Бүгін Италияда Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді
Бүгін, 13 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Салтанатты ашылу рәсімі «Qazsport» телеарнасынан сағат 23:30-да тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ телеарна 13-23 қаңтары аралығында өтетін студенттік спорттық жарыстарды көрсету құқығына ие болды.
Дүбірлі додаға әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасында 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
FISU ережесіне сәйкес, оған 17-25 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Ол адам елдің азаматы болуы, жоғары оқу орнында оқып жүрген немесе универсиада басталғанға дейін бір жылдан ерте емес бітірген болуы тиіс.
Қазақстандық студенттер 11 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Ел құрамасы сапында 103 спортшы бар. Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай-ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түседі.
Салтанатты ашылу рәсімінде ел құрамасынан ту ұстап шығатын спортшылар анықталды.
Мұндай құрметке хоккейші Абылайхан Сүлейменов пен фристайл шебері Аяулым Әмренова ие болды.
Абылайхан Сүлейменов – қазақстандық хоккейдің жарқын жұлдызы, «Номад» командасының ойыншысы. Ол бұдан бұрын АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиадада еліміздің хоккей құрамасы сапында үшінші орынды иеленді.
Ал Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар.
Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.
Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Сурет: qaz.ulyssport.kz