Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

Көшбасшылар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға өзара ниетті екенін растады.

Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айта келе, екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көрсеткіштерін арттыру маңызды екеніне тоқталды.

Президент екі мемлекеттің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы ықпалдастықты жандандыруды ұсынды.

«Біздің бірқатар инвестициялық жобамыз бар. Бүгін соларды сіздермен бірлесіп талқылауға дайынбыз. Қазақстан компаниялары осы бағытта Қатар бизнесімен тығыз ықпалдастық орнатуға ниетті», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни Доханың Қазақстанмен көпжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.

«Бүгінгі экономикалық форумға Қазақстанның қатысқаны – мен үшін үлкен мәртебе. Біздің өзара сенімге негізделген қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бірлескен жобаларды, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл еліміз үшін басым бағыт және жуық арада агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы топ жібереміз», деді Қатар Әмірі.

Әңгіме соңында Тамим бен Хамад Әл Тәни Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жақын арада елімізге сапармен келуге ниетті екенін нақтылады.
21 маусым 2022 ж. 3 083 0