Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда өңірінде VIII халық ойындарына арналған облыстық іріктеу жарыстары басталды

Қызылорда өңірінде VIII халық ойындарына арналған облыстық іріктеу жарыстары басталды

Бүгін Қызылорда қаласы, Локомотив стадионы алаңында VIII Халық ойындары аясындағы облыстық іріктеу жарыстарының салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды спорттық шараны Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасың басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған дүбірлі додаға облыстың қала және аудандарынан іріктелген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Жарыстың басты мақсаты – халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорттың дамуына серпін беру және ел намысын республикалық деңгейде қорғайтын үздік құраманы жасақтау.

Салтанатты шара барысында спорт саласының ардагерлері Николай Некрасов пен Вилорий Пак сөз сөйлеп, қатысушы спортшыларға жеңіс пен толағай табыс тіледі. Сонымен қатар, Нұрпейісов Ибрагим Әбдіғаппарұлы ақ батасын беріп, жарыстың жоғары деңгейде өтіп, ел абыройын асқақтататын айтулы додаға айналуына ізгі ниетін білдірді.

Іріктеу кезеңінде спортшылар ұлттық әрі олимпиадалық спорт түрлері бойынша сынға түсіп, өз шеберліктерін паш етеді.
Үздік нәтиже көрсеткен сайыскерлер VIII Халық ойындарының республикалық кезеңі финалына жолдама алады. Айтулы додада облыс намысын мыңға жуық спортшы қорғайды деп жоспарлануда.
Биылғы республикалық кезең 11-20 маусым аралығында Түркістан қаласында өтеді. Қатысушылар баскетбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, кіші аяқдоп, асық ату, қол күресі және кір тасын көтеру секілді дәстүрлі әрі ұлттық спорт түрлерінен бақ сынайды.

Бұл жарыс – тек жеңімпаздарды анықтайтын бәсеке ғана емес, ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатып, ел ішіндегі спорт мәдениетін нығайтатын тағылымы мол спорт мерекесі.
Арал аудандық спорт бөлімі 

20 мамыр 2026 ж. 39 0