Тоқаев Грекия президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грек Республикасының президентіне құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда. Қасым-Жомарт Тоқаев Катерина Сакелларопулуды және грек халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
"Бүгінде Грекия Еуропа Одағының белсенді елдерінің бірі ретінде өзінің тұрақты даму, халықтың әл-ауқатын жақсарту және халықаралық қауымдастықтағы беделін арттыру жолында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Осы ретте мемлекетіңіздің әрі қарай қарыштап дамуына, мерейі әрқашан үстем болуына тілектеспін.
Қазақстан мен Грекия арасындағы мазмұнды саяси диалог пен дәстүрлі достықтан серпін алатын ынтымақтастығымыздың аясы жылдан-жылға кеңейіп жатқанын ризашылықпен атап өтемін. Келешекте елдеріміз арасындағы ықпалдастық және сан қырлы байланыстар ауқымы одан әрі ұлғая түсетініне кәміл сенемін", – деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Катерина Сакелларопулудың аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал достас Грекия халқына құт-береке тіледі.
Ақпарат көзі: kaz.nur.kz
Фото: 24.kz