Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедектік тағайындамаған, сауықтыруға жолдама бермеген: Қызылордада ана емханадан 1 миллион теңге өндіріп алды

Мүгедектік тағайындамаған, сауықтыруға жолдама бермеген: Қызылордада ана емханадан 1 миллион теңге өндіріп алды

Қызылордада дәрігерлер науқас балаға 8 жылдан бері мүгедектік тағайындамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 
Қызылордалық келіншек 2016 жылы ұл босанған. Нәрестеге бірден «Жедел ми қан айналымы бұзылысы, геморрагиялық түрі, супратенториал қан кету» диагнозы қойылған. Диагнозына қарамастан, оған толыққанды бақылау жүргізбеген.
«Бала қалалық емханада есепте тұрғанымен, жауапты қызметкерлер балаға толық диспансерлік бақылау жүргізбеген. Мүгедектік дәрежесін тағайындамай, оның бар-жоғы құжаттау бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияда көрсетілмеген», – делінген хабарламада.
Мүгедектік тобы балаға 7 жастан кейін тағайындалған. Бірақ сонда да бақылау дұрыс болмаған әрі емдік-сауықтыру іс-шараларына жолдамалар берілмеген. Неврологиялық патология бойынша дұрыс диагностика жасалмаған.
Осы үшін учаскелік дәрігерге сөгіс жарияланып, ал емхана басшылығына 2016-2023 жылдарға арналған мүгедектігі бар балаларға және оларды күтушілерге жәрдемақы төлемді тіркеу бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды.
Анасының айтуынша, қажет емдеу шараларын жүргізбегеннен бала денсаулығы нашарлап кетті. Сондықтан ол Қызылорда қалалық сотына моральдық шығынды өндіріп алу туралы талап қойған.
Сондай-ақ мүгедектікті тіркеу жолдамасының уақытылы берілмеуіне байланысты бала дүниеге келген сәттен бастап санаторийлерде емделу мүмкіндігінен шеттетілген.
«Сот істегі құжаттарды зерделей келе, медициналық мекеменің өз міндеттерін орындамауы және тиісті медициналық көмек көрсетпеу салдарынан ананың баласына қиындықтар туып, баланың анасы реніш, моральдық және физикалық азап шеккенін атап өтті. Осыған байланысты сот талапты қанағаттандырды. Емханадан баланың анасының пайдасына моральдық шығын үшін 1 миллион теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық соттың баспасөз қызметі. 

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дереккөз 
30 қазан 2024 ж. 88 0