«Аш»: Зообақтан қашып кеткен қара пантера қаланы аралап жүр

Болгарияның солтүстік-шығысында төтенше жағдай енгізілді: бұл өңірде бесінші күн қатарынан еркін жүрген қара пантераны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті билік дүйсенбі күні жыртқыштың жаңа іздері табылғанын хабарлады. Олар бұл жануармен кездесу өмірге қауіпті болуы мүмкін екенін ескертіп, ұлттық парк пен орман алқаптарына келушілердің кіруіне шектеу қойды.
Шумен аймағындағы ІІМ өңірлік басқармасының директоры Георгий Гендов тұрғындар мен қонақтарды «табиғи парк аумағына кіруге тырыспауға» шақырды.
Болгарияда кездесе бермейтін бұл жануардың ізін алғаш болып жергілікті орманшылар байқаған. Кейін олар пантераны бейнежазбаға түсіре алған. Билік өкілдері қара пантераның жекеменшік хайуанаттар бағында ұсталуы мүмкін екенін, оның елге заңсыз әкелінген болу ықтималдығын айтады. Жыртқышты ұстау үшін орманға қақпан қойылып, оған азық қалдырылуда. Бұғы мен басқа да аңдардың қалдықтарына қарағанда, қара пантера белсенді түрде аң аулап жүр.
Болгариялық мамандар Оңтүстік Африкадағы пантера жөніндегі сарапшылардан кеңес сұрады. Олар халықты бұл сымбатты жыртқышпен кездейсоқ кездескен жағдайда оған жақындамауға қатаң түрде ескертті.
Фото: turkystan.kz