Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық додада жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды қабылдады

Республикалық додада жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды қабылдады

Kyzylorda-news.kz Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындары аясында өткен облыстық іріктеу жарыстары мен республикалық додада жоғары нәтиже көрсеткен Жалағаш ауданының спортшыларын қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесуге жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жаттықтырушылар және спорт саласының ардагерлері қатысты. Аудан әкімі жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына алғыс білдіріп, алдағы ойындарға толағай табыс тіледі.
«Мемлекет басшысының, Үкіметтің және аймақ басшының қолдауымен өңір тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлар жасалуда. Өткен жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен «Қазақстан халқына» қоры арқылы салынған Аққыр ауылдық округіндегі спорт кешені ел игілігіне табысталды. Сонымен қатар, орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізіліп, Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы аясында жасанды алаң жаңартылды. Спорт саласына қолдау алдағы уақытта да тұрақты жалғасатын болады. Аудан спортшылары әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Халық ойындарына арналған облыстық іріктеу жарыс қорытындысы бойынша аудан спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бірқатар спортшыларымыз Түркістан қаласында өткен Республикалық Халық ойындарына қатысып, аудан абыройын асқақтатты. Осы орайда, табандылық пен жоғары шеберліктің үлгісін көрсеткен барлық спортшыларға шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Еліміздің Туын асқақтатар, Әнұранымызды халықаралық аренада шырқатар азаматтарымыз көп болсын!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Айта кетейік, 17-21 мамыр күндері Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарына арналған облыстық іріктеу жарыстары өтті. Дүбірлі додада бес асық, асық ату, шахмат, гір спорты, баскетбол, қазақ күресі, шағын футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және қол күресі сынды спорттың 11 түрінен сынға түскен аудан спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте ІІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, бірқатар спортшылар Түркістан қаласында өткен республикалық Халық ойындарына қатысып, аудан намысын абыроймен қорғады. Атап айтқанда, жерлесіміз Берікұлы Әділбек қазақ күресінен жекелей есепте І орын иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Салтанатты жиында аудан әкімі жарыс жүлдегерлері мен жаттықтырушыларды марапаттады. Жиында спорт саласының ардагерлері Мұрат Жаңабергенов пен Жанат Сейтенов сөз сөйлеп, аудан спортының жетістіктеріне тоқталып, жас спортшыларға ақжарма тілектерін жеткізді.
Бүгінде Жалағаш ауданында 14 мыңға жуық тұрғын бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл аудан халқының 39 пайызын құрайды. Сонымен қатар, спорттың әр түрімен шұғылдануға арналған 145 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Аталған бағытта 180-ге жуық спорт маманы еңбек етуде.
19 маусым 2026 ж. 38 0