Зағиптар жүрекпен оқиды, сезінгенін көңілге тоқиды
![](/uploads/posts/2021-02/medium/1612243844_zaip-zhan-1.jpg)
Сонымен не керек, сәлден соң жарық та жанды. Алайда сол сәттен-ақ «бұлар кімдер, неге қол ұстасып жүр, олар да экскурсияға келген бе?» деген сұрақтар мені мазалай бастады. Осы іштей мазалаған сұрақтардың жауабын іздеу мақсатында ертемен бөлмелерді аралай бастадық.
Сұрағымызға жауап тапқандаймыз. Сөйтсек, жазмыштың жазуымен жанарынан айырылса да, денсаулығым жарамайды деп қол қусырып қарап қалмаған балалар екен. Олардың арасында көзі мүлде көрмейтіні де және нашар көретіні де бар екен. Оған қарамастан, күнделікті білім алып жүрген сауатты, денсаулық жағдайларына қарамастан қолынан іс келетіндігін дәлелдеген жандар. Олар ағаш әріпті қолдарымен сипау арқылы білім алуда. Нақтылау үшін ұстазымнан сұрастырсам, біз уақытша зағиптар үйіне орналасқан екенбіз. Көз жанарынан айырылған оқушылар осында білім алады екен. Ол балаларға қарап өмірге деген құштарлығың да артып, бойыңа күш жинайсың.
Көрген-білгенімізді ауылға келген соң сынып жетекшім, марқұм Амандық апайға осы жайтты айтқанымда, апайдың: «Өмірде жазмыштың жазуымен жанарынан айырылған азаматтар аз емес. Көру мүмкіндігі шектеліп, күні өзгеге қарап қалған зағип жандар көп кездеседі Тағдыр тауқыметін тартқан олардың тірлігі қиындыққа толы. Дегенмен денсаулығым жарамайды деп, қол қусырып қарап отырмайды олар. Олар көзі көрмейтін немесе нашар көретін азаматтар болуы мүмкін. Дегенмен денсаулық жағдайларына қарамастан, қолдарынан іс келетіндігін дәлелдейтін жандар» – деп түсіндіріп берді.
Иә, «Өмірдің алды – үміт, арты – өкініш» деген бұрынғылардан қалған сөз сөз бар. Бәрі біз ойлағандай бола берсе де қызық емес қой. Дүниеге келген соң ел қатарлы жарық сәулені көруді армандайтын жандар қаншама?! Күн сәулесін бір сәтке болса да көру – зағиптар үшін өмірдегі баға жетпес, ең асыл арман. Айналасындағыны тек сипау арқылы ғана сезіп, көкірек көзімен көруден басқа қолдан келер қайран жоқ. Алайда олар – жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар жандар. Сол қасиеттерінің арқасында өмірге деген ынталары арта түспесе, еш кемімейді де. Олар бізге басқалар аяушылық танытсын деп те ойламайды. Ол жандар да бұл уақытта қиындықты еңсеріп, балалы-шағалы өмір кешіп жатқан болар. Десе де сол көрініс мен үшін өміріме мотивация болды. Ойлап қарасаң, өмірде он екі мүшесі сау жандардың өзі жалқаулық танытады емес пе?! Бұл – адамға серпін беретін үлкен сабақ.
Осылайша қаладағы мұражайды аралап, көп нәрсеге қанықтық. Өз кезеңінде кеңестік дәуірдегі В.И.Ленин мен К.Маркстің тұрған үйлері мен пайдаланған заттарының өзі біз үшін ертегідей болды. Алайда мен тағдырдан қағажу көрген, бір тамшы сәулеге мұқтаж жандардың бір күндік өмірінен үлкен өмірлік сабақ алып оралдым. Тіршілікте әр нәрсенің қадірін білгеніміз абзал. Себебі әр қиындықтың артында берекесі болады.
К. ЗДЕНОВА