Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Токио-2020: Қоржын толы – қола

Токио-2020: Қоржын толы – қола

Төрт жылда бір рет өтетін Олимпиада биыл Жапонияның астанасы Токиода алауын жақты. ХХХII жазғы Олимпиада ойындарына дүние жүзінің 206 мемлекетінен 11000 спортшы қатысуда. Тиісінше, 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынады деп жоспарланған. Ал Қазақстан атынан 95 спортшы 27 спорт түрінен қатысуда. Олимпиаданың бітуіне санаулы күн қалды. Ондағы елдер рейтингінде Қазақстан 68-орында тұр. Әзірге қоланы қанағат тұтып тұрмыз.
Негізінен, олимпиада ойындары Токиода өткен жылы өтуі керек болған.  Дегенмен әлемдегі ахуалға байланысты жазғы олимпиада ойындары өз тарихында екінші мәрте кейінге шегерілді. Тарихқа көз салсақ, 1940 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен XII жазғы олимпиада ойындары өтпей қалды. Ал XXXII олимпиада коронавирус енгізген пандемия себепті биылғы жылға ауыстырылды. Олимпиада тарихында 3 рет жазғы ойындар өтпей қалды. VI жазғы олимпиада ойындары 1916 жылы Берлинде өткізілуі керек-тін. Дүниежүзілік соғыс әсерінен олимп алауы сөнді. XII-XIII ойындар қарсаңында екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатты. Олимп алауы спорт алаңдарында емес, майданда жанды. Одан өзге олимпиада ойындары жаһандағы экономикалық, саяси құбылыстарға қарамай уақытында өтті.
Ал XXXII жазғы олимпиада ойындарының жөні бөлек. Токио әлем спортшыларын қабылдауға 10 жыл дайындалды. 2011 жылы өтінім жіберді, 2012 жылы ресми үміткер болды, 2013 жылы шешім шықты. Токио-2020 олимпиадасына жоғарыда атап өткен пандемия кесірін тигізді. Енді Токиодағы дода халықаралық олимпиада комитетінің  шешімімен биыл 23 шілдеде алауын жақты.
Олимпиада сынға түскен спортшыларымыздың көбі ә дегеннен жарыс жолынан шығып қалып, қынжылтқаны жасырын емес. Тек  дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленіп, еңсемізді көтерді. Қазақстандық спортшылардың арасынан «алтын баланы» алаңдап күткеніміз рас. Алтыннан дәмеленетін жөніміз бар. Әлемдік рейтингте үздік ондықта тұрған таэквондошы Руслан Жапаров пен Азия ойындарының күміс жүлдегері Жансель Дениз және екінші олимпиадасында бақ сынауға келген дзюдошы Дидар Хамза секілді спортшылар алтынға бастар жолды біледі деп ел сенді. Десе де сайыскерлердің бағы мен бабы келіспеді ме қайдам, жарыс жолынан шығып қалды.
Токио олимпиадасына жарыс жолына  академиялық есуден қатысқан жалғыз қазақстандық спортшы Владислав Яковлев жазғы ойындарды 19-орынмен аяқтады. Сондай-ақ садақ атудан ерлер арасында жекелей сынның 1/8 финалында Ильфат Абдуллин қытайлық Ли Джуа Лунге 5:6 есебімен жол берді. Қазақстандық жеңіл атлет Михаил Литвин Токио олимпиадасында 400 метр қашықтыққа жүгіруден жартылай финалға шыға алмады. Михаил Литвин өзінің тобында 47:15 нәтижесімен 7-орын алды. Су добынан Қазақстан құрамасы Токио олимпиадасы ойындарында Черногория құрамасына қарсы ойын өткізіп, 12:19 есебімен ұтылды. Айта кетерлігі, су добынан Қазақстан құрамасы осыған дейін Хорватия 7:23, Сербия 5:19 және Испания 16:4 нәтижемен есе жіберді. Іріктеудің соңғы кезеңінде Аустралияға қарсы кездесуде 7:15 есебімен жеңіліске ұшырады.
Бокстан 2004 жылдан бері «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келі салмақта Рониэль Иглесас Куба құрамасына алғашқы алтынды алып берді. Ал 57 келіде бақ сынаған Сена Айридің жетістігі, тіпті керемет! Ол қыздар арасында Жапония тарихында тұңғыш рет бокстан Олимпиада чемпионы атанды.
Олимпиада боксшыларымыз үшін сәтті басталды дей алмаймыз. Бұған дейін аса ауыр салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға жолдама алғанда, алтыннан үмітті болған едік. Дегенмен жерлесіміздің америкалық Ричард Торрестен жеңіліс тапты. Дода барысында алған жарақатының салдарынан жарысты уақытынан бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша қазақ қоржыны төртінші «қола медальмен» толықты. Сәкен Бибосынов та бесінші "қола" алып, ол да жартылай финалдан жарысты тоқтатты. Алайда бокста үнемі бізбен бәсекелесіп жүретін, Рио Олимпиадасында үш алтын медаль жеңіп алған Өзбекстан құрамасының жартылай финалда бір ғана боксшысы қалғанын ескерсек, боксшыларымыздың жеткен жетістігі қанағаттанарлық деуге болады. Әйткенмен, біз мұндай төмен нәтижені соңғы екі Олимпиадада көрген емеспіз.
2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов қазіргі нәтиженің себебі туралы өз пікірін білдірді. Оның сөзінше:
– Басқа елдерде боксшылардың деңгейі әлемдік үрдістермен бірге өсіп келеді. Ал біз Кеңес Одағы деңгейінде тоқтап қалдық. Мысалы, біздің спортшылар қашықта қалай жұдырықтасу керегін біледі, бірақ көбіне қарсылас жақындаған кезде не істерін білмей қалады. Мұндай жағдайда біздің боксшылар құшақтасып алады. Бұл техника емес. Соққы жасау үшін техниканы шыңдау керек, секірмеуді және тепе-теңдікті жоғалтпауды үйрену маңызды. Төзім мен жылдамдық керек,– деді Данияр Елеусінов.
Ал бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Назым Қызайбай боксшылар сәтсіздігіне карантин де әсер еткендігін айтады. Себебі олар карантин кезінде тауда жаттығуға мәжбүр болған. Әдетте үлкен дода алдында боксшылар тауда жаттықпайды екен.
Грек-рим шеберлері Токио Олимпиадасын сәтсіз аяқтады. Ел намысын соңғы болып қорғаған Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Германиялық Денис Кудламен өткен белдесу 4:1 есебімен неміс спортшысының пайдасына шешілді. Жарыс аяқталғаннан кейін бас бапкер Бақтияр Байсейітов төрешілер шешімімен келіспейтінін жеткізді.
– Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, әдіс жасалды. Тік тұрып жартылай әдіс жасап лақтырды. Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Төрешілер мұны есептеген жоқ. Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде  белдесуді қайта қарап, шешімді өзгертпеді. Әдетте шағым қанағаттандырылмаса, қарсыласқа бір ұпай беріледі. Бас төреші, төрешілер үйлестірушісінің ұлты – неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер. Бұл жерде бізден жеңісті тартып алды деп есептеймін, – деді бас бапкер.
5 тамызда каратэшілеріміз өнер көрсетті. Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет қосылып тұрған спорт түрінен жалпы саны сегіз медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ә дегеннен-ақ тәжірибелі спортшымыз Дархан Асәділов жақсы нәтиже көрсетті. А тобында өнер көрсеткен каратэші төрт қарсыласпен сынға түспек болған. Бірақ ол алғашқы үшеуін айқын басымдықпен жеңіс мерзімінен бұрын  жартылай финалға жолдама алды. Ол жартылай финалда франциялық қарсыласына есе жіберіп, елге алтыншы қола медальды сыйлады. Сондай-ақ еркін күрестен 57 келіде қола медальды қоржынға салды. Осылайша әзірге ел спортшылары 7 қола медальды еншілеп тұр.
Күншығыс елінде өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарындағы жерлестеріміз көрсеткен нәтиже көңіл қуанта қоймаса да, олардың барын салып тырысқанына көз жеткіздік. Әлемді әбігерге салған коронавирус кезеңінде өткен олимпиада ойынында спортшыларымыз жеңісті қолдан бермеуге тырысып-ақ бақты.  Десе де, бағы мен бабы қатар келмеді ме кайдам, қазақстандықтар үшін бұл олимпиада ойындары тек қола медалмен шектелді. Оған да шүкір дедік. Спортшыларымыз бұл сыннан алған тәжірибеден нәтиже шығарады деп сенеміз.
Назерке БАҚЫРАН
07 тамыз 2021 ж. 697 0