Футбол лигасы өз мәресіне жетті
Кеше аудандық мәдениет үйінде бүкіл аудан көз тіккен екі ай уақытқа жалғасқан әуесқойлар футбол лигасының жабылу салтанаты өтті.
Аталмыш футбол лигасының қорытынды кешіне қатысқан аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов сөз алып, жасыл кілемде жасындай жарқыраған жастардың бәсекеге толы қызу да тартысты ойындарының өз деңгейінде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға және осы теңбіл доп додасында өз шеберліктерін көрсеткен командалар мен олардың мүшелеріне алғыс білдірді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, аудандағы бұқаралық спортты дамыту, жастардың уақытын босқа өткізбеу мақсатында ұйымдастырылған ойынға Арал қаласындағы мөлтек аудандар мен елдімекен жастары арасынан 11 команда бойынша 300-ге жуық ойыншы қатысып, өзара бақ сынады.
Жарыстың нәтижесімен, «Көктем-2023» лигасында үздік ойын көрсетіп, жүзден жүйрік атанған «OMAR» футбол командасы І орынды иеленді. Жүлделі ІІ орынды «Арлан» командасы еншілесе, ІІІ орын ТМТ «Сексеуіл» командасына бұйырды.
Сондай-ақ, шара барысында үлгілі ойын өрнегін көрсеткен азаматтарға «Мерген шабуылшы», «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы» сынды номинациялар табысталды. Ал ең мықты белсенділік танытқан жанкүйерлер ретінде «Арлан» жанкүйерлері марапатталды.
"Толқын" ақпарат