Аралға аралас жекпе-жекті әкелген азамат

Талай мәрте байрақты бәсекеде топ жарған спорт саңлақтарының жетістігіне шаттанып, бөркімізді аспанға ата қалың көпшіліктен сүйінші сұрағанымыз есімізде. Ауданда кейіннен қолға алған Мұстафадай оғланның ізін қуған Мәдидей маманның тайквонда іргесін қалай қалағанын, сол іздіктің үлкен еңбекпен даңғыл жолға айналғанын Арал аудандық «Толқын» газеті редакциясындағы тілшілер қосыны айтудайын айтты, жазудайын жазды. Қазақтың қанында бар күрес өнері туралы да қалың көпшілікке кеңінен насихаттап, бозкілемде әбжіл қимылдарымен танылған палуандардың өлшеусіз еңбегін зор мақтанышпен жаздық. Ол енді бөлек әңгіме.
Бүгінгі тақырыпқа арқау етпегіміз, аз уақыттың ішінде Аралдың абыройын әлемге танытқан аралас жекпе-жек жайында болмақ. Фараби Сауытбаев пен жоғарыда атап өткендей қалам таныстырды. Туған жеріне алғаш рет топ жарып, жеңіс жалауын желбіретіп жеткен кезінде жолықтым. Сөзге сараң, іске мығым азаматпен жұмыс барысында қаншама рет сыр суыртпақтадым. Ұлыстың ұлы күні, Әз-Наурыз қарсаңында, ұлттық спорт күні аясында тағы да сөйлесудің сәті түсті. Кейінгі буынды салауатты өмір салтына үндеген азамат жастарды бұрыс емес дұрыс жолға түсуге шақырып, алға қойған мақсат жолында тынымсыз тірлігін жасап келеді. Сұңғақ бойлы, қимылы шалт жігіттің қаншама қарсыласты қоғадай жапырып, татами төрінде жасындай жарқылдағанын ел біледі. Әлемнің қаншама мемлекетіне барып, қазақтың көкбайрағын желбіреткен Фараби 2018 жылдан бері аралас жекпе-жектің мектебін қалыптастырды. Алғашында атынан ат үркетін спорттың бұл атауына құлағымыз үйренбегенімен, кейіннен кәдімгідей-ақ өзіміздің төл спортымыз секілді қызыға бастадық. Себебі, спорттың бұл түрін Аралдың баласы қолға алды. Жанарынан от ұшқындаған жеткіншектер жүзінен мейірім төгілген жаттықтырушысына сенді. Ал ата-аналар қауымы үкілі үміттерінің қажет емес нәрсемен шұғылданғаннан гөрі дені сау азамат болып қалыптасуына себебі орасан спортпен айналысқандарына ерекше қуанышты.
Аудан орталығындағы №262 Ұзақбай Қараманов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі сапалы білімді санаға сіңіріп, аталмыш білім ұясындағы ұстаздардан тағылымы мол тәрбиені көңілге тоқыды. Фараби Сауытбаев Әлем чемпионатында 3 дүркін күллі Алаштың абыройын асқақтатып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Ата-анасы Болат пен Айнаштың сеніміне селкеу түсірмей, болашағына баянды істі бағдаршам еткен ұл қаршадайынан қағылездігімен дараланды. Өзімен тетелес өскен Әліби де спорт саласында өзіндік қолтаңба қалдырып, мықтылығын дәлелдеді. Осындай ағаның салған сара жолын жалғаған Фараби жеті жасында ең бірінші спорт мектебінің табалдырығын аттады. Сол кезде әкесіндей қамқорын соғып, көп нәрсені үйреткен еркін күрес шебері Бауыржан Жүсіптен тәлім алған бала Фараби үлкен ізденіспен, тоқтаусыз жаттығудың арқасында бүгінгідей дәрежеге жетті. Өзі де кешегі қарадомалақтардай болғанын естен шығармай, қамқорлығындағы балалардың қабілет-қарымын бағамдап, ертеңдеріне сеніммен қарады. Сол 200-дің үстіндегі шәкірттер үшін қаладағы Шанхай мөлтек ауданынан спорт мектебін ашуға қарекет қылған чемпион Арал балаларының қатарынан спортсүйер жанкүйерге есімі мәлім Шавкат, Асу Алмабаев, Бекзат Әлімхан, Әліби Ыдырыс, Ардақ Назаров, Арман Оспан, Саламат Исбуллаев сынды жарық жұлдыздар жарқырап шығатынына шүбә келтірмеді.
Түркия, Ташкент, Сербия, Грузия, Қырғызстан мемлекеттерінде қазақтың Әнұранын шырқатқан Арал перзентінің бағындырар биігі де, асар асуы да айқын. Бүгінгі таңда спортшының өзі баптаған шәкірттерінің алды еліміздегі чемпионаттарда топ жарып, Октагонда жебедей атылып, найзадай қадалғанын естіп марқаямыз. Осы бағыттан таймасақ мұндай қайсар мінезді сайыпқырандарымыздың көптеп шығары даусыз. Тек «болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, жас болса да бас болып өрендерімізді өрге сүйреп жүрген спортшымызға қолдауды аямасақ дейміз. Сонда ғана бейбітшілік елшісіне баланған спорттың жағалау жұрты үшін байрағы желбірей берері сөзсіз.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ