Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕРХИО РАМОС «РЕАЛДАН» КЕТЕТІНІН МӘЛІМДЕДІ

СЕРХИО РАМОС «РЕАЛДАН» КЕТЕТІНІН МӘЛІМДЕДІ

Чемпиондар лигасының 1/8 финалында голландиялық «Аякстан» жеңілгеннен кейін корольдік клубтың киіну бөлмесінде біраз келіспеушілік болған. Бұл туралы AS хабарлайды.
Дисквалификациясына байланысты бұл ойынға қатыса алмаған команда капитаны Серхио Рамос та киіну бөлмесіне келген. Онда клуб президенті Флорентино Перес те барған. Ол ойыншыларды жауапсыздығы, бар өнерлерін көрсете алмағаны үшін аяусыз айыптап, бұл жағдайдың аса ұят нәрсе екенін айтқан. Оған жауап берген Рамос бұл үшін Перестің өзін, клубтың директорлар кеңесін де кінәлайды. Капитан басшылықты маусымды дұрыс жоспарлай алмады деп айыптаған.
Ашуланған Перес: «Сен боссың» дейді. Рамос оған жауап ретінде: «Маған ақшамды төле. Кетемін» деп жауап қатқан. Сонымен қатар: «Мен барымды бердім, клубтың намысы үшін, тіпті сен үшін күрестім» деп жауап берген. Испаниялық басылымдардың жазуынша, киіну бөлмесінде болған ұрыс-керіске ойыншылар ғана емес, медициналық қызмет өкілдері де куә болған. Осыдан соң Перес шұғыл түрде директорлар кеңесін шақырып, Солариді қызметтен алу және бас бапкерлікке Жозе Моуриньоны шақыру туралы сөз етеді. Моуриньоны шақыру корольдік клубтың ойында бұрын да бар еді.
Алайда португалиялық маман мен Рамос арасындағы қолайсыз қарым-қатынас бұл іске тежеу болып келген. Алайда бірнеше сағатқа созылған жиын барысында тараптар лайықты келісімге келе алмаған, сәйкесінше Соларидің отставкасы туралы да шешім қабылданбаған. Дегенмен кейінірек Жозе Моуриньоның командаға шақырылуы жайлы келіссөздер басталған деген де ақпарат тарап үлгерді. Киім ауыстыру бөлмесіндегі ренішке байланысты әзірге клуб ешқандай пікір білдірмеді.
Егер расымен Рамос клубтан кететін болса, онда ол Переспен ренжіскен соң кетіп қалған алғашқы капитан болмақ. Бұған дейін клубтың Зинедин Зиданды қайтадан қызметке шақырып жатқаны жайлы ақпарат пайда болған еді.
Абай Қазбекұлы.
aikyn.kz
09 наурыз 2019 ж. 901 0