Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркия Премьер лигасындағы алғашқы қазақ

Түркия Премьер лигасындағы алғашқы қазақ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы жылдары жоғары деңгейде ойын көрсетіп келеді. Ұлттар лигасында өз тобының үздігі атанып, В лигасына көтерілсе, биыл Германия төріндегі ЕУРО-2024-ке іріктеу кезінде төртжылдықтың басты турниріне бір қадам қалды. Бұл – үлкен жетістік. Барша қазақстандықтың есінде қалатын нәтиже. Міне, осы құрамада доп теуіп, әр ойын сайын жанкүйерге керемет эмоция сыйлаған ойыншылардың бірі – Абат Айымбетов. Әсіресе ЕУРО-ның 1/8 финалында алаң иелеріне жол берген, осы турнирдің 1992 жылғы чемпиондары Дания қақпасына жеңісті гол соққан сәті мен Солтүстік Ирландиямен сырт алаңда өткен ойында қарсылас команда қорғаушыларынан қиналмай өтіп, соңғы минуттарда соққан жеңіс голы футболсүйер жандардың есінен ұмытылмақ емес. Міне, осы Абаттың Аралдық екенін сұхбаттарынан естіген болатынбыз. Жақында ұлттық құрама мен Түркия премьер лигасының Адана Демирспор клубында өнер көрсететін жерлесіміздің әкесі Қайрат Сабашұлы Айымбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Қайрат аға, амансыз ба?! Қазірде әрбір қазақ баласы Абатқа еліктеп өсіп келеді, оның спорттағы жолын жақсы таниды. Бірақ Абаттың осы жолға қалай келгенін, қандай сынақтардан өткенін өзіңізден артық ешкім білмейді. Сол жайында айтып өтсеңіз.
– Көп рақмет! Шынында спортқа қызықпайтын ер азамат жоқ шығар. Оның үстіне футбол әлемдегі ең танымал спорт. Абаттың осы спортқа қызығуы да заңдылық.
Менің өзім жас кезімнен доп тептім. Әлі күнге дейін Арал қаласында «Водник» футбол клубы болғанын ересек буындар жақсы біледі. Мен сол «Водник» - 2 жасөспірімдер командасының құрамында болдым. Сол «Водник» - 2 жасөспірімдер командасынан бастау алып, үлкен деңгейде танымал боп көптеген ойыншылар шықты. Олар, Аралда Бақтыбай Ордабаев, Байқоңырда Теміржан Атағұлов, Серік Жанұзақұлы, Марс Сәдуақасов, Алматыда Болат Есмағанбетов және т.б. Осы азаматтар қазіргі таңда елімізде футболдың дамуына көп үлестерін қосып келеді.
Маған да кезінде Қызылорданың "Мелиоратор" клубынан шақырту келген. Бірақ отбаслық жағдайыма байланысты, жоғарғы деңгейде спортты жалғастыруға  бара алмадым. Оның үстіне ауыр жарақат алып, жасыл алаңда өнер көрсетуді қойып кеттім. Бірақ теледидардан үнемі футбол көретінмін. Сол кезден-ақ Абаттың футболға деген қызығушылығын байқадым. Кішкентай кезінен түнімен жанымда отырып, ойын көретін. Мейлі үйде болсын, қонаққа барсын балалармен ойнағаннан көрі доп теуіп кететін.
Бірде Атырауда ұлттық құрама ойыншыларымен кездестім. Сол кезде ол 3-4 жасар бала еді. Қазақ футболының аңыздары Самат Смаков, Әли Әлиев сынды танымал ойыншылармен сәлемдесіп, батасын алған еді. Кейін Ақтөбе қаласына көшіп келіп, баламның қызығушылығын байқағасын футболға алып бардым. 2-3 рет ғана өзім апарып-әкеліп жүрдім. Кейін өзі қатынайтын болды. Салқынға, ыстыққа, жаңбыр, қар демей бір күн дайындықты бос жібермеді.
– Абат сол уақыттың өзінде ерекше көзге түсті деп естіп жатамыз. Ең алғаш футбол әлеміне қадамы жайлы айтып берсеңіз.
– Барлық бала осы жолды армандайды ғой. Бірақ шын мықтыға кедергі болмайтынын ол дәлелдеп шықты. Ай сайын ата-аналарды шақырып, бапкерлері жиналыс жасайды. Сол кезде Абатты ауызынан тастамай мақтайтын. Бірде жұмыстан келсем, Абат жаттығудан көңілсіз келіп, "мен енді футбол ойнамаймын" деді. Себебін сұрадым. Өзі қатарлас балалардың арасында құрамаға іріктеу өтіп, солардың қатарына ілікпей қалыпты. Сол кездегі жастар футболын басқаратын Прихноға қоңырау соғып себебін сұрадым. Сөйтіп ол іріктеу соңғы мүмкіндік екенін естідім. Бірақ барынша жағдай жасайтынын айтты. Қателеспесем 2010 жыл еді. 7 наурыз күні олар хабарласып, бүгіннен қалмай Шымкентке жолға шығу керегін жеткізді. Сол жақта Президент кубогына іріктеу өтеді екен.
Шымкентке бардық, бапкер неміс екен. Барлық ойыншылар іріктеліп қойған. Бірақ қосымша іріктеуге жер-жерден тағы бір топ бала жиналған. Бапкер кірген бойда Абатқа бастан аяқ қарады да, "Балаңызды тастап кетіңіз. Өзімізден хабар болады" деді. Екі күн іріктеу өтті. Үшінші күн дегенде балам телефон соғып "Әке, келіп кетіңізші, мен іріктеуден өттім" деп сүйінші сұрады. Әкеге мұнан асқан бақыт бар ма?! Төбем көкке жеткендей болды. Сол іріктеуден кейін-ақ құраманың негізгі ойыншысы атанып, Түркіменстанмен өткен ойыннан бастап гол соқты. Сол турнирдің үздік бомбардирі атанды. Кейін Каспий кубогына қатысып, бір ойында төрт гол соғып, үздік шабуылшы атанды. Осылайша "Ақтөбе" ФК-ның дубліне ілікті.
– Бала кезден көзге түсіп, кейін футболдан қол үзіп кететіндер жайлы да көп айталады. Оған да белгілі бір себептер болатынын да естіп жатамыз. Абатта ондай кедіргілер болмады ма?
– "Ақтөбе" ФК-ның дублінде ол небары 3 ай ғана ойнады. Кейін ешқандай қиындықсыз негізгі құрамына ауысты. Ол уақытта елімізге белгілі, өзі баптаған клубтармен премьер лига чемпионы атанған Владимир Муканов баптайтын. Бірде дайын кезінде дубль мен негізгі құрам бір-біріне қарсы ойнады. Өзім сол ойынды тамашаладым. Жалпы Абаттың Ақтөбедегі бір де бір ойынын қалт жібермедім. Сол ойында І тайм дубльдің жеңісімен аяқталды. Есеп 1:0. Үзілісте бас бапкер Абатты шақырып алып, сөйлесті де, ІІ таймда негізгі құрамның қатарында ойнады. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Есепті теңестірген де Абат болды. Осылайша негізгі шабуылшы атанып шыға келді.
Премьер лигадағы алғашқы ойынын Атыраумен сырт алаңда өтікізіп, 70 минут жасыл алаңда өнер көрсетті. Оқушы баланың осындай ерлігі жайлы жарыса жазылды. Ал ең алғаш голын қарағандылық Шахтер қақпасына салды. Өзі абдырап қалғаны әлі көз алдымда. Команда капитаны Петр Бадло алғашқы болып құттықтағанда ғана өзінің гол соққанына сенімді болған еді.
Бірақ спорт кедергісіз болмайды ғой. Оны жеңу үшін шыдам мен сабыр керек. Абаттың ең ауыр кезеңі жарақатта жатқан уақыты еді. Тізе жарақаты футболшылар үшін ең ауыры. Сол жарақаттан 8 айдан аса уақыт емделді. Бірақ футболды тастамады. Осы ретте сол уақытта "Ақтөбе" ФК-ның бас директоры болған марқұм Шарипа Бихамбетованың қолдауын ерекше айтып өткім келеді. Ол Абатқа футболшы емес, баласындай қарайтын. Ерекше жақсы көрді. Сол кісінің қолдауымен футболға қайта оралды. Мұнан кейін де талай жарақат алды. Астанамен ойында кебеже сүйегі сынып, әлі күнге дейін темірмен ойнап келеді.
– Абаттың аралдық екенін баршамыз білеміз. Аралдық жастар республикалық турнирлерде бақ сынаған кезде арнайы барып қолдау білдіргенін естіп жүрміз. Алайда оның "Ақтөбенің алтын баласы" деп аталуында себеп бар ма?
– Иә, Абат Аралды ешқашан ұмытқан емес. Жақында демалысқа келген уақытында да жерлестеріміз түрлі жобалармен шақыртып, кездесулер өткізгісі келді. Бірақ уақыт ыңғайға келмей жатады. Ал Ақтөбеде "Алтын бала" атануына чемпиондық маусымдағы өнері себепші болды. Жалпы ФК "Ақтөбе" ел чемпионатын бес мәрте жеңген. Соның соңғысы 2013 жылы еді. Шешуші ойын шымкенттік "Ордабасы" клубымен өтті. Дәл сол ойында Абат жеңіс голын соығып, алтын медаль сыйлады. Сол ойыннан кейін осы атаққа ие болды.
– Әдетте спортты жанына серік еткен жандар аса білімді болмайды деген түсінік бар ғой. Абат мектепте қалай оқыды?
– Абат мектепте өте жақсы оқыды. Үлгірімі өте жоғары, қай жағынан да мектептің мақтанышына айналды. Мектепті бітірген соң Қ.Жұбанов университетінің спорт факультетін үздік аяқтап шықты. Алайда көп уақыты алаңда өтті.
– Табысты, үздік ойыншыларға сұраныс, шақырту көп болады. Абаттың үнемі қастарыңыздан алыста жүргені сіздерге қиындық тудырмайды ма?
– Жоғарыда айттым ғой. "Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы" деген қазақпыз ғой. Бастысы әкесі жетпеген биікті бағындырды. Бүгінде құрамадағы ең белді ойыншы. Алайда ата-ана болғасын уайымдайтын кездеріміз болады. Анасы Айгүл, апасы Мөлдір, қарындасы Айкенже, бәріміздің тілеуіміз сол – Абат. Бірақ өз саласында өсіп, дамып, жетілу үшін оған біздің қолдауымыз маңызды. Абаттың сыртта жүргеніне биыл бес жыл. Алматыда, Астанада доп тепті. Бүгінде Түркияда "Адана Демирспор" сабында жүр. Баламыздың осындай жемісті жолынан асқан бақыт бар ма?! Бір жағынан бұл үлкен мақтаныш. Өйткені Абат Түркия премьер лигасында ойнауға мүмкіндік алған алғашқы қазақ. Бұл тек біздің емес, елдің мақтанышы деп ойлаймын.
– Әрине, елдің абыройын арқалап, көк Туымызды көкте желбіреткен әрбір қандамысызға бәріміз тілекшіміз, солармен мақтанып отырамыз. Осы ретте танымал адамдар жайлы халық арасында түрлі әңгімелер айтылады. Сондай сөздердің арасында көңіліңізге тигені болды ма?
– Оның рас. Түрлі әңгімелерді естіп жатамыз. Кім-кімнің де жақсыға жақын жүргісі келеді ғой. Оған ренжіп, көңілді түсіру орынсыз болар. Десе де Абатты руы жайлы айтылған сөздерді көп естіп жатамын. Шындығында Абат Кіші жүзден тараған Жақайымның Торжынбайы. Бірақ өз басым жүзшілдікке, рушылдыққа қарсымын. Сондықтан Абатты барша қазақтың баласы деп қабылдаса екен деймін.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Біз Абатпен, қазақ футболымен мақтанатын күнге жетейік, аға!
Сұқбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ



17 тамыз 2024 ж. 311 0