Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт жаңалықтарына шолу

Спорт жаңалықтарына шолу

«Динамодан» ұтылып қалды
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін Нұр-Сұл­танның «Барысы» төрт ойынға созылған сырт айдындағы матч­тар сериясын аяқтап, елордаға оралды. Минскіде өткен соңғы ойын­да қазақстандық команда жергілікті «Динамоға» есе жіберді.
 «Минск-Аренаға» жиналған 5 мың жанкүйер тартысты өткен бәсекеде 11 шайбаның куәсі болды. Кездесудің бірінші және жетінші минуттарында «Барыстың швециялық шабуылшысы Якоб Лилья мергендігімен көзге түсіп, елордалық клубты есепте алға шығарды. Бірақ «Барыс» ойыншыларының қуанышы ұзаққа созылмады. Екінші кезеңде шиеленісті ойын өз жал­ғасын тапты. 28-минутта «Барыс» Даррен Дицтің голының арқа­сында есепте қайта алға шықса, 36-минутта Маттиас Теденбю табло­дағы көрсеткішті 3:3-ке жеткізді.
Үшінші кезеңде қарқынын бәсеңдетіп алған жерлестеріміз таблодағы басымдықты ұстап қала алмады. Айдын иелері айналдырған 7 минуттың ішінде Йони Ортио қорғаған қақпаға үш шайба соғып, 6:4 нәтижесімен алға шықты. 52-минутта Якоб Лилья ойындағы үшінші, «Барыстың» бесінші голын соққанымен, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Есеп – 6:5. 
20 ойыннан кейін «Барыс» «Шығыс» конференциясында 7-орында тұр. Қоржынында 18 ұпайы бар. Жерлестеріміз келесі екі ойынын елордада өткізеді. Ертең «Барыс Аренада» Ярославльдің «Локомотивін» қабылдаса, 24 қазанда Череповецтің «Северсталімен» кездеседі.
 
Маусымды жеңіспен қорытындылады
Қазақстандық Astana – Premier Tech велокомандасы Венецияда өткен осы маусымдағы соңғы веложарысқа қатысып, жылды жеңіспен түйіндеді. Бір күндік «Венето Классик» бәсекесінде «Астана» өкілі Самуэлэ Баттистелла топ жарды.
Astana – Premier Tech командасы үшін маусымның соңғы жарысы Венециядан басталып, Бассано-дель-Граппа аймағында өз мәресіне жетті. 206 шақырымдық қашықтықты «Астананың» италиялық велошабандозы Самуэле Баттистелла 5 сағат 1 минут 49 секундта жүріп өтіп, өзінің кәсіби деңгейдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Екінші және үшінші орындарды иеленген швейцариялық Марк Хирши (UAE Team Emirates) мен колумбиялық Джонатан Рестрепо (Androni Giocattoli – Sidermec) Баттистелладан 6 секундқа қалып қойды. Ал бір аптаның ішінде екі жарыста топ жарған қазақстандық Алексей Луценко бұл бәсекені төртінші орынмен аяқтады.
 
 Теннисшілер тегіс сүрінді 
Ресей астанасы – Мәскеуде ATP 250/WTA 500 санатындағы ерлер мен әйелдер арасында дәстүрлі «Кремль кубогы» турнирі өтіп жатыр.
Өкінішке қарай, халықаралық жарыста Қазақстан атынан қатысқан барлық теннисшіміз бірінші айналымда сүрінді. Ерлер арасында өнер көрсеткен Александр Бублик алғашқы кезеңде әлемдік рейтингте 164-орында тұрған украиналық Илья Марченкодан 4:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.
Сонымен қатар қыздар бәсекесінде бақ сынаған әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина чехиялық Маркет Вондроушоваға (35) 4:6, 4:6 нәтижесімен жол берді. Тағы бір қазақстандық теннисші Анна Данилина да екінші айналымға шыға алмады. Жұптық жарыста аустралиялық Арина Родионовамен бірге кортқа шыққан ол чехиялық Мария Боузкова мен Луций Градецкаядан ұтылды – 1:6, 1:6.
 
Дайындаған
Әли БИТӨРЕ

egemen.kz
21 қазан 2021 ж. 877 0