"Реал" тарихында 34-рет Испания чемпионы атанды

37-турдың кездесуі "Реалдың" қосалқы стадионында өткен. Матч 2:1 есебімен аяқталды. Алаң иелері сапында Карим Бензема дубль жасады - ол 29 минутта есеп ашып, 77-минутта пенальтиден мүлт кетпеді. Ал "Вильярреал" сапында 83-минутта Висенте Иборра көзге түсті.
Осылайша, "Реал" 86 ұпай жинап, чемпионаттың бітуіне бір тур қалғанда Испания чемпионы атанды. Мадридтік клуб мұндай атақты 34-рет иеленіп отыр.
"Реал Мадрид" Испания чемпионатында соңғы рет 2016/17 жылғы маусымда топ жарған болатын.
Айта кетейік, 79 ұпаймен екінші орында келе жатқан "Барселона" 37-турда өз алаңында "Осасунаға" 1:2 есебімен жол берді.