатсам, ерде қандай қадір-қасиет қалады. Оның үстіне, ол күні бойы егін басынан шаршап келеді. Ал еркек үйге келгенде тамағы дайын, үйі жинаулы болғанда ғана шаңырақтың берекесі арта түседі. Ақылды әйел күйеуін хандай сыйлап, өзі ханшайым болып өмір сүреді, ақымақ әйел күйеуін құлдай жұмсап, өзі де құлдың әйелі болып шыға келеді,– деді.
Әжемнің осы сөзіне бала болсам да қайран қалдым. Сол сөз әлі күнге дейін жадымда жаттаулы қалды. Бүгінде бізде ерін олай қадірлейтін ақылды әйелдер азайып бара жатқан сияқты, қызым,– деп ойын түйіндеді ағам.
Ағамның бұл әңгімесіне риза болдым да, келіскендей үнсіз басымды изедім. Ол маған телефоныңды тиімді пайдаланып, өнегелі өсиетті әңгімелерді тыңдауға кеңес берді. Біздің бұл әңгімемізді әлгі ерлі-зайыптылар да амалсыз естіді. Сөйтті де әлгі жас келіншек:
– Аға, әңгімеңіз маған қатты әсер етті. Әжеңіз парасатты әйел болған сияқты. Және мен де сіздің тап осы әңгімені мына жас бойжеткенге неге айтып отырғаныңызды түсінгендеймін. Шынымды айтсам, қатты қысылып отырмын. Өзімнің қандай әбестік жасағанымды енді білдім, – деді де, сол сәтте жолдасынан кешірім сұрады. Ендігәрі мен де сені патшадай құрметтеймін деді.
Жастардың жарасым тапқанына біздің де сырттай ішіміз жылып қалды. Сол сәтте ризашылықпен марқая сөйлеген Дәурен аға:
– Қоғамның жақсы болуы, отбасындағы жарасымдылықтан басталады. Балалар, сендер сыйласып отырсаңдар, сендерді көріп өскен мына кішкентайлар да ертең сыйластығы мол азаматқа айналады. Менің айтпақ болғанымды түсіне білгенің де сенің ақылды екеніңді ұқтырып тұр, – деп жастарға батасын берді.
Әні-міне дегенше киелі шаһардың да жарығы көрінді. Дәурен аға жүктерін жинап, кетуге ыңғайланып жатты. Мен болсам түн тұмшалаған терезенің арғы жағынан бір нәрсемді жоғалтқандай телміріп отырмын. Жай қарап емес. Бүгінгі болған әңгімені ой елегінен өткіздім. Қош десіп ағам түсіп кетті. Біз де отарбамен өзіміздің бағытымызға кете бардық.
Назерке МАРАТ
20 сәуір 2021 ж. 651 0