Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық спортшы халықаралық турнирде қола медаль иеленді

Қызылордалық спортшы халықаралық турнирде қола медаль иеленді

Ақпан айының 7-19 күндері аралығында Израиль астанасы Тель-Авивте дзюдодан Гран Слэм халықаралық турнирі өтті. Жарыста үш сырбойылық спортшы бақ сынап, 60 кг салмақта өнер көрсеткен Мағжан Шамшадин қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұлов БАҚ өкілдеріне хабарлады.

«Израильде өткен турнирде Сыр елінен Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар және Салтанат Сұлтанбекова қатысты. Ел абыройын асқақтатып, қола жүлдені қанжығасына байлаған Мағжан осы жарысқа ұзақ уақыт дайындалған болатын. Соның арқасында бүгінде әлемдік додада жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сыр спортшыларын әлі талай жеңіс тұғырынан көретініне сенімім зор», – деді басқарма басшысы Асылжан Жаманқұлов.«Қызылордалық спортшы Мағжан Шамшадин 12 жасынан дзюдо спортына құштар болған. Осы уақыт аралығында бірнеше жетістіктерге жетіп, әлемдік турнирлерде бәйгеге түсті.Жарысқа 34 мемлекет қатысып, 300-ге жуық спортшы сайысқа түсті. Былтыр шілде айында өткен әлемдік чемпионатта Мағжан бесінші орын алған болатын. Үзіліссіз еңбектің арқасында кешегі өткен жарыста қола медальға ие болды. Алға қойған мақсатымыз өте көп. Жеңісті күндер көп болсын» – деді жаттықтырушы Қален Қалиұлы.«Қарсыластарымның барлығы осал еместігін көрсете білді. Дегенмен менде намысты қолдан бермей, барымды салуға тырыстым. Алда үлкен жарыстарға қатысу жоспарымда бар. Бізді қолдаған жерлестерім мен спорт сүйер қауымға алғысым шексіз», – деді Мағжан Шамшадин.

kyzylorda-news.kz​​​
24 ақпан 2022 ж. 726 0