Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ күресінен республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Қазақ күресінен республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Бүгін халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2005-2007 жылы туылған жастар арасында өтетін дәстүрлі республикалық турнирдің 13-ші мәрте байрағы көтерілді. Боз кілемдегі байрақты бәсекенің ашылуына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев, Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов және қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі.
-Қажымұқан Мұңайтпасұлы барша қазақтың мақтанышы. Оның ерлігі, елдің атын әлемге танытуда сіңірген еңбегі бүгінгі жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Тарихта есімі алтын әріптермен жазылған ұлы тұлғаларды насихаттау арқылы ұлттық құндылығымызды, оның ішінде қазақ күресін одан әрі жандандыратын боламыз. Бүгінгі жарыста осы мақсатта өтіп жатыр. Осы ретте, барша жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, шын мықты жеңіске жетеді деп сенемін, – деді басқарма басшысы.
Еліміздегі бірегей жарыстардың қатарына енген бұл бәсекеден бүгінге дейін темір қанат түлектер түлеп ұшып, Азия мен Әлемді мойындатты. Сайыпқыран спортшылар сенімді жеңісімен қуантуда. Осы турнир арқылы танылған, бұған дейінгі жеңімпаздар Руслан Теміржан жастар арасында әлем чемпионы атанса, Шәріп Серікболсын, Бекзат Шакизаевтар ел чемпионы атағын иемденді. Чемпиондар тізімінің әлі де жалғасатынына сенемін. Бүгінгі жарысқа қатысушыларға шынайы бәсекелестік, спорт алаңында жеңіс пен сәттілік тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Одан әрі қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов да жас балуандардың жоғары деңгейде күресетініне сенім білдіріп, жарыстың салтанатты ашылуымен құттықтады.
Айта кетейік, республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен келген 11 команда, 180 спортшы қатысуда.
Жеңімпаздарға ҚР-ның спорт шеберіне кандидат атағы беріледі. Сондай ақ, қала әкімінің арнайы дипломдары мен медальдары және қаржылай сыйақылары табысталады.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: Сыр спорты
08 ақпан 2025 ж. 64 0