Ауған соғысында қаза тапқан жерлестерді еске алуға арналған жекелей біріншілік өтті
Қаладағы "Нұр Әлем" теннис орталығында үстел теннисінен мектеп оқушылары және ересектер арасында Ауған соғысында қаза тапқан жерлестеріміз Аманғос Мұстафаев пен Бекболат Сүлейменовті еске алуға арналған аудандық жекелей біріншілік өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң Ауған соғысының ардагерлері, марқұм болған батырлардың майдандастары сөз сөйлеп, естен кетпес отты естеліктерімен бөлісті.
Тартысқа толы жарыс нәтижесінде ересектер арасында “Арал спорт клубы” КММ-нің жаттықтырушысы Қ.Нұрталап жүлделі І орынға жайғасты. ІІ орынды Н.Ордабаев еншілесе, ІІІ орынды Е.Үмбетқазиев жеңіп алды.
Оқушылар арасындағы сайыс та тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысы бойынша N260 орта мектеп оқушысы М.Байзақ жеңімпаз атанса, ІІ орын Б.Калимағамбетовке бұйырды. ІІІ орынды Н.Ерғазиев еншіледі.
Жарыс жеңімпаздары Арал ауданы әкімдігінің дипломдары, спорт кубогтары, медальдары және демеушілердің қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
"Толқын" ақпарат