Жерлесіміз әлем чемпионы
Бұлай деуімізге негізгі себеп, кеше ғана Албания астанасы Тиранада өткен әлем біріншілігінде жеңіс жалауын желбіретіп, бозкілемде атой салған Нұрқожа Қайпанов - Аралдың тумасы.Алтын медаль еншілеген алтын баламыз 70 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап, финалда жапон балуаны Ешиносуке Аоягиден 5:3 есебімен басым түсті.
Нұрқожа Қайпанов 1998 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 2007 жылы отбасымен Ақтөбеге қоныс аударып, спорттағы алғашқы қадамын сол жақтан бастады. Ал 6 сыныптан соң Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы спорт мектеп-интернатына оқуға түскен.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов ел тарихындағы ең көп жүлде иеленген балуандардың бірі. Ол Азия чемпионатының екі мәрте чемпионы, Азия біріншілігінің және әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Балуан қазір жарыстарда Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап жүр. Қасиетті Арал топырағынан түлеген чемпионның алдағы жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, олимп шыңын бағындыруына тілекшіміз.
"Толқын" ақпарат