Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылжарда қарқынды тірлік бар

Қызылжарда қарқынды тірлік бар

Қызылжар ауылы Сырдарияның іргесінде орналасқан. Ұзын саны екі жүзге жақын түтіні бар бұл ауылдың негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Тарихы сонау 1930 жылдардан бастау алған бұл ауылдың орталығы «Райым» елді мекені болса, кейіннен Қызылжарға ауысқан. Ауыл атауының бұлайша аталуыныңда өзіндік себептері бар. Сырдария өзенінің Оңтүстік батысында орналасқандықтан күн батар шақта күн сәулесі жер бетіне түседі. Сол кезде дария бойындағы жардық  топырағы қып-қызыл болып көрінетін болған. Осы реңді байқаған тұрғындар ауылды «Қызылжар» деп атап кеткен екен. Бір қарағанда бейнелеу өнеріндегі пейзаж жанрына дөп келіп тұр. Табиғаттың тылсым күштерін кеуделеріне зерделеп үйренген сол кездің қарттары қандай көреген деп ойлайсыз.Қызылжар негізі – балықшы өңір. Десек те сол балықшының өмірі қай кезде де оңай болған жоқ. Балық аулайтын ау-құралдардың тапшы кезі. Бастапқыда Райымға қоныс тепкен орыстың байы Помаға жалданып балық аулаған балықшылар 1928 жылы көптеген ауылдар бірігіп серіктестік құрады. Орталығы – Қамбаш. Ау-құралды солардан алады. Кейіннен колхоздастыру дәуірі басталып, «Райым» колхозының өз дәуірі, өз тарихы қаланды.
Сол кездерден қалған естеліктерде Ібіраш Тоғысов: «Техниканың жоқ кезінде балықшының өмірі өте ауыр болды. Екінші тоқсанда балықты теңізге көшіп аулаймыз.  «Райымның» тұсынан дарияға түсіп, одан ығып отырып теңізге барамыз. Теңізді жағалап «Жыңғылтүпке», «Қасқақұланға» жетеміз. Бұралаңы көп бес жүз шақырымдай жол жүреміз. 1943 жылы жетпістей балықшыны Еңбек армиясы мен соғысқа теңіз жағалауынан жинап алып кетті. Балық аулауға ауылдан қақсаған шалдар мен әйелдер, бала-шағалар келді» деген екен.
Иә, соғыс уақыты қай жерде де оңай болған жоқ. Сол уақытта ауылдық кеңесті Аққатша Шакиева, ал колхозды Мақсұтқали Демесінов басқарған. Елдегі жағдай қиын. Бас көтерер ер адамдардың бәрі соғысқа кеткен. Олардың орнын басқан 14 жастағы бала-шағалар мен әйелдер болды. Сол бір сұрапыл жылдарды Арал қаласында тұрған Толқын Шәуенқызы әжеміз былайша еске алған.
«Балықты қыста ауыл маңындағы көлдерден аулап, көктем шыға теңізге кетеміз. Ау-құралдарды, қайықты түйеге артып, ізінен біз жаяулаймыз. Машина жоқ. Екі-үш күн жүріп «Жыңғылтүпке» жетеміз. Жылым бригадасында он екі адам бар. Қыздардан Алма, Жәміш, Әлия, Шәмшу және мен. Қалғаны күйеулері соғысқа кеткен әйелдер, балалар. Қайықпен «Көзкөрмес» аралына барамыз. Мұнда ел жоқ. Звено жетекшіміз Орынбай Кетебайұлы. Үлкен кісі. Бізге жылымды қалай төгуге бағыт-бағдар беріп тұрады. Қатты дауыл соққанда балық қабылдайтын приемкада, азық-түлік те келмей қалады».
Ауыл тарихы осылай жасалады. Естен кетпес есімдер ел есінде қалады. Ал олардың ұрпақтары әке-шешелерінің сол б»р қысылтаяң шақтағы ерліктерін мақтанышпен еске алып отырады.
Осы күнгі Райым ауылдық округінің орталығы Қызылжар елді мекені оңайлықпен орнаған жоқ. Арғы беттегі Асан ағайындылар орталықты көшіруге қарсы. Колхоз төрағасы Берекет Омаровтың жұмысқа жаңа кіріскен кезі. Келешек үлкен ауыл болуға жер шамасы келмейтінін  езген Берекет бір түнде орталықты Қызылжарға көшіріп, өз жоспары бойынша жұмысқа кірісіп кетеді.
Сол күндердің тарихта қалған  қысқаша көріністерін әкеміз талай рет айтып отыратын:
«Түнде барып Қызылжардың адамдары кеңсе үйіне келеді. Мақсаттары маңдайшадағы туды, сосын колхоздың мөрін алу. Олардың ойынша мөр кетсе бәріде кетеді екен. Берекет бастаған топ солардың бәрін иелуеніп, қағаздарды буып-түйіп арқаларына асып алады. Соғысқа қатысқан Әбдірей деген кісі «Сьезді құртыңдар» деп жатыр дейді. Қанша дегенмен соғыс көрген ғой. Ауданға хабар тимесін дегені шығар.
Кейіннен ауданнан тексеру келіп, Берекет ағамыздың жоспарын, сызбаларын, жердің топырағының жауын-шашында да аяққа жұқпайтынын көріп, нағыз орталыққа ыңғайлы, келешегі бар жер екен» деп кетеді.
Бұл 1961 жылдың күз айы болатын. Алғашқы жылы кеңсе, төрт тұрғын үй салынса, келесі жылы 20 колхозшыға колхоз есебінен несие беріп, әрбір үйдің орнын көше тәртібін сақтай отырып, өз қолымен сызып берген. Әр колхозшыға берген несие құны да 1300 сом (кеңес ақшасымен) қомақты ақша болатын.
Келешек Қызылжардың үлкен ауылға айналатынына сенімді басқарма Берекет ауылды жарықтандыру үшін электр станциясын салғызды.Қаламен байланысты нығайту үшін ауыл маңынан ұшақ қонатын алаң, ауыл ортасынан үлкен клуб үйлерін тұрғызып, ауыл көшелеріне дариядан  су тарту жүйелерін жүргізді. Дариядан ауыр жүк көліктері өтетін өткел қайық соқтырып, іске қосылды. Осы жұмыстардың барлығы жаңа қонысқа көшкен алғашқы үш жылдың көлемінде колхоздың өз қаржысына салынды.
Арада қаншама жылдар өтседе Қызылжардың алғашқы қазығын қаққан Берекет Омаров екенін ауыл тұрғындарының бәрі біледі. Өнер мен өндірісті қатар ұстаған басшы ел тарихында мәңгілікке қалды.
Сонау жетпісінші жылдардың басында Кеңестік өкіметтің «Правда» газетінде «Қазақстандағы Арал ауданы, «Райым» колхозының балықшылары бір күнде 700 центнер сапалы су маржанын аулап, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді» деп жазды. Мұны орыстың тілшісі емес, қарапайым ауыл мұғалімі, «Толқын» газетінің штаттан тыс тілшісі Қарасай Дінмахметов жазған болатын. Қалай хабарлап үлгірген десек, ағайдың өзі телеграмма арқылы жіберген екен. Кейіннен білдік қой. Ол кезде баламыз. Ауылға балық тиеген жүк көліктері сыймай кетті. Тіпті ұщақта қонып, үлкен басшыларда келіп жатыр. Өйткені мұнда Әбуов Ешманның жылым бригадасы «Қаракөлден» бір тартымда 700 центнер сары сазандарды шығарып, елді бір елең еткізген. Сықырлаған сары аязда тоңғандарын елемеген колхоздың бар балықшысы күндіз-түні балық сүзумен болды. Пунктіне сыймаған балықтар қалаға жөнелтіліп жатты. Негізі мың центнерге жуық балық еді дейді балықшылар. Келгендерге берілетін сыралғысы бар, таза кірге салынғаны екен 700 центнер. Сол балықты балықшылар үш күн бойы сүзген ғой.
Не деген байлық десеңші.
Міне, Қызылжардың балықшылары осындай ерлік үлгісінде көрсеткен.
Колхозда кеуделері орденге толы ерен еңбек иелері де жетерлік болды. Қазақстан сьездерінің делегаттары Әбдіков Көлбай, Қыстаубаев Сейілхандар, «Құрметті колхозшы» атағына ие болғандар Орынбасар Смағұлов, Жәки Оңдасынов, Қайырла Мусаев, Рай Мыңбаев, Данияр Сәрсенов, Әбіш Құлсариев, Тайыш Нұралиев, Жақсығұл Жалғасбаев, Сембай Жамалов, Төлебай Асқаров, Әбен Баймұратов, Қыстаубай Қуанышбаев, Тәукен Жәлімбетов, Ібіраш Тоғысов тағы басқалар туған ауылды көркейтуге сүбелі үлес қоса білді.
Сол кездері күн шықпай көлге аттанып, іңір қараңғысында шинельдеріне мұз қатып, қаудырап келетін балықшы қауымнан бұл күндері саусақпен санарлықтай қалған. Балықшы еңбегінің ауырлығы сонша, солардың бәрі жетпіске жетпей-ақ жарық дүниемен қоштасып, мәңгілікке аттана берді.
Толқында туып, толқында өскен теңіз тарландарының жансыз бейнелері мен есімдері бүгінде ауылдағы орта білім ордасында, Ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана үйлерінің көрнекі жерлерінен өшпестей орын алған.
Қызылжардың жан-жағы тұнған тарих. Мұндағы әр төбенің өз атаулары бар. Сол төбелердегі көне үйлердің орындары мұнда кезінде адамдар тұрғанын сездіреді. Тағыда Қарасай Дінахметовтың өлеңіндегі: “Бесжарма”, “Бұхар”, “Таспа”- бытыраңқы, Болыпты қыстауларың бірлі-жарым, - деген жолдарды еске алсақ, сөзімізге дәлел болғандай.
 “Қаракөл” көлінің жағасында Таспа деген жер бар. Көл жағалай қоныс тепкен кепелерде Таспа деген балуан денелі жігіт шешесі екеуі өмір сүріпті. Ештеңеге араласпай тіршілік қамымен жүрген жас жігіт нәпақасын көлден тауып, онысын іш жақтағы егін егетін ағайындарға алмастырып, олардың берген қапшық толы дәндерін иығына асып жаяулатып жүретін жігіт жұртшылықтың назарына ілігеді. Жігіттің қайратты дене-тұрқын көрген олар “осыны күреске салып көрсек қайтеді”, деп ойласады. Айтқандай-ақ,  кезекті бір жиында Қарақалпақ балуаны ешкімге дес бермей, қазақтардың намысына тисе керек. Баяғы жігіт естеріне түскен олар күндегі уақытында жолдан ұстап алып;
Жігітім түсесің бе? Бәйгесі бар,- дейді.
Таспа ойланбастан;
Түсейін,- дейді.
Қара жұмысқа шыныққан Таспа бұлшық еттері бүлк-бүлк етіп ортаға шыққанда Қарақалпақ балуаны бұны менсіңкіремей тұрғанын барша жұрт көреді. “Я,сәт” деп іштей тілеулес болған қазақ жұрты екі балуан ортаға шыққаннан демін іштеріне алып, тым-тырыс отыр. Қанша мықты болғанымен қазақ жігітін ілезде ала-алмағанына намыстанған қарақалпақ балуаны ашуға булыға бастады. Ұзақ айқасқан екі балуан жердің шаңын аспанға көтерді. Бірін-бірі  жеңе алмай қанша айқасқанымен қазақ балуаны оңтайлы сәтті тауып қарақалпак балуанын аспанға көтерген күйі жерге сылқ еткізді. Өзіде қабырға жағын қолымен басып отыра қалып еді, қазақтар жағы сүйемелдеп ортадан алып шықты. Жас жігіттің қарулы білегіне сүйсіне қараған қарақалпақ балуаны:
Олда жейтінін жеп кетті. Көп ұзамас. Жас жігітке обал болды-ау, -деп өзінің күресте қолданбайтын әдісті қолданғанына өкінген екен.
Бауыры езіліп кеткен өрімдей жас жігіт қараңғы түсе бұл дүниеден өтіпті. Содан
бері Қаракөлдің жағасында жас жігіт жерленген жерді жұртшылық ''Таспа'' деп атайтын болған.
Атақты Сартай батырда қайтыс болғаннан кейін жуындырған жер Сартай деп аталады. Батырдың жансыз денесін артқан түйе Қызылдың құмына қарай тартыпты. Қаракөлдің арғы бетіндегі жер бұл күндері ''Сартай'' деп аталады.
Ауылдан үш-төрт шақырым жерде ''Әби жармасы'' деген канал бар. Ел белсендісі Әби Бисенбаев бұл каналды қаздыруға өзі басшылық жасаған. Талай жерлерде шаруашылықтарды басқарған. Әбіл атамыз нағыз іскер адам болып аудан көлеміне танылған адам. Жасы келіп Қызылжардан қоныс тепкен атамызға колхоз төрағасы Берекет Омаров үлкен сенім артып, осы каналға басшылық жасап, қалдыруды тапсырған. Бұл каналды бүгінде Қызылжардың үлкен-кішісіне дейін “Әбіл жармасы” деп атайды.
Сексенінші жылдардың ортасында “Райым” колхозына Дәуқара Аймағанбетов басшы болып келді. Алпысыншы жылы ауылға колхоз төрағасының орынбасары болып келген әйгілі басшының қызметке жоғарылауы осы колхоздан бастау алған болатын. Іскер басшы, теңізді толық айналып яғни “Ұялы”, “Авань” балық заводтарында, Қуандария балық аулау базасында, “Қосжар” балық өсіру питомнигінде директорлық қызметтер атқарып, өмірінің соңына дейін “Райым” колхозында басшылық жұмыста болды.
Қай жерде жүрседе ауылды көркейту мәселесін бірінші орынға қоятын басшы Қызылжарға көптеген тұрғын үйлер, балабақша, монша, наубайхана, халыққа қызмет көрсету үйі, жаңа дүкен, сауда орталығы үйлерін тұрғызды.
Бәрінен бұрын есте қаларлығы ауыл ортасынан салынған еңселі екі қабатты мәдениет үйі болды. Құрылыс материалдарын Алматыдан тікелей тасып жеткізген мәдениет үйі ол кездері аудан орталықтарында да кездеспейтін. Ауыл жастарына жасаған осындай қамқорлығы нәтижесіз болған жоқ. Мәдениет үйін басқарған марқұм Амандық Жүгінісов ауыл жастарының шығармашылығын облыс, республика көлеміне танымал қылды.
Белгілі жыршы-термеші Берекет Омаровтың, жезтаңдай әнші Темірхан Ерғалиевтердің ізбасарлары Шынберген Сүлейменов, Гүлнұр Оразымбетова , Гулмира Баймұратовалар өнер көкжиегінен ойып тұрып орын алды. “Қызылжарға барсаң әншімін деме” деген мақалды туғызған таланттар Мұхтар Омаров, Өмірбек Жанназаровтар, сахна төрінен кеше көрінседе өнерімен Ернар Амандық, кино актер Айарыс Дәуқараевтар өздерінің шын таланттар екенін көрсете білді.
Екі қабатты мәдениет үйін елден бұрын салдырған басшы Дәуқара Аймағанбетовтың бүгіндері еңбегі қайтқандай.
“Өлмейтұғын артында із қалдырған” еңбекқор басшының есімі ауыл тарихының парағына алтын әріппен жазылғандай.
         Ауданымыздағы белгілі қаламгер Ерғали Абдуллаев бірде маған “санап отырсам Қызылжардан қырық ақын шыққан екен” дегенде елең ете қалдым. Ерғалидың білмейтіні жоқ. “Алтынның қолда барда қадірі жоқ” деген осы. Қаратереңдіктер ұшқыштарының көптігін мақтан тұтып жүрсе, бізде ақындарымызбен мақтануға болады екен-ау деп ойға қалған сонда.
Ақындардың басында туған жер тарихын тербеген ұстаз Талапбай Ұзақбаев тұрса, одан кейін колхоз төрағасы, жыршы-термеші Берекет Омаров, ұстаз-журналист Қарасай Дінахметов, талантты журналист Серік Дінахметовтер, Қазақстан журналистер, жазушылар одағының мүшелері Жеткерген Әбдіреев, Жанділда Баймұратовтар болып кете береді.
 Арыс қаласының құрметті азаматы Темірхан Әбдіков, Қызылорда қаласында тұратын Оңталап Базаралиев, тума талант Мұсылманқұл Баймұратов, Ақтөбедегі Шынберген Сүлейменовтер, мектеп директоры Бағила Есенбаева, мұғалім Жарасхан Бөлековтерде Қызылжардың топырағынан түлеп ұшқан түлектер.
Жаста болса өз қатарларынан дара шыққан, қаламдары жүйрік Алтынбек Қыстаубаев, “Толқын” газетінің басшысы Айдар Сайлауовтарда бүгінде жыр әлемінде өзіндік қолтаңбаларын қалдырған таланттар.
Бір қызығы осы ақындардың бәрі баяғы Берекет Омаров қазығын қаққан Қызылжардың алғашқы көшесінің тұрғындары. Ақын, әнші, асабаларда тұратын Қызылжардың әрбір бұрышы, әрбір үйі өлең оқып тұрғандай көрінеді маған. Киелі мекен-   Қызылжарда шыныменде қырық ақын бар екеніне көзім жеткендей болды.
Соңғы кездері қай ауылға барсаңдатоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап құлдырай бастаған ауылдар қайта серпін алып, көркейе бастағандай. Бұлда болса жақсылықтың нышаны, халықтың әл-ауқатының жақсара бастағанының белгісі.
 Қызылжардағы “Райым” ауылдық округі аудан орталығынан шалғай жатқаны болмаса, экономикалық және әлеуметтік ахуалы тұрақты деуге толық негіз бар. Осы округке қарасты Қызылжар мен Шөмішкөлде 2021 жылғы есеп бойынша 1608 тұрғын бар. Ауылдың бүгінгі таңдағы негізгі кәсібі балық пен мал шаруашылығы. Төрт түлікті түлетіп отырған бірнеше шаруа қожалықтарыда жұмыс істейді. Тоқсаныншы жылдарға қарағанда мал саныда едәуір өскен. Қазіргі заманның жол қысқартатын төрт доңғалақты техникасы әрбір үйде бар.
Мұндағы СТК төрағасы Әбдіков Әділжан жүйелі жұмыстар атқарып, жұмыссыз жастарды СТК-ға балықшы есебінде заңды түрде тіркеп келеді. Сол жұмысшылардың арқасында халық қазынасы саналатын ауыл көлеміндегі “Қаракөл”, “Алаша” көлдерін жіті бақылап, тазалық жұмыстарын жүргізеді.
Ауыл әкімі Рүстем Қарауымбетов атқарушы биліктің ауылдағы өкілі ретінде нәтижелі жұмыстарымен көзге түсіп жүр.
Қызылжар елді мекеніне кіре-беріс автомобиль жолы пайдалануға беріліп, игілігін халық көріп келеді.
 Облыс әкімінің тікелей бақылауына алынған бұл жұмысқа республикалық бюджеттен 465 миллион теңгенің үстінде қаржы жұмсалған. Алысты жақындатқан осынау іске ауыл тұрғындары дән риза. Қызылжар мен Шөмішкөлдің арасына тас жол төселіп, халықтың көптен бергі армандары орындалғандай болды.
Типтік жобада салынған дәрігерлік амбулаторияда ел игілігіне жарап-ақ тұр. Бұғанда 400 миллионға жуық қаржы жұмсалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажеттілігін” айтқан болатын.
Осы орайда Райым ауылдық округіде басқалар сияқты ауыл маңында егістік алқабын дайындап, балықшы ауыл тұрғындары қолдарына кетпен, күрек ұстап, бақша өнімдеріне мойын бұра бастады. Жылдан-жылға бақша егушілер саны көбейіп, диқаншылық кәсіппенде айналыса бастады.
Бәріненде бұрын Қызылжар мен Шөмішкөлдегі жастар белсенділігі жоғары көтеріліп келеді. Қазір ауыл жастарының спорт пен білімге аса зейін қойып, ел бірлігін сақтауға күш салғандары қуантады бізді.
  Ауыл жастарының мәдениеттілікке бет алғанын өткендегі Амандық Жүгінісовті еске алуға арналған спорт жарыстарынан-ақ байқағандай болды жұртшылық. Кейбір ауылдық спортшылардың ауыздарынан ойын барысында былапыт сөздер шығып жатса қызылжардың жігіттері бір-бірін үнсіз түсініп-ақ өзгелерге үлгі бола білді. Марқұм Амандықтың ауыл жастарына берген тәрбиесінің бір шеті бұл. Бұл шараны да ұйымдастырған сол ауыл жастары болатын.
 Соңғы кездері ауылда ұсақ-түйек тәртіпсіздіктің өзі кездесе бермейді. Ұйымшылығы мол қонақжай ауылдың тұрғындары жақында үлкен қуанышқа кенелді. Облыс әкімінің шешімі бойынша Қызылжар ауылы ''Үздік ауыл'' облыстық байқауында жүлделі II орын алды. Жүлдеге берілген екі тракторлары ендігі жерде ел игілігіне жарап-ақтұр. Бұлда болса ауыл әкімі Рүстем Қарауымбетовтың тынымсыз еңбегінің арқасы болса керек.
Тарихы тереңнен бастау алған келешегі мол, келбеті тартымды дария бойындағы Қызылжар елді мекені әліде талай көрікті ауылдар қатарында жүретініне бізде сенгендей болдық.
21 қазан 2025 ж. 68 0