Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазақстан барысы» республикалық турнирі елордада 4 шілдеде өтеді

«Қазақстан барысы» республикалық турнирі елордада 4 шілдеде өтеді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі Х рет 4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
Дәстүрлі турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын мерекелеу және ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатын жүзеге асырады.
Qazaq kuresi Ассоциациясының Спортты дамыту директоры Бақдәулет Сәбитов «Қазақстан барысы» жобасының он жыл көлемінде жүріп өткен жолына шолу жасады. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда өткен іріктеу жарыстарынан 37 балуан жолдамаға ие болғанын айтып өтті.
ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің ұлттық спорт және спортта мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Махамбетов Мейрамбек өз кезегінде қазақстандықтарды осындай ұлттық жобаның мерейлі мерекесімен құттықтады. Ал, Qazaq kuresi Ассоциациясының бас директоры Имамбаев Самат еліміздегі қазақ күресінің кәсіби негізде дамуын, әлемдік аренадағы орнын қалыптастыру қадамдарын атап кетті. Жобаның үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысы» жобасының жас ұрпаққа, спортшыларға деген ерекше әсеріне тоқталды.
«Ақтық финалға жолдама алған 37 балуанның 11-і алғаш рет бақ сынайды, сол үшін де биылғы турнирде біз «Қазақстан барысы» жобасының жаңғыру жолына куә боламыз» – деді «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының атқарушы директоры Уразалин Серікбол.
Турнирді «Nur Otan» партиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры мен Qazaq kuresi Ассоциациясы ұйымдастыруда.
Нұр-Сұлтан қаласының қызыл аймақта болуына байланысты, 20 пайыз көрерменге рұқсат етілген. Билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылады. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 2 шілде, сағат 19.00- де «Хан Шатыр» СОСО белгіленіп отыр.

kyzylorda-news.kz
24 маусым 2021 ж. 707 0