Қазақстанда кезектен тыс парламенттік сайлау өте ме
Қазақстанда алдағы жылы кезектен тыс парламенттік сайлау өте ме? Бұл сұраққа «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жауап берді, деп хабарлайды inform.kz
«Ұмытпасам, бұған дейін де «күзде парламенттік сайлаудың өтетіні анық» деген пайым-пікірлер желдей ескен еді. Ал қазір жылдың желтоқсаны кеп қойды. «Nur Otan» партиясының кез келген дерлік белсенділігі – бірден кезектен тыс сайлауға дайындық секілді қабылданатын болыпты. Бірақ, біздің көріп отырғанымыз – бәрі қарапайым процесс, партияның электоратаралық жұмысы ғана. Оның үстіне партияның барлық саласын қайта жандандыру міндетін қойды. Сөзсіз, аймақтарды тартпаса, бұл істің сәтті болмасы анық», - деді министр.
Дәурен Абаев Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» филиалдары өкілдерімен кездесуінен не түйгенін айтып берді.
«Әлбетте, айтылған ең маңызды мәселелердің бірі – мәслихат депутаттарының партиялық жауапкершілігін күшейту. Бүгінгі күні өздеріңіз жақсы білетіндей, жергілікті басқару ісі жақсы жетіліп келеді. Аудандар мен ауыл әкімдіктерінің басым бөлігі қазіргі уақытта өздігінен бюджетті түзіп, жұмсай алады. Яғни, олар қаражатты қайда жұмсауды шешеді. Бұл ретте аймақтарды дамытудағы стратегиялық шешімдерді қабылдауда да мәслихаттардың рөлі күшейеді. Осы ретте сайлауалды уәделерді орындауда партияның депутаттарына ерекше жауапкершілік жүгі артылатыны анық», - деді Дәурен Абаев.