Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайда XIX Азия ойындарының алау эстафетасы басталды

Қытайда XIX Азия ойындарының алау эстафетасы басталды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX Азия ойындарының ашылуына екі аптадан сәл астам уақыт қалды. Бүгін Азиада алауы эстафетасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Салтанатты рәсім Чжэцзян провинциясы Ханчжоу қаласындағы Сиху көлі маңынан басталды. Алауды бірінші болып жүзуші, олимпиада чемпионы Ло Сюэцзюань алып жүгірді.

Жазғы Азиада алауы 8-20 қыркүйек аралығында Чжэцзян провинциясының 11 қаласын аралап шығады.

XIX жазғы Азия ойындары 23 қыркүйек - 8 қазан аралығында өтеді. Ашылу және жабылу салтанаты Ханчжоу қаласында болады.

XIX Азия ойындары әуелде 2022 жылдың 10-25 қыркүйегі аралығына жоспарланғанын еске сала кетейік. Бірақ 2023 жылдың күзіне ауыстырылды. Азия ойындары Қытайда үшінші рет өтпек. 1990 жылы жарыс Бейжіңде, 2010 жылы Гуанчжоуда өтті. Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің ақпараты бойынша, Ханчжоудағы XIX Азия ойындарының спорттық бағдарламасына спорттың 40 түрі, 61 спорттық пән мен 483 іс-шара кіреді. Сондай-ақ киберспорт пен брейк-данс бойынша жарыстар Азия ойындарында алғаш рет ұйымдастырылмақ. Ханчжоудағы Ойындарға Азия елдерінің 12 мыңнан астам спортшысы қатысады, оның ішінде Қазақстан да бар.

Ханчжоудағы Азия ойындарында Надежда Дубовицкая мен Асланбек Шымбергенов Қазақстан құрамасының туын көтеріп шығады.

XIX Азия ойындарының алауы Қытайда ресми түрде маусым айында жағылған болатын.
08 қыркүйек 2023 ж. 466 0