Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан мен Тәжікстан саяси консультация өткізді

Қазақстан мен Тәжікстан саяси консультация өткізді

Душанбеде Қазақстан мен Тәжікстан сыртқы саяси ведомствосы талдамалық құрылымдары басшыларының саяси консультациясы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Іс-шара Президент Қ. К. Тоқаевтың 2021 жылы мамыр айында Тәжікстанға ресми сапарында қабылданған екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылды.

Қазақстандық делегацияны СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директоры Ерлан Шамишев, тәжік тарапын ТР СІМ стратегиялық зерттеулер басқармасының бастығы Вафо Ниятбекзода басқарды.

Кездесу барысында дипломаттар Ауғанстандағы қазіргі ахуалдың және жалпы өңірдегі жағдайдың одан әрі даму сценарийлерін талқылады. Қазіргі заманғы трансшекаралық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Тараптар Ауғанстандағы белгілі саяси өзгеріс, заңсыз көші-қон мен босқындар ағымының, есірткі трафигі мен радикалды діни көзқарастардың таралуына байланысты өңір қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген пікірге келді.

«Бұл елдегі әлеуметтік құлдырау мен гуманитарлық апаттың қаупін тудыруы мүмкін», деп жазылған ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Келіссөздер қорытындысында халықаралық күн тәртібіндегі өзара қызығушылық тудыратын барлық мәселеде диалог пен пікір алмасуды жалғастыру туралы уағдаласты. Тараптар ортақ ұстанымды шоғырландыру мақсатында Ауғанстандағы жағдайды бақылауды жалғастыруды және екі елдің халықаралық аренадағы бастамаларын өзара қолдауға дайын екенін растады.

Сонымен бірге, ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директоры Ерлан Шамишев Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының өңірлік қауіпсіздік проблемаларын зерделеу басқармасының басшысы Хуршед Додихудоевпен кездесті. Тараптар Ауғанстан мен өңірдегі ахуал жөнінде пікір алмасты.
18 қыркүйек 2021 ж. 1 965 0