Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас спортшыларға қолдау жасады

Жас спортшыларға қолдау жасады

Ұлыстың ұлы күні биыл өзгеше сипатта көрініс тапқанын көпшілік көрді. Мемлекет басшысының бұл мейрамға айрықша басымдық беруі республикамыздың түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтілуіне жол ашты.
Осынау күн мен түн теңескен наурызда қайырымдылық шарасы да толастаған жоқ. Аудан көлемінде бірқатар игі істер атқарылды. Солардың бір парасы жас спортшыларға қолдау жасаған «Арал сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұрбек Әйімбетовтің жас спортшыларға деген қамқорлығы еді. Сауапты бастамаға құрылымның іргесін қалаушы азаматтың іссапарда болуына байланысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов қатысып, қаршадайынан спортты серік еткен жеткіншектерге әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуге ақжарма тілегін ортаға салды. Алдағы уақытта елдің атын әлемге таныта берулеріне сенім артты.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов болашақ иелеріне демеушілік жасап, олардың алаңсыз жаттығуына себепші болған Нұрбектей азаматтың берері мол бастамасы көпке үлгі үлгі болуы керектігін алға тартты. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов, аудандық «Толқын» газетінің редакторы және аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ақтілек Есеев шаршы алаңда аудан намысын қорғап, облыс, республика төрінен алтыннан олжа сала берулеріне лебіздерін жеткізді.
Қуаныштан төбелері көкке жеткен балғын боксшылардың жаттықтырушылары Мұрат Қаныбетов пен Мұрат Еділбаев балалардың келешегі жарқын болуына жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыстарын айтты.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
01 сәуір 2024 ж. 1 608 0