Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Олимпиададан жүлде алған тұңғыш қазақ неге өз-өзіне қол салды?

Олимпиададан жүлде алған тұңғыш қазақ неге өз-өзіне қол салды?

BAQ.KZ тілшісі . Биыл спорт сайыстарының арасында шоқтығы биік Олимпиада ойындарынан қазақ баласының алғаш болып жүлде алғанына 60 жыл. Өйткені 1960 жылы Италия астанасы Римде жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов күміс жүлдеге қол жеткізген.

Рим Олимпиадасына 60 жыл
Римдегі Олимпиада XVII жазғы Олимпиада ойындары 1960 жылдың 25 тамызында басталған. Жалпы командалық есепте КСРО құрамасына тең келетін ешкім болмады. Олар сарапқа салынған 461 медальдің 103-ін (43 алтын+29 күміс+31 қола) жеңіп алды. Бұл Олимпиада ойындарына ерекше есте қалатын жайттар көп. Мысалы, 18 жастағы Мұхаммед Әли алғаш рет Римде жұрттың назарын аударды. Ол кезде Кассиус Клей деп танылған боксшы 81 келіде чемпион атанған еді.
Ал қазақ халқы үшін жеңіл атлет Ғұсман Қосановтың Олимпиада тұғырына шығуы ерекше құбылыс болды. Оған дейін бірде-бір қазақ баласы 4 жылдықтың басты додасынан жүлде алып көрмеген. Бір қызығы, Ғұсман Қосанов Рим Олимпиадасына Молдованың атынан барған еді. Бұл туралы сәл кеңірек баяндаймыз.
Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л.Бартенев, Ю.Коновалов, Э.Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов 1960 жылғы Олимпиадада 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреген.
Эстафетада КСРО құрамасы алдымен іріктеуді сосын жартылай финалдан өтіп, шешуші кезеңге жолдама алды. Финалда КСРО-дан бөлек, АҚШ, Италия, ГДР мен ГФР-дің бірлескен командасы, Ұлыбритания, Венесуэла құрамалары өнер көрсетті.
Негізі мәреге АҚШ атлеттері бірінші жеткен. Алайда олардың ережені бұзғаны анықталып, жарыстан шеттетілді. Сөйтіп, 30, 4 секундта жеткен рекордтары күйіп кетті. Есесіне, бүгінгі Германия сол кездегі ГДР мен ГФР-дің бірлескен командасы топ жарды. Немістердің уақыт көрсеткіші – 39,5 секунд.Сол кезде бұл нәтиже жаңа әлем рекорды болып тiркеледi. Күмiс жүлде тағынған КСРО құрамасының нәтижесi – 40,1 секунд.
Осылайша, құрамында қазақ баласы бар Олимпиада жүлдесі КСРО-ға осылай келген.
WhatsApp Image 2020-08-25 at 19.14.24.jpeg

Ғұсман қалай жеңіл атлет болды?
Отандық спорттың тарихында есімі қалған Ғұсман Қосанов туралы айтар болсақ. Ол 1935 жылдың 25 мамырында сол кездегi Семей облысы, Новопокровка (Бесқарағай) ауданының Изатолла ауылында туған.
Ғұсманның желден озған желаяқ болуына әкесі себеп болған екен. Бұл туралы қарындасы Нағима Ситтыққызы естелігінен оқып білдік. Abai.kz порталындағы Ә.Әбілқасымұлының мақаласында осы туралы кеңірек баяндалған.
Ағамыз 1935 жылы туса, араға 4 жыл салып, мен 1938 жылы өмірге келдім. Тете өстік. Ситтық атамыз соғыс басталысымен 1941 жылы өз еркімен майданға кеткенде, Бибінұр әжеміз қатты науқастанып 1942 жылы қайтыс болады да, бар ауыртпалық Ғұсманның нағашы әжесі Кәкімнің мойнына түседі. 1943 жылы Ситтық Ықыласұлы ауыр жарақаттанып елге оралады. Және майдангер колхозда бригадир болып еңбекке араласады. Ғұсманның өзі туралы жазған Жеңіске жол автобиографиялық кітабында мынадай жолдар бар: Атың өшкір соғыс менің және құрдас тұстастарымның ең қымбат қазынасы балалық бал дәуренімізді тартып алды. Біз таңды таңға ұрып, егістіктен масақ теретін едік. Бұл ауыр тұрмыс бізді шынықтырды, - дейді Нағима апай.
Автордың жазуынша, Ғұсманды көзі көргендер ол кісінің бірінші жаттықтырушысы әкесі Ситтық болған деп айтыпты. Өйткені әкесі Ғұсманға арқанды ұстатып, өзі атпен желіп отырады екен де, баласы ілесіп жүгіретін көрінеді. Әйгілі желаяқтың жерлесі Қабыш Омаров ақсақал Қосановтың бір ғана жүгірумен ғана шектелмей, футбол, волейбол, баскетболды тамаша ойнай білгенін алға тартыпты. Ат арбаға отырып алып, жол бойы ән салып, сол кездегі Жаңа семей ауданының орталығы болған Новопокровкаға (Жұраға) 1 және 9 мамырдағы спорт жарыстарына барғаны жайлы да естелік айтқан. Осында өткен жарыстардағы алғашқы жеңіс жолы Рим мен Токиоға бастар баспалдақ болған дегендей пікір білдіріпті.
Молдоваға қалай барды?
Қосанов орта мектептi тәмамдаған соң, Семей қаласындағы №13 темiр жол училищесiне оқуға түседі. Одан кейін Қырымның Севастополь қаласында әскери борышын өтеді. Міне, осы кезеңдер оның жеңіл атлет болып қалыптасуына ықпал етті. Жарыстарға қатыса бастайды, көрсеткен нәтижесін полк командирі де байқаған. Сөйтіп, Семейден келген сарбазды полктағы жеңiл атлеттердiң жаттықтырушысы Вячеслав Ружинскийге табыстаған.
Осы маманның арқасында нәтижесі жақсарып, 100 метрді 10,8 секундта жүгіретін жағдайға жетеді. Соның арқасында КСРО-ның қарулы күштер құрамасына алынған.
Ал 1955 жылы Киевте өткен Украина чемпионатында белгілі желаяқ Леонид Бартеневке 0,1 секундқа жол беріп алып, 10,7 секунд көрсеткішпен екінші орынды иеленді. Осыдан кейін қазақ баласына одақтас республикалардың біразынан құда түсе бастайды. КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы А.Масловскийдің ұсынысымен Кишиневтегi (Молдова) дене тәрбиесi техникумына оқуға түседі. Молдовада жүріп, КСРО шебері нормативін орындайды, 4 рет Молдованың чемпионы атанады. Одан кейін КСРО біріншілігінде топ жарып, Кеңес Одағының олимпиадалық құрамасына үміткер болып қабылданады. Ол СКА клубында өнер көрсетті. Мамандардың айтуынша, Ғұсман Қосанов жеңіл атлетикамен кәсіби түрде бұдан да ерте айналысқанда нәтижесі әлдеқайда жоғары болар еді.
Одаққа таныла бастаған кезі
Оның КСРО көлемінде таныла бастауы 1959 жылмен сәйкес келеді. Сол жылы екінші КСРО халықтарының спартакиадасы өтеді. Мысалы, «Легкая атлетика» журналының қазан айында шыққан нөмірінде былай жазылған:
Жарыс барысында қабілетті жастар көзге түсе бастады. Қысқа қашықтыққа жүгіруден Ғ.Қосанов (Молдавия) пен С.Солнцев (Белоруссия) 100 метрді тиісінше 10,5 және 10,6 секундта жүгіріп өтті, - деп жазған.
Айтпақшы, осы жарыста 100 метрге жүгіруден Эдвин Озолин («Буревестник», Ленинград), Леонид Бартенев («Буревестник», Киев), Юрий Коновалов («Нефтяник», Баку) үштігі көрінеді. Арада бір жыл өткенде Қосановпен осы үшеуі 1960 жылғы Рим Олимпиадасында эстафетада бірге өнер көрсетті.
Сол жылы Ғұсман жеке көрсеткішін 10,4 секундқа дейін жақсартып, Молдованың жеке рекордын жаңартты. Бірақ Олимпиада туралы бұл кезде әлі ерте болатын.
Олимпиада алдындағы аса маңызды жарыстың бірі – 1960 жылғы КСРО чемпионаты болатын. Бұл шілде айының орта тұсында өтті. Олимпиада ойындарына басталуына бір ай қалғанда бапкерлер мықтыларды бір сұрыптап алуды көздеді. Қосанов 100 және 200 метрде де финалда өнер көрсетеді. Ол жылдары финалда қазіргідей сегіз емес, алты спортшы жүгіретін. 100 метр қашықтықта бесінші, 200 метрлік қашықтықта алтыншы келді. Оның алдын жоғарыда аталған үштіктен бөлек, мәскеулік Слава Прохоровский орайды.
Дегенмен, оның Олимпиада ойындарында эстафетада төрттіктің қатарына кіруіне бірнеше фактор себеп болған. Біріншіден, Ғұсман ұшқыр. Орнынан тез қозғалады. Өзінің естелігінде жазғанындай, 100 метрдің алғашы 90 метрінде оған тең келетін ешкім болмаған екен.
Токиоға жол
1962 жылы Қосанов туған еліне оралды.Осыдан кейін жарыстарға Қазақстан атынан қатыса бастады. Оны елге келуіне сол кездегі республика спортын басқарған Қаркен Ахметов тікелей себепкер болған екен.
Қазақ елі бойынша тұңғыш Олим­пиада жүлдегері Ғұсман Қосанов еке­нін жан­күйер жақсы біледі. Қаркен аға Олимпиада медалін олжалаған бауыры­ның Мәскеуде жүргеніне намыс­танса керек, бір күні менен: «Ғұсманның елге оралатын ойы бар ма?», деп сұрады. Мен пәтер берілсе келеді, дедім. Қаркен Ахметов Орталық стадионның жанынан пәтерін дайындап, Ғұсманды 1962 жылы Алматыға көшіріп алды. 1963 жылы 200 метрге жарысуда КСРО Халықтарының спартакиадасында чемпион атанған соң, Қаркен ағадан үй алуға көмектесуін сұрадым. Ол кісі жоқ демеді. Сөйтіп, Ғұсманнан кейін мен де пәтер алдым, - дейді тағы бір қазақтың даңқты жеңіл атлеті Әмин Тұяқов журналист Қыдырбек Рысбекке берген сұхбатында.
Ғұсман Қосанов елген оралған соң, Әмин Тұяқов екеуі сол жылдары қазақ жеңіл атлетикасын жаңа белеске көтерді. 1962 жылғы КСРО чемпионатында Тұяқов 200 метрде алтын, ал қысқа қашықтықта қола медаль жеңіп алады. Тек Озолин мен Николай Политикоға есе жібереді.
Келесі жылы 4 жылда бір рет өтетін КСРО халықтарының спартакиадасының финалына екі қазақ баласы да жолдама алады. 100 метрлік қашықтықта Тұяқов – күміс, Қосанов – қола медаль еншілейді. Екеуінің алдын тек Озолин орайды. 200 метрде Әмин қола жүлде еншілесе, Ғұсман алты орынмен шектеледі.
1964 жылы Токио Олимпиадасында эстафетадан төрттікті жасақтауда бапкерлер штабы Эдвин Озолин, Борис Зубков, Ғұсман Қосанов және Николай Политикоға сенім артады. Қосалқы құрамға бесінші етіп, Әмин Тұяқов апарады. Олимпиада қарсаңында Политико жарақат алып, орнына қазақ жігітін емес, 20 жастағы Борис Савчукты қосады. Ол бұған дейін ешқашан КСРО чемпионы болып көрмеген әрі эстафеталық жүгіруде тәжірибесі жоқ.
Финалда Қосанов таяқшаны бірінші болып, Озолинге жеткізеді. Бірақ соңғы жүгірген Савчук қателік жасап, мәреге бесінші келеді. Егер Әмин Тұяқов қатысқанда бәлкім басқаша болар ма еді?
WhatsApp Image 2020-08-25 at 19.14.24 (1).jpeg

Өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталған тағдыр
Өкінішке қарай, үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Ғұсманның өмірі адам қызығарлықтай болмады. 1980 жылы Молдавада жүргенде үйленген сүйікті жары – Зинаида жол апатынан қайтыс болды. Ғұсманды жақсы білетіндердің айтуынша, бұл қайғыны ол көтере алмаған. Кейіннен рет үйленгенімен, жағдай тіптен ушыққан. Өйткені екі ұлының өгей шешесімен қарым-қатынасы дұрыс болмаған. де жиі сырқаттанды. Көңілінен шығатын жұмысқа орналасудың да реті келмеді. Ақыры 1990 жылдың 19 шілдесінде атақты спортшы Алматыдағы пәтерінде өз-өзіне қол жұмсады. Ол кезде Ғұсман Қосанов 55 жаста еді... Спортшы Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді.
Менің бір өкінетінім, Ғұсманды психиатрға апара алмауым. Әйтпесе, онда апаруға себеп бар еді. Оның өз-өзіне қол жұмсайтыннан жарты жыл бұрын министрлер кеңесінің ауруханасында бір палатада жатқанбыз. Біз республикалық спорт комитеті көмектесті. Сол кезде демікпемен ауырып жүргенмін. Ал Ғұсман бірнеше айдан бері қант диабетіне шалдыққан көрінеді. Мен ауруханаға өз аяғымен келіп, тіпті спорт комитетінен көмек сұрасам, Қосановты мұнда сүйрегендей әкелген көрінеді. Ауруы дендеп кеткен, қатты жүдегені байқалды. Бір сөзбен айтқаны дерті қатты білініп тұрды. Бірде республикалық спорт комитетінің төрағасы Ғұсманды мәжбүрлі түрде ауруханаға әкеліп, жатқызған екен. Палатада жатқанда дерті оның тек сыртқы бейнесіне ғана өзгертпегенін, сонымен қатар жүйкесі де сыр бере бастағанын байқадым. Түнде мүлдем ұйықтамайтын. Аурухананың дәлізінде әрі-бері жүретін, үнемі ой үстінде болатын. Тек укол салғаннан кейін бірден ұйқыға кететін. Ал оянғаннан кейін қайтадан сол ұйқысыздық басталатын... Онымен бірнеше сөйлестім: «Ғұсман сені не мазалайды? Шеріңді тарқатсаң жеңілдеп қаласың деп айтатынмын...». Бірақ үндемей құтылатын. Уақыт өте келе дәрігерлерден Қосанов ауру емес, психдиспансерге жіберу керек дегенді жиі ести бастадым, - дейді Әмин Тұяқов.
Оның айтуынша, тартпасынан қазақша-орысша сөздерді араластырып жазған хатты тауып алған.
Ғұсман әріқарай өмір сүргісі келмейтінін жазған және ұлдарына бас-көз болуымды өтініпті. Психатрия саласының маманы емеспін, бірақ шынымен оған психолог керек еді. Менің таныстарымның арасына өз-өзіне қол жұмсаған Қосанов жалғыз емес. Бір қызығы, олардың бәрі Семей облысынан еді. Өз-өзіне қол жұмсағандардың 99 пайызы психикасы дұрыс емес екеніне келісетін шығарсыз. Менің ойымша, бұл жерде психикалық ауру мен Семейдің ядролық сынағының арасында байланыс бар секілді көрінеді. Маған бұл ой Ғұсманның өлімінен кейін келе бастады. Ауруханада осы хаты үшін оны ұрып алғаным бар еді. Балаларына қорған болсайшы деп айтқанмын. Түсінгендей болған. Осыдан кейін досым «өмірге қайта келгендей көрінген». Ауруханадан шыққанда жазылған секілді еді. Көкшетауға санаторийге бар деп ұсыныс жасалған, алайда өзі бармады. Оның орнына Мәскеудегі жиналыстардың біріне аттанып кетті. Ол жақта құрамадағы достары Николай Политико мен Эдвин Озолиндермен кездескен екен, - дейді даңқты спортшы.
31 қазан 2020 ж. 673 0