Сырдағы «Бала барысы»
Қызылордада қала күні аясында түрлі іс-шаралар, мәдени кештер ұйымдастырылып, Сырдағы шаһардың әр күні жаңалыққа толы болып тұр. Биыл астана болған Ақмешіттің мерекесі аясында тұңғыш рет «Бала барысы» байрақты бәсекесі өтті. Отыз спортшы қатысқан жас балуандар додасына бірқатар компания демеушілік жасады.
«Бала барысы» айға созылған қала күні мерекесі аясындағы «Жастар карнавалы», «Сырдың қырық қазаны» жобасы, «Кітап FEST» кітап фестивалі, «Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді» атты поэзия кеші, «Жастық шағымның куәсі – Қызылорда» ретро әндер фестивалі секілді түрлі мәдени көпшілік шара легін түйіндеген жарыс болды. Балалар арасында ұлттық спортты насихаттау бағытындағы бастамаға «Абай-Дәулет», «Ер-Ару», «Шаған құрылыс заттары» компаниялары қолдау танытты.
Балалар белдесуі өткен «Евразия» спорт кешені жанкүйерге толы болды. Жалпы, бұл аймақ осы уақытқа дейін спорттың қай түрінен де жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Сыр велоспортшыларының атағы алысқа кеткені белгілі. Тоқсаныншы жылдары гандболшы қыздарымыз талай жарыстан жүлдемен оралып жүрді. Қатарынан бірнеше чемпион шығарған аймақ ауыр атлетикасы туралы да айтарымыз бір бөлек. Қазір көгалдағы хоккейден Сыр спортшылары ел намысын қорғап жүр.
Ұлттық спорт түрлерінен де аймақ спортшыларының мерейі үстем шығады. Әсіресе, тоғызқұмалақтан топ басында келеді.
«Қазақстан барысы» сайысы алғаш ұйымдастырылған 2011 жылы қызылордалық Ұлан Рысқұлов топ жарды. Ұланның жеңісті жолын жалғаған Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабыловтар бүгінде үлкен ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Осындай ағаларының жолын жалғамаққа талпынған «Бала барысы» турниріне қатысушыларға Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов сәттілік тіледі.
– Осындай өрендер барда қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына сенемін. Алдағы уақытта «Бала барысы» турнирінің дәстүрлі сипат алуына жүйелі жұмыстар жасалып, бұл байрақты бәсекеде танылған жас түлектер көптеген дүбірлі додада Алашқа олжа салады деп ойлаймын, – деді қала әкімі.
Жас балуандар бозкілемге спорт кешенінің ішіне бір-біріне қарама-қарсы тігілген қос киіз үйден шығып, өз қарсыластарын жеребе арқылы анықтады. Спортшылардың әрбір қимылы жоғары технологиялы VAR жүйесі арқылы бақыланып, ютуб арнасында тікелей эфир жүргізілді.
Тартысты бәсекені талантты ақын Ақжол Түменбай жүргізіп, рухты сөздерімен балуандарға дем беріп отырды. Әр белдесуі тартысты өткен турнирдің ақтық сынында кешен ішін жанкүйерлердің қиқуы кернеп тұрды.
Турнир нәтижесінде қармақшылық Бақытжан Арқар «Көрермен көзайымы» атанса, 50 мың теңге және «Қола белбеу» Қызылорда қаласының балуаны Исламбек Баймолдаевқа бұйырды. Жартылай жеңіс ұпайымен алда тұрып, соңғы сәтте ғана қарсыласына есе жіберген жаңақорғандық Дінмұхамед Ержанов 100 мың теңге мен «Күміс белбеуді» қанағат тұтса, 150 мың теңге және «Алтын белбеуді» қармақшылық Әлихан Әлиасқаров жеңіп алып, арнайы жасалған ауыспалы «Тайтұяқты» иеленді.
Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен бұл бәсеке жыл сайын өткізілетін дәстүрлі додаға айналмақ.
egemen.kz