Қызылорда облысынан Париж Олимпиадасына төрт спортшы барады
Қызылорда облысынан 2024 жылғы Париж Олимпиадасына төрт спортшы аттанады.
Сыр өңірінің саңлақтары бокс, грек-рим күресі және дзюдодадан ел намысын қорғайды. Олардың қатарында Қамшыбек Қоңқабаев (бокс), Айдос Сұлтанғали (грек-рим күресі), Абылайхан Жұбаназар мен Нұрлыхан Шархан (дзюдо) бар.
Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев өзінің спортшылық мансабында екінші Олимпиадаға аяқ басқалы отыр. 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген ол бокспен 2006 жылдан бері шұғылданады. Оны ағасы Асқар Қоңқабаев бокс үйірмесіне жетелеп алып келген еді. Ағасы да кезінде спорттың аталған түрімен айналысқан.
Алғашқы бапкері Сейітжан Төкеновтың әлі күнге дейін шәкіртіне тәлім беріп келеді. қоластында жүріп қаныға бастады. Қазіргі таңда Сейітжан Төкенов – Қамшыбек Қоңқабаевтың жеке бапкері. Аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шебері қазірге дейін Токио Олимпиадасының қола жүлдегер атанса, әлем чемпионатында 2017, 2019 жылдарда екі мәрте күміс медаль иегері болды. Сондай-ақ 2022 жылы Жазғы Азия ойындарының екінші орын алса, Азия чемпионатындатөрт мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.
«Олимпиадаға дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Алматы облысындағы «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында Әзербайжан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Париждегі додада сәтті өнер көрсетіп, арманымызға қол жеткізу үшін дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігімізді шыңдап отыру керек», - дейді боксшы.
Грек-рим күресінен 60 келіде Айдос Сұлтанғали 1996 жылғы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Парижде алғаш рет Олимпиадаға қатысады. Ол лицензияны биыл көктемде Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында болған құрлық турнирде жеңіп алған. Қазіргі жеке бапкері – Ғабиден Райымбек. Айдос 2018, 2022 жылдарда әлем чемпионатының қола жүлдегер болса, 2021 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Сондай-ақ, дзюдодан ел құрамасында Абылайхан Жұбаназар мен Нұрлыхан Шархан ел намысын қорғайды.
Абылайхан Жұбаназар 2000 жылдың 15 ақпанында Қазалы қаласында дүниеге келген. Спорт жолындағы алғашқы қадамын 2013 жылы қазақ күресінен бастады. Ол самбодан Азия чемпионы, дзюдодан Қазақстан жастары арасында екі дүркін жеңімпаз атанған. Халықаралық көптеген жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап қайтты.
Ал Нұрлыхан Шархан 2000 жылы 18 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Дзюдо күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2023 жылы Хангжоу қаласында Азия ойындарының қола жүлдесін алды. Сондай-ақ сол жылы Азия ойындарында және Париж Гранд Слэм турнирінде қола жүлде алды. 2022 жылы Азия чемпионатында үздік үштікті түйіндесе, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болған.
Айта кетсек, бұған дейін 2012 жылы қызылордалық Марина Вольнова (75 келі) әйелдер боксында қола жүлдеге қол созды. 2016 жылы ауыр атлетикадан Александр Зайчиковтің (105 келіден жоғары) күміс жүлдесіне қуана қол соққан едік. Ал 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ облыстан дзюдошы Жанар Жанзұнова, таэквандошы Айнұр Есбергенова, гандболдан ұлттық құрама сапында қызылордалық спортшылардың ел намысын қорғап қайтқанын жерлестері әлі ұмыта қойған жоқ.
Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Сурет: kaz.inform.kz