Жерлесіміз Әлем чемпионы!
Кеше ғана Албанияның астанасы Тирана қаласында өткен әлем чемпионатында көк байрағымызды желбіретіп, бозкілемде ерлік көрсеткен Нұрқожа Қайпанов туған жері Аралға тағы бір мәрте абырой әкелді.
70 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған біздің алтын баламыз финалда жапон балуаны Ешиносуке Аоягиден 5:3 есебімен басым түсіп, алтын медальді еншіледі. Еліне еңселі жеңіс сыйлаған балуанымыздың бұл жетістігі – тек оның ғана емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы.
Нұрқожа Қайпанов 1998 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 2007 жылы отбасы Ақтөбе қаласына көшіп, спорт жолындағы алғашқы қадамын сол жақтан бастады. Кейін, алтыншы сыныптан соң, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы спорт мектеп-интернатына оқуға қабылданып, кәсіби шыңдалу жолына түсті.
Еліміздегі ең үздік балуандардың бірі ретінде танылған Нұрқожа Қайпанов бүгінде талай биікті бағындырды. Ол – Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы, сондай-ақ Азия біріншілігінің және әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Бүгінгі күні ол еліміздің абыройын асқақтатып, Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғауда. Арал топырағында туып, талай додаларда топ жарған осы бір ер мінезді чемпионның алдағы күндерде жеңіс тұғырынан көрініп, олимп шыңын бағындыруына тілектеспіз!