Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем чемпионатын сәтті бастады

Әлем чемпионатын сәтті бастады

Латвия астанасы – Ригада жалауы желбіреген шайбалы хоккейден әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. Топтық кезеңдегі алғашқы тур ойынын жарыс қожайындарымен өткізген жерлестеріміз буллит сериясында жеңіске жетті.

Жалпы биылғы жаһандық доданың алғашқы күнінен бастап матчтар өте тартысты әрі тосын нәтижелермен бас­талды. Мәселен, В тобындағы алғашқы турда Латвия хоккейшілері әлем чемпионатында 26 мәрте топ жарып, Олимпия ойындарында 9 рет үздік шыққан Үйеңкі жапырақтар елінің құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, біріншіліктің алғашқы сенсациясын жасады. Ал араға бір күн салып Қазақстан құрамасымен жолыққан мұзайдын иелері тең дәрежеде өткен тартысты бәсекеде есе жіберді.

Араға бес жыл салып шайбалы хоккейден элиталы әлем чемпионатына оралған Юрий Михайлис шәкірттері осылайша турнирді көтеріңкі көңіл күймен бастады. Латвиямен өткен ойынның алғашқы кезеңінен кейін командалар үзіліске тең есеппен шықты. Алғашқы 20 минутта екі құраманың ойыншыларында да гол соғатын тамаша мүмкіндіктер болғанымен, қақпашылар қырағылық танытып, қақпаларына бірде-бір шайба өткізген жоқ.

Қазақстандық хоккейшілерге қара­ғанда бір күн бұрын мұзайдынға шығып, ойын тәжірибесіне ие болған мұзайдын иелері бірінші болып кездесудің есе­бін ашты. Матчтың 27-минутында Лат­вия құрамасынан Лаурис Дарзиньш мер­гендігімен көзге түсіп, 2018 жылдан кейін ұлттық құрамаға оралған қақпашымыз Никита Бояркинді қапы қалдырды. Қазіргі таңда Бояркин Қарағандының «Теміртау» клубының қақпасын қорғайды.

Гол соққаннан кейін қарқынын үдете түскен Латвия ойыншылары есепті еселеуге тырысып, команда болып алға қарай ұмтылған еді. Бірақ қорғанысты ұмыт қалдырған жарыс қожайындары Қазақстан құрамасының ойыншысына қарсы тәртіп бұзып, қорғаушы Увис Янис Балинскис төреші тарапынан екі минут айып жазасына тартылды. Осылайша сан басымдығына ие болып, есепті теңестіретін тамаша мүмкіндікке ие болған жерлестеріміз ұрымтал сәтті мүлт жібермеді. Команда капитаны Роман Старченко мен оның ассистенті Даррен Дицтен тамаша пас алған Александр Шин қақпаны дәл көздеді. Сөйтіп ол Қазақстан құрамасының биылғы әлем чемпионатында соғылған алғашқы шайбасының авторы атанды.

Үшінші кезеңде қарқындарын бәсең­детпеген екі құрама ойыншылары тағы да бір шайбамен алмасты. 45-минутта Рихардс Букартс командасын есепте қайта алға шығарса, араға 12 секунд са­лып Джесси Блэкер есепті теңестіріп кет­ті. Матч соңына дейін таблодағы есеп өзге­ріс­сіз қалып, ойын овертаймға ұлас­ты. Алайда қосымша уақытта да хок­кей­­ші­лер бір-бірінің қақпа кілтін таба ал­мады.

Бұл кездесуде жеңімпаз команданың есімі ойын соңындағы буллит сериясында (хоккейдегі пенальти) анықталды. Шешуші сәтте Латвия құрамасына қара­ғанда дәлдік танытқан жерлестеріміз 4:3 есебімен мұзайдын иелерінен жеңіс­ті жұлып алды. Буллит сериясында Алек­сандр Шин, Никита Михайлис, Роман Старченко және Евгений Рымарев қақпаны дәл көздеп, жанкүйерлерге жеңіс сыйлады.

Ойыннан кейін Қазақстан құра­ма командасының бас бапкері Юрий Ми­хайлис сұхбат беріп, барша Қазақстандық хоккей жанкүйерлеріне қуаныш сыйлаған шәкірттеріне ризашылығын білдірді.

– Өте тартысты ойын болды. Біз әу баста-ақ Латвия құрамасының қалай ойнайтынын білдік және осы ойынға дайын болдық. Жігіттер бүгінгі ойында хоккейшіге тән мінез, табандылық көрсетті. Алғашқы минуттардан бас­тап белсенді ойнап, қарсыласты барынша састыруға тырыстық. Менің ойымша, жоспарымыз іске асты, дегенмен кей сәттерде қарсыластарымыздың еркін қимылдауына да мүмкіндік беріп қойдық. Жалпы жігіттердің бүгінгі ойынына көңілім толды, бәріне ризамын, олар бүгін керемет ойын өрнегін көрсетті. Біздің хоккейшілер – Отан үшін, Қазақстан үшін күрескен нағыз ерлер, – деді бас бапкер.

Алғашқы екі күннің нәтижесі бо­йынша, 2 ұпайға қол жеткізген Қазақстан құрамасы В тобында 4-орынға тұрақтады. Алғашқы турда Италия құрамасынан 9:4, екінші турда Норвегия құрамасынан 5:1 есебімен айласын асырған германиялық хоккейшілер 6 ұпаймен көш бастап тұр. Ал Канаданы 2:0 есебімен жеңіп, Қазақстаннан ұтылған Латвия 4 ұпаймен 2-орында. Бірінші турда АҚШ-тан басым түскен Финляндия болса 3 ұпаймен 3-орында келеді. Ал бірде-бір ұпай алма­ған АҚШ, Канада, Норвегия және Ита­лия хоккейшілері 5-8 орындарды өзара бөлісіп тұр. Бұл – В тобындағы жағдай.

А тобындағы бәсекелер де тартысты өтуде. Ең кейінгі рет 2012 жылғы әлем чемпионатында дара шыққан Ресей хоккейшілері алғашқы турда Чехия құрамасынан басым түсті. Жеті шайба соғылған кездесуде солтүстіктегі көршілеріміз соңғы сәтте жеңісті жұлып алды. Матчтың аяқталуына 19 секунд қалғанда Михаил Григоренко гол соғып, Ресей құрамасына маңызды үш ұпайды сыйлады. Ал екінші турда Ұлыбритания хоккейшілерін 7:1 есебімен ұтқан Ресей 6 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

Кейінгі орындарға бірінші турда қарсыластарынан басым түскен Слова­кия, Швейцария және Дания құрамалары жайғасқан. Атап айтар болсақ, алғашқы турда Словакия Беларусь құрамасынан 5:2 нәтижесімен басым түссе, Швейцария дәл осындай есеппен Чехия хоккейшілерін жеңді. Ал Дания әлем чемпионаттарында алғаш рет Швециядан айласын асырды. Есеп – 4:3.

Кеше кешкісін Финляндиямен ойна­ған Қазақстан құрамасы кейінгі турларда – АҚШ (25 мамыр), Германия (26 мамыр), Канада (28 мамыр), Италия (29 мамыр) және Норвегия (31 мамыр) хоккейшілерімен кездеседі.

egemen.kz
24 мамыр 2021 ж. 464 0