Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елорда күніне орай қандай шаралар өтеді

Елорда күніне орай қандай шаралар өтеді

Осы аптада – Елорда күні өтеді. Әдеттегідей, саябақтарда, парктерде, тұрғын алаптарында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі ойын-сауық бағдарламасын әзірледі.

Мерекеге орай осы аптада бірқатар шара өтеді. 4 шілдеде елордада игі дәстүрге айналған фестивальдер өтеді. 
Бұл күні «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі ашылады. Көрермендер әлемнің түкпір-түкпірінен келген цирк майталмандарының өнерін тамашалайды. Бағдарламаға үйретілген аңдар, әуе гимнастшылары, эквилибристер, клоундар енгізілді. Сондай-ақ, фестивальге қатысушылардың дәстүрлі шеруі ұйымдастырылады. 
Сонымен қатар, 4 шілдеде әкімдік алдындағы Қалалық алаңда «Шаттық» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің шымылдығы ашылады. Кішкентай өнерпаздар ән салып, би билейді, сән көрсетіліміне қатысады. 
Шілденің 4-і мен 6-сы аралығында елордалық алаңдарда Х «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрлері фестивалі басталады. 6 шілде күні таңертең шараға қатысатын оркестрлердің шеруі өтеді. Содан кейін Қалалық алаңда қала тұрғындары мен қонақтарының назарына плац-концерт ұсынылады. 
Ән сүйер қауым 5-6 шілдеде караокеден «Бәрі де ән шырқайды!» чемпионатына қатысады. Балалар мен ересектер ән айтудан жарысады. Халықтық караоке Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда өтеді. 
Ұлы қазақ ақындары мен жас жазушылардың шығармашылығымен етене танысқысы келетін жандар үшін елордада «Нұр-Сұлтан – еліміздің бас қаласы, Жастар – болашақтың бастамасы!» атты кітап пен поэзия кеші ұйымдастырылады. 5 шілдеде Абай ескерткішінің жанында Абай оқулары, мәнерлеп оқушылар байқауы, кітап көрмесі өтіп, театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. 
Осы күні Қалалық алаңда «International Street dance Session in Astana» халықаралық көше биі фестивалі өз көрермендерін күтеді. Жиналған қауым би билеуден топтық жарыстар мен жекпе-жектер тамашалайды. 
ЭКСПО аумағындағы жазғы сахнада The Spirit of Eurasia 2019 халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді. Мұнда артистер өнер көрсетіп қана қоймай, шеберлердің этникалық қалашығы мен жәрмеңке ашылады. 
6 шілдеде Промышленный, Интернациональный, Железнодорожный, Пригородный, Үркер, Көктал-1 тұрғын алаптарында бүкіл отбасыға арналған «Думанды Сарыарқа» мерекелік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылады. Шара аясында эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мультфильмдердің кейіпкерлерінің киімін киген аниматорлар кішкентай елордалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. 
Мерекелік бағдарламада спорт сүйер қауымға арналған шаралар да қарастырылған. 
Олардың қатарында «Болашақ аңыз тұлғалар» атты кәсіпқой бокс кеші де бар. 6 шілдеде «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында кештің басты жекпе-жегін бұған дейін жеңіліс таппаған қазақстандық былғары қолғап шебері Жанқош Тұраров өткізеді. 
Елорда күніне арналған салтанатты шаралар легін Ұлттық Домбыра күніне арналған концерт аяқтайды. Шара 7 шілдеде «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда сағат 12.00 өтеді. Сондай-ақ, осы күні кешке сағат 17.00 Амфитеатрда өнер сүйер қауым «Нағыз қазақ домбыра» атты концертті тамашалайды. 
Мерекенің соңғы күндері 7-8 шілдеде Амфитеатр сахнасында тай артистері «Тай түндері» атты концерттік бағдарламасын ұсынады. Бұл шара – Тайланд Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің Елорда күніне тартқан сыйы. Сондай-ақ, концерт Нұр-Сұлтан мен Бангкок қалаларының бауырластық қарым-қатынасының 15 жылдығына орайластырылған. Елорда күніне арналған мерекелік шаралар туралы толық ақпарат www.astanaday.kz ресми сайтында жарияланған.

https://baq.kz 
   

04 шілде 2019 ж. 908 0