Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асық атудан ел чемпионаты шымылдық түрді

Асық атудан ел чемпионаты шымылдық түрді

Бүгін қаладағы №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің (ОРМБЖМ) спорт залында Асық ату спортынан 2004-2007 жылдары туған жастар (ұлдар, қыздар) арасындағы жекелей-командалық және жекелей блиц Қазақстан Республикасы чемпионаты бастау алды.
Аталған сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев:
– Қазіргі уақытта бұл ұлттық ойын мемлекеттің ерекше қолдауына ие болды. Күні бүгінге дейін бұл спорт түрінен елімізде түрлі жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық құрама жасақталды. Ұлттық спортымыздың даму қарқыны мен асық ату спортына деген қызығушылық соның айқын дәлелі болса керек. Осы тұста тағы айта кетерлік жайт, Тәуелсіздік жылдары ішінде ата-бабамыздан қалған дәстүр қайта түлеп, кәсіби спорт дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінде республика бойынша асық атумен тұрақты түрде айналысатын спортшылардың саны 100 мыңға таяды, – деп, спорттың бұл түрінен аудан жетістігін атап өтіп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң Астана қаласында ересектер арасында асық ату және бес асықтан Әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғаған Арал ауданының спортшысы, жерлесіміз №71 орта мектептің қызметкері Айгерім Сыдықоваға ерекше Алғысын білдіріп, қаржылай сый жасады. Айгерім аталған чемпионаттың жекелей сынында және командалық есепте барлық қарсыластарынан басым түсіп, Әлем чемпионы атанған болатын.
Мұнан соң асық ату спортының негізін қалаушы, көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясының вице-президенті, асық атудан ҚР бас жаттықтырушысы, ҚР-ның құрметті спорт қайраткері Жомарт Сабыржанов пен Асық атудан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Жомарт Оразов асық ату спортының тарихы мен ережелеріне тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Асық атудан ҚР бас жаттықтырушысы Ж.Сабыржанұлы Бес асық жарысының бас төрешісі А.Көбеловке «Асық ату спортының қайраткері» төс белгісін және асық атудан Әлем чемпионы А.Сыдықоваға «Алтын сақа» төс белгісін табыстады.
Айта кетейік, чемпионат 4 күнге созылады. Оған еліміздің 13 өңірінен жалпы саны 120-ға жуық жастар (ұлдар, қыздар) қатысуда. Бұл чемпионатта 16 жиынтық медальдар сарапқа салынатын болады. Спортшыларға сәттілік тілейміз!
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
21 қыркүйек 2024 ж. 51 0