Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛГАРИЯЛЫҚ ЖАНКҮЙЕРЛЕР ЕРКЕБҰЛАНДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛДЫ?

БОЛГАРИЯЛЫҚ ЖАНКҮЙЕРЛЕР ЕРКЕБҰЛАНДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛДЫ?

Болгариялық футбол жанкүйерлері қазақстандық шабуылшы Еркебұлан Сейдахметтің «Левски» сапына ауысуын әртүрлі қабылдап жатыр. Осы ретте болгариялық клубтың әлеуметтік желідегі парақшасына қалдырылған пікірлерді жинақтап отырмыз.
«Болгарлық таланттарды тарту саясаты не болды»? «Егер болгарлық болмаса, онда жас футболшы». «Бұл әлі бала. Сіздерге оның жаялығын қайта-қайта ауыстыруға тура келеді». «Керемет! Енді сомалилік Роналдуды күту ғана қалды». «Ғажап трансфер. Бұл футболшының қабілеті өте жоғары». «Егер оны «Уфа» сақтап қалуға тырыспаса, оны ресейлік топ-клубтар алмаса, онда оның қаншалықты Мессиге ұқсас екенін бағамдай беруге болады»!
«Бізге жылдамырақ бапкер ауыстыру керек сияқты. Әйтпесе, Дерменджиевпен бізді сәтсіз күндер күтіп тұр». «Мұның бәрі түк емес. Басты нәрсе – бапкер ауыстыру». «Бұл трансфер клубқа Стойловтың оралуына мүмкіндік беретін сияқты». «Енді Камбоджадан келген Роналду немесе Тутраканнан келген Неймар деп жазады». «Мен де Мессимін. Мені де командаға алыңыздаршы». «Керемет футболшы! Жарайсың, «Левски»! «Ол ересектер арасында бір рет ғана гол соққан. Мұндай балалар Болгарияда да, «Левскиде» де толып жатыр». «Бір ғана голы бар футболшыны әкелудің қандай қажеттілігі бар. Өз жастарымыз да жетіп артылмай ма». «Перспективасы өте жоғары. Егер деңгейін жоғарылата алса онда мықты еуропалық ойыншыға айналады. Сосын оны 5-10 миллион еуроға сата аласың».
Еске салсақ, Еркебұлан болгариялық клуб сапына жалға беру келісімен ауысқан болатын. Ал футболшы «Уфаға» бір жыл бұрын ауысып барған. Алайда жаңа командасы қатарында небәрі екі ойынға шығып, одан соң жиі жарақат алып негізгі құрам футболшысына айнала алмады. Сондай-ақ былтыр наурыз айында Қазақстан құрамасы сапында да дебюттік ойынға шығып, алғашқы голын да салды. Осылайша, ұлттық құрамадағы ең жас гол соққан ойыншы ретінде тіркелді. Келісімшарт бойынша Еркебұлан «Левски» сапында жыл соңына дейін ойнайды.
Бұл команданы қазір Георги Дерменджиев жаттықтырады. Аталған маман былтыр «Ордабасының» бас бапкері болған еді. Еркоштың сөзінше, ол жаңа командасында барынша өзін жақсы қырынан көрсеткісі келеді. «Менде бәрі жақсы. «Левскиге» келгенім үшін қуаныштымын. Бұл клуб – Болгариядағы ең танымал, ең титулды ұжым. Мұнда көптеген танымал ойыншылар доп тепкен. Сондықтан мұндай клуб сапына келу мен үшін қуанышты жағдай» дейді футболшы.
Абай Қазбекұлы
aikyn.kz
01 наурыз 2019 ж. 1 121 0